Режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда 5-11 қыркүйек аралығында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды.
Осылайша 15 қыркүйектен бастап елімізде прокатқа шығатын картинаның жолы болып тұр. Халықаралық киносыншылардан биік бағасын алып, көрермендерін тапты.
Аталмыш картина ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында сұрқия саясаттың салдарынан әлемнің әр шалғайына тарыдай шашырағын қандастарымыздың қасіреті мен тауқыметін, сағынышы мен аталар аманатын арқалайды.
– Толықметражды картиналарда сомдаған рөлдерім ішіндегі бұл менің алғашқы жеңісім, өте қуаныштымын. Бұл тек менің ғана табысым емес, режиссер Сәбит Құрманбековтың, оператор Марс Умаровтың, қоюшы суретші, композитордың, сонымен қатар барлық түсіру тобының еңбегі. Олардың барлығына алғысымды білдіре отырып, осы жеңіспен құттықтаймын, – деді актер Дулыға Ақмолда.
Орайы келіп тұрғанда, фестивальдың «Үздік фильм» жүлдесін түрік режиссері Мұстафа Қараның «Каландра ызғары» фильмі, ал «Үздік режиссер» жүлдесін үнді режиссері Мангеш Джоши («Джоши жонушы» фильмі үшін) иеленгенін айта кетелік. Сонымен қатар Ресейдің екі картинасы – «Амун» фильмі «Үздік сценарий» жүлдесімен марапатталса, «Софичка» фильмінің операторы Айрат Ямилов үздік оператор атанды. Ал «Үздік әйел адам рөлі» жүлдесі «Әйел күні» фильмінің үш актрисасына бұйырды.
Аталмыш халықаралық мұсылмандар киносы фестивалі – 2005 жылдан бері Татарстанда өткізіліп келе жатқан Ресейдегі ірі кинофестивальдардың бірі.
Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл кинофорумның мақсаты – мұсылман елдердің фильмдерін үлкен экранға шығарып, діни ғана емес, адами құндылықтарды да дәріптеу, ұлтаралық диалог қалыптастыру болып табылады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ