Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2017

Кейкі батырдың кесенесі бой көтеріп, сүйегі жерленді

1762 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды дегенді осындайда айтатын шығар, бәлкім. Бүгін, күндердің ұлығы, қасиетті жұмаға орай Қостанай облысы, Амангелді ауданында қазақ тарихында аңызға бергісіз батырлық іс, өшпес із қалдырған әйгілі батыр Кейкі Көкембайұлының кесенесі бой көтеріп, сүйегін жерлеу рәсімі өтті.

Кейкі батырдың кесенесі бой көтеріп, сүйегі жерленді

Өткенімізді тауып, тұлғалардың тағдыр жолынан тағылым алар тарихи оқиғаға алыс-жуықтан ат арытып келген ел азаматтары аз болмады. Сүйекті жер қойнына тапсыру рəсіміне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіқалықова, Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Барани Андраш, ҚР Парламенті депутаты Қуаныш Сұлтанов, жазушы Сəбит Досанов, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев және өзге де ақын-жазушы, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шараның ашылуында сөз алған Қостанай облысының əкімі Архимед Мұхамбетов: « Міне, үкіметтің келісімімен батыр сүйегін салтанатты түрде жерлеу рәсімін ұйымдастырып отырмыз. Кейкі батырдың тарихтағы орны ерекше. Жаңа мемориалдық кешеннің құрылысы бойынша барлық жұмыстар белгіленген уақытта аяқталды. Мынадай сəулетті кесене бабаларымыз басып өткен ізден дерек беріп, жастарымыздың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймыз», - деді.

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіқалықова ұлтының азаттығы жолында аянбай күрескен тау тұлғаның бұралаң тарихы қазақтың да туқыметті тарихы екенін, бұл кесене өскелең ұрпаққа тарих ізі істептті үлгі-өнеге, елдік мүдде жолында өмірін қиған бабамызға құрмет екендігін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, Сəбит Досанов бастаған қаламгерлер сөз алып, өткенді еске алмай келешек жоқтығын, ұлтына еңбегі сіңген қаһарман перзенттердің қашанда жоқтаусыз қалмайтынын айтты.

Батыр ұрпақтары атынан Серік Ақылбай сөз сөйлеп, ғасыр бойы сырт елде жатқан батыр сүйегін елге əкелуге себепші болған Елбасына ерекше алғысын айтты.

Жиын соңында жиналған жұрт баба рухына бағышталып оқылған дұғаға қол жайды.

Естеріңізгде болса, батыр бабамыздың бас сүйегі былтыр елге оралған болатын.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

"Егемен Қазақстан"