Елбасы 2012 жылдың 14 желтоқсанында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «2030» Стратегиясында белгіленген негізгі міндеттер орындалды, қалғандары орындалу үстінде. Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030» Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты деп айта аламыз. Бұл – біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі. Біз өз жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленеміз», деген еді. Бұл сөз халыққа рухани күш береді.
Сол 2012 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы қазақстандықтарды енді жаңа белестерді бағындыруға шақырды. Елдің алдағы бағыт-бағдары қандай екендігіне тоқталған Президент Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс», деген үлкен мақсатты алға тартты.
Кемел келешекті алдын ала болжай білетін сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 елдің қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына енгізе отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті басымдықтарды да белгілеп берді. Әсіресе, елдің күш-қуатын білдіретін экономика саласында түбегейлі өзгерістер жасалатынына тоқталды. ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс екендігін атап өтті.
Шынымен де, өткен кезең ішінде «алдымен – экономика, cодан соң – саясат» деген қазақстандық даму формуласы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Көптеген бағдарлама қабылданды. Соның нәтижесінде ел экономикасының екпіні артып, тұрақтылығы сақталып, даму деңгейі қуатты қарқын алды. Бірінен соң бірі келген, көптеген елдердің экономикасын шайқалтып жіберген жаһандық дағдарыстарға төтеп бере алдық.
Иә, біз алаңсыз отырған жоқ едік. Елбасының тапсырмасы бойынша қаржы дағдарысына қарсы мемлекеттік бағдарламалар жедел жасалып, іске асырылды. Бірқатар заңға шұғыл түрде толықтырулар енгізілді. Соның арқасында күрделі кезеңдерді еркін еңсере білдік. Мұны кезінде халықаралық сарапшылар да атап өткен еді.
2012 жылғы Жолдауында Елбасымыз: «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», деген тұжырымды ойын айтқан болатын.
Содан бергі уақытта жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайында, кездескен кедергілерге қарамастан, еліміз алға қойған мақсаттарына кезең-кезеңмен жетіп келеді. «Нұрлы жол» экономикалық саясаты және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылуда.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алған соң, алғашқы жаңғыруды жүзеге асырып, барлық салада түбегейлі реформалар жасаған болса, екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынуымен тікелей байланысты болды. Отанымыз сол тұста өз болашағын анықтап алған ел ретінде жаңа даму жолына түскен еді.
Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді» деген пайымды ойы әрбір қазақстандықтың көңіліне қонымды болған қанатты сөзге айналды.
Әлемде кезекті – төртінші өнеркәсіптік революция басталғанын ескерткен Елбасы Қазақстанды үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойды. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет екенін алға тартты.
Барлық салада іргелі өзгерістер болмақ. Экономика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар да әлемдегі бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Адами капиталды дамыту, еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру – үлкен жетістіктерге жетуіміздің басты факторы. Білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларында да оң өзгерістер жасалмақ.
Елбасы негізгі бағыттар мен алда тұрған міндеттерді айқындап берді. Осы міндеттерді орындап, мақсатымызға жету үшін барлығымыз бірге жұмыла еңбек етуіміз қажет. Тек сонда ғана көздеген мақсат-мұратымызға, асқақ арманымызға қол жеткізуге болады деп ойлаймын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халық бекер айтпайды. Еліміздің стратегиялық жоспарында көрсетілген бағыттардың барлығы біздер үшін және болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқанын Қазақстан халқы жақсы түсініп, бір адамдай қолдап отыр.
Елбасы айтқандай, өз бойымызда және балаларымыздың бойында Жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбие-
леуіміз керек. Әр ата-ана өз отбасында Қазақ елінің болашағына адал қызмет ететін, ар-намысы биік, парасатты ұрпақ тәрбиелесе, елдің дамуына қосқан нақты үлесі болмақ.
Әр елдің өзіндік даму жолы болатыны сияқты, өзіндік дәстүрі, ұстанымдары, ұлттық және мемлекеттік құндылықтары болатыны сөзсіз. Қазақстанның қалыптасқан дәстүрі бар. Ұлтаралық келісім, ынтымақ пен бірлік барлық ісіміздің өнімді болуына негіз қалап отыр. Осы елдің азаматымын деген кез келген адам «Қазақстан – туған Отаным!» деп мақтан тұтады, осы мемлекеттің жетістіктеріне қуанады. Әр адам еңбекте болсын, білім мен ғылымда болсын елдің өркендеуіне үлес қосады. Сонымен қатар әртүрлі ғылым мен білімнің жарыстарында, спортта Қазақстанның намысын қорғайды.
Ел азаматы мемлекеттік тілді құрметтейді. Мысалы, өзім қазақ жерінде туып-өстім, жоғары білім алдым. Бүгінгі таңда ел қатарлы еңбек етіп жатқанымды мақтан тұтамын. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, жаза аламын. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді меңгеру үшін барлық жағдай жасалған. Өзің туған және тұрып жатқан елдің тілін білу бір жағынан парызың болса, екіншіден, өзіңе көптеген жақсылықтар сыйлайтыны анық. Тіл білген адамның мүмкіндіктері де мол. Әрі өз ортаңда құрметке бөленесің. Достарың мен сыйласатын адамдарың көп болады.
Елбасының барлық бастамалары, берген тапсырмалары толықтай жүзеге асып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақ елінің болашағы – қазақ тілінде» деп айтқаны есімізде. Байқап қарасақ, Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі жыл сайын артып келеді. Әлемге танылуы да жаңа деңгейге көтерілді. Таяу келешекте қазақ тілінің қажеттілігі одан сайын ұлғая түсетіні анық. Сондықтан өзін осы елдің патриоты санайтын әрбір қазақстандықтың мемлекеттік тілді білгені жөн. Өйткені, Елбасы атап көрсеткендей, ел дамуынан қалмаған, өзін-өзі жетілдіріп отыратын адам ғана жетістікке жетеді.
Татьяна ЕРЕМЕНКО,
«Қазақстан Республикасының Заңнама институты»
мемлекеттік мекемесі
лингвистика орталығының
ғылыми қызметкері