Саясат • 15 Қыркүйек, 2017

Өзін өзі жетілдірген жетістікке жетеді

1498 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің бағыт-бағдарын айқындап алады. Еуразияның орта тұсында орналасқан Қазақстан да басты мақсаттарын белгілеп алған елдердің бірі екені анық. Айталық, 1997 жылғы алғашқы Жолдауында Қазақстан Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздің 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағыттарын да, қол жеткізілуге тиісті межелерін де көрсетіп берген болатын. Ол кезде арман сияқты көрінгенмен, біздің ел Мемлекет басшысы атап көрсеткен негізгі нәтижелерге 2012 жылдың өзінде-ақ қол жеткізді. 

 

Өзін өзі жетілдірген жетістікке жетеді

Елбасы 2012 жылдың 14 желтоқ­са­нын­да жария еткен «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «2030» Стратегиясында белгіленген не­гізгі міндеттер орындалды, қалғандары орын­далу үстінде. Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030» Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты деп айта аламыз. Бұл – біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміт­те­ріміздің жанды көрінісі. Біз өз жетіс­тік­­теріміз үшін мақтаныш сезіміне бө­ле­неміз», деген еді. Бұл сөз халыққа ру­хани күш береді.

Сол 2012 жылғы Жолдауында Мем­ле­кет басшысы қазақстандықтарды ен­ді жаңа белестерді бағындыруға ша­қыр­ды. Елдің алдағы бағыт-бағдары қан­дай екендігіне тоқталған Президент Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан 2050 жылға қа­рай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс», деген үлкен мақсатты алға тартты.

Кемел келешекті алдын ала болжай білетін сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 елдің қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына енгізе отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті басымдықтарды да белгілеп берді. Әсіресе, елдің күш-қуатын білдіретін экономика саласында түбегейлі өзгерістер жасалатынына тоқталды. ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стан­дарт­тарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс екендігін атап өтті.

Шынымен де, өткен кезең ішінде «алдымен – экономика, cодан соң – саясат» деген қазақстандық даму формуласы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Көп­теген бағдарлама қабылданды. Со­ның нәтижесінде ел экономикасының ек­­піні артып, тұрақтылығы сақталып, да­­му деңгейі қуатты қарқын алды. Бірі­нен соң бірі келген, көптеген елдердің эко­­номикасын шайқалтып жіберген жа­һан­дық дағдарыстарға төтеп бере ал­дық. 

Иә, біз алаңсыз отырған жоқ едік. Ел­ба­сының тапсырма­сы бойын­ша қар­жы дағдарысына қарсы мемлекеттік бағ­­дар­ламалар жедел жасалып, іске асы­рыл­ды. Бірқатар заңға шұғыл түр­де то­лық­тырулар енгізілді. Соның арқа­сын­да күр­делі кезеңдерді еркін еңсере біл­дік. Мұны кезінде халықаралық сарап­шылар да атап өткен еді.

2012 жылғы Жолдауында Елбасымыз: «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақ­са­тымыз – 2050 жылға қарай мықты мем­лекеттің, дамыған экономиканың жә­не жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», деген тұжырымды ойын айтқан болатын. 

Содан бергі уақытта жаһандық бә­с­е­­келестіктің өсуі және әлемдегі тұ­ра­қ­­­­сыздық жағдайында, кездескен ке­дер­гілерге қарамастан, еліміз ал­ға қой­ған мақсаттарына кезең-кезең­мен же­тіп ке­леді. «Нұрлы жол» эко­но­ми­калық саясаты және «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспары жү­зеге асырылуда.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алған соң, ал­ғашқы жаңғыруды жүзеге асырып, бар­лық салада түбегейлі реформалар жа­саған бол­са, екінші жаңғыру «Қазақ­стан-2030» стратегиясының қабыл­да­ну­ымен және жаңа елорда – Астананың са­­лы­нуымен тікелей байланысты болды. Ота­нымыз сол тұста өз болашағын анық­тап алған ел ретінде жаңа даму жолына түс­кен еді. 

Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдау­ын­дағы «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді» деген пайымды ойы әрбір қазақстандықтың көңіліне қонымды болған қанатты сөзге айналды.

Әлемде кезекті – төртінші өнер­кә­сіп­тік революция басталғанын ескерткен Елбасы Қазақстанды үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойды. Елдің жаһандық бә­секеге қабілеттілігін қамтамасыз ете­тін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет екенін алға тартты.

Барлық салада іргелі өзгерістер бол­мақ. Экономика, өнеркәсіп, агр­о­өнер­кә­сіптік кешен, көлік пен логистика, құ­ры­лыс секторы және басқа салалар да әлемдегі бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Адами капиталды дамыту, еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру – үлкен жетістіктерге жетуіміздің басты факторы. Білім және ғылым, денсаулық сақтау са­лаларында да оң өзгерістер жасалмақ.

Елбасы негізгі бағыттар мен алда тұр­ғ­ан міндеттерді айқындап берді. Осы мін­деттерді орындап, мақсатымызға жету үшін барлығымыз бірге жұмыла ең­бек етуіміз қажет. Тек сонда ғана көз­деген мақсат-мұратымызға, асқақ арм­а­ны­мызға қол жеткізуге болады деп ойлаймын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халық бекер айтпайды. Еліміздің стратегиялық жоспарында көрсетілген бағыттардың барлығы біздер үшін және болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқанын Қазақстан халқы жақсы түсініп, бір адамдай қолдап отыр.

Елбасы айтқандай, өз бойымызда және балаларымыздың бойында Жаңа қазақстандық патриотизмді тәр­би­е-
леуіміз керек. Әр ата-ана өз отбасында Қазақ елінің болашағына адал қызмет ететін, ар-намысы биік, парасатты ұрпақ тәрбиелесе, елдің дамуына қосқан нақты үлесі болмақ. 

Әр елдің өзіндік даму жолы болатыны сияқты, өзіндік дәстүрі, ұста­ны­мдары, ұлттық және мемлекеттік құн­ды­лықтары болатыны сөзсіз. Қазақ­стан­ның қалыптасқан дәстүрі бар. Ұлта­ралық келісім, ынтымақ пен бірлік барлық ісіміздің өнімді болуына негіз қалап отыр. Осы елдің азаматымын деген кез келген адам «Қазақстан – туған Отаным!» деп мақтан тұтады, осы мемлекеттің жетістіктеріне қуанады. Әр адам еңбекте болсын, білім мен ғылымда болсын елдің өркендеуіне үлес қосады. Сонымен қатар әртүрлі ғылым мен білімнің жарыстарында, спортта Қазақстанның намысын қорғайды.

Ел азаматы мемлекеттік тілді құрмет­тей­ді. Мысалы, өзім қазақ жерінде туып-өс­тім, жоғары білім алдым. Бүгінгі таңда ел қатарлы еңбек етіп жатқанымды мақ­­тан тұтамын. Мемлекеттік тілде ер­кін сөйлеп, жаза аламын. Бүгінгі таң­да мем­­лекеттік тілді меңгеру үшін бар­лық жағдай жасалған. Өзің туған жә­не тұ­рып жатқан елдің тілін білу бір жа­ғы­нан парызың болса, екіншіден, өзі­ңе көптеген жақсылықтар сыйлай­ты­ны анық. Тіл білген адамның мүм­кін­дік­тері де мол. Әрі өз ортаңда құрметке бө­ленесің. Достарың мен сыйласатын адамдарың көп болады. 

Елбасының барлық бастамалары, берген тапсырмалары толықтай жүзеге асып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақ елінің болашағы – қазақ тілінде» деп айтқаны есімізде. Байқап қарасақ, Қа­зақстанда мемлекеттік тілдің рөлі жыл сайын артып келеді. Әлемге танылуы да жаңа деңгейге көтерілді. Таяу келешекте қазақ тілінің қажеттілігі одан сайын ұлғая түсетіні анық. Сондықтан өзін осы елдің патриоты санайтын әр­бір қазақстандықтың мемлекеттік тіл­­ді білгені жөн. Өйткені, Елбасы атап көр­­сеткендей, ел дамуынан қалмаған, өзін-өзі жетілдіріп отыратын адам ғана жетістікке жетеді.

Татьяна ЕРЕМЕНКО, 
«Қазақстан Республикасының Заңнама институты»
 мемлекеттік мекемесі 
лингвистика орталығының
ғылыми қызметкері