Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2017

Батыс Қазақстан облыстық газеттері ғасырлық тойын атап өтті

1023 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 100 жыл толды. Айтулы мерейтой Орал қаласында республикалық деңгейде аталып өтті.

Батыс Қазақстан облыстық газеттері ғасырлық тойын атап өтті

Батыс Қазақстан облыстық басылымдарының ізашары – «Ұран» газеті Хан Ордасында (қазіргі Бөкей ордасы ауданы) 1917 жылдың 28 шілдесінен шыға бастаған. Ақпан төңкерісінен кейін, патша құлап, Уақытша өкімет орнаған кезеңде бөкейлік қазақ зиялыларының күшімен шыққан «Ұран» газеті Совет өкіметі тұсында «алашордашыл басылым» ретінде мүлдем айтылмады. Мұстафа Ысмағұлов сынды бірен-саран зерттеушілердің еңбегі жарияланбай, архивке жіберілді. «Ұран» газеті туралы айту, оны толыққанды зерттеу тек Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде мүмкін болды.

- Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында «Жайық Пресс» ЖШС ұжымы елеулі еңбек етті. Біз ту қылып ұстап жүрген «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерінің тарихы, басылымды жарыққа шығарушылар дәл осылай жүйелі зерттеліп, толыққанды жинақ болып шыққан жоқ. «Қазақстан», «Ұран» газеттерінің мәтіні, оны шығарушылар туралы деректер кітап болып басылды. Алаш идеясының басты тақырыбы – жер мәселесі болды. Жалпы жаңғыру дегеніміз не? Мен жаһандану заманында рухани жаңғыруды «ұлттық майдан, азаматтық күрес» деп қабылдаймын. Осы ұлттық майданды бұрынғы ордалықтар, қазіргі батысқазақстандықтар ерте бастап кетті. 100 жылдан кейінгі жаңғыру жаңа бастауға ұлассын, - деді облыстық басылымдардың 100 жылдығына байланысты өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзінде «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай.

Бұл жиынға Астана, Алматы, Атырау, Ақтау т.б. өңірлерден ғалымдар, журналистер арнайы келген. Конференцияны БҚО әкімі Алтай Көлгінов жүргізіп отырды. Әңгіменің негізгі түйіні өңірлік басылымдардың бір ғасырлық тарихы болғанымен, баяндамалар бүгінгі күн шындығымен қабат өріліп жатты.

- Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан латын əліпбиіне оралу мəселесі – шын мəнінде өткеннің оралуы, өшкеннің қайта жануы, бір сөзбен айтқанда, рухани жаңғыру. Біздің облыстық газеттер 1930-1940 жылдар аралығында латын əліпбиімен таралды. Яғни, тарихын білетін бүгінгі ұрпақ үшін латын əліпбиі таңсық дүние емеc, - деді конференцияда Алтай Көлгінов. Сөйтіп, 1940 жылғы «Екпінді құрылыс» газетінің латын қарпімен шыққан бір санын көпшілік назарына ұсынып өтті.

Әрине, Қазақстанда ғасыр жасаған басылымдар көп емес. Сондықтан мұндай айтулы шараға Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Алишев, «Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменов арнайы келіпті. Министрлік өкілі өңірлік басылымдар – республикалық ақпараттық саясатты жүргізуші негізгі жауапты буын екендігін, оған қолдау көрсету, дамыту, мамандарды кәсіби жағынан жетілдіру жұмыстары министрліктің басты назарында екенін айтып өтті.

Облыстық басылымдардың 100 жылдығы қарсаңында қос облыстық және 12 аудандық газетті біріктіріп отырған «Жайық Пресс» ЖШС үлкен жұмыс атқарған. Екі облыстық газеттің ғасырлық тігіндісі жинақталып, цифрлық форматқа көшірілген. Елбасының «Цифрлі Қазақстан» жобасымен үндесетін бұл жұмыстар газет тігінділерін дер кезінде түгендеп, ретімен жинауға жол ашты. Батыс Қазақстан өңірінде шыққан газеттердің тарихына арналған www.1911.kz сайты ұйымдастырылған. Бұл сайттан оқырмандар қос газеттің 100 жылдық тарихын көре алады. Сайттың «Тұлғалар» бөлімінде «Қазақстан» газетінің шығарылуына қаржылай жәрдемдескен Зейнел-Ғабиден Тағиевтен бастап Шəңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйриндер және «Орал өңірі» газетінде бүгінге дейін қызмет еткен азаматтар туралы деректер берілген. Сондай-ақ сайтта «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерінде әр жылдары шыққан мақалалар топтастырылған. Сурет галереясы бөлімінде «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде әр жылдары қызмет еткен аға буынның сирек кадрларын көре аласыз. «Бейнеқор» бөлімінде Алаштың «Ұраны» деректі фильмі, «Қазақстан» фильмі орналастырылған.

- 1930 жылдары саяси репрессия кезінде «Қызыл ту», «Екпінді құрылыс» газеттерінде қызмет еткен 16 журналистің атылып кеткені анықталды. Мекеме жанына құрылған Баспасөз тарихын зерттеу орталығының ізденістері нәтижесінде олардың аты-жөні анықталып, ҰҚК, ІІМ архивтерінен қылмыстық істерімен таныстық, ол арыстардың суреттерін, құжаттарын тауып, тұңғыш рет көрмеге қойдық, арнайы тақта ұйымдастырдық, - деді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Ж.Сафуллин өз сөзінде.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің ұйымдастыруымен Хан Ордасы ауылында 1917 жылы «Ұран» басылған тарихи үйдің қабырғасына газеттің тұңғыш редакторы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің суреті бейнеленген ескерткіш тақта орнатылды. 1911 жылы Ордада жарық көріп, кейін баспаханасы Орал қаласына көшірілген «Қазақстан» газетінің баспаханасы орналасқан ғимаратқа да ескерткіш тақта қойылды. Облыс орталығында газет негізін қалаушылар Ғ.Мұсағалиев пен Е.Бұйриннің есімі қос көшеге берілді. Көше бастауларына олардың суреттері мен өмір жолдары қысқаша баяндалған билбордттар орнатылды.

Заман көшінен қалмаған газеттердің дербес сайттары жасақталып, электронды нұсқасын ғаламтордан әлемнің әр бұрышынан оқуға мүмкіндік ашылды. Облыстың барлық аудандарынан келген ақпараттарды zhaikpress.kz сайты қосымша орталық ретінде таратып отырады.

Мекеме тек газет шығарып ғана қоймай, түрлі тарихи бейне бағдарламаларды түсіруді де қолға алды. Бүгінде баспасөз тарихын зерттеу бағытында бірнеше бағдарлама түсірілді.

Сонымен қатар ұлт зиялысы, Батыс Қазақстанда газет ісінің негізін қалаушы тұлға Ғ.Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат жиналған gumar.kz сайты өз жұмысын бастады. Сайтта шайырдың өмір жолы, шығармалары және қызмет еткен еңбек жолдары туралы кеңінен ақпарат берілген.

Реті келгенде айта кетейік, Ғұмар Қараштың қабірі – қанішерлердің қолынан жантүршігерлік азапталып қаза тапқан Құнаншапқан мекені – Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысанының қатарына енді.

Жүз жылдық мерейтой аясында Ғұмар ақынның өлеңдер жинақтарының аудио нұсқасы дискіге жазылды. Ақын шығармаларын оқып қана қоймай, мәнеріне салып оқылған бұл аудио кітап тыңдармандармен жылы қабылданды.

Басылымдардың ғасырлық тойы салтанатты жиынмен қорытыланды. Журналистер Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, Батыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлықтарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ