Фото: Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»
Іс-шараны Жапонияның елшілігі мен Жапония қоры бірлесе отырып ұйымдастырды. Негізгі мақсат – Күншығыс халқының мәдениетін дәріптеу. Көрменің ашылуында алғысөзді Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата алды.
– Бұл жылжымалы көрме алғаш рет 2003 жылы бастау алған. Содан он жыл ішінде, яғни 2013 жылға дейін әлемнің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып келді. Әрбір елдің халқы ерекше қызығушылықтарын білдіріп, жылы-жылы лебіздерін білдіріп жатты. Арада бір жыл үзілістен кейін 2014 жылы қайта қолға алдық. Сол жылы Америкадан бастап, Азия елдерін араладық. Міне, енді жолымыз Қазақстанға да түсті, – деді Итиро Кавабата.
Сонымен қатар, ол ЭКСПО көрмесі жайлы айта кетуді ұмытпады. Жаһандық көрмеде Жапония павильонын көптеген қазақстандықтардың аралағанын айтты. Осындай халықаралық іс-шаралардың арқасында Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасы бұрынғысынан да нығая түсетінін мәлімдеді. Бұдан бөлек, ол қос мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына да ширек ғасыр толғанын еске салып өтті.
Көрменің ашылуында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Марал Балтышев жапон елінің дамыған мемлекеттердің бірі екенін айта келіп, мәдениетіне де қысқаша тоқталып өтті.
Көрмеге келген әрбір жан күнделікті өмірде қолданатын тұрмыстық заттарды, сондай-ақ интерьер бұйымдарды көре алады. Қызығы сол, экспонаттардың 90-ға жуығы 2010 жылдан кейін жасалса, тағы 11 зат халықтың соғыстан кейін тұтынған бұйымдары.
Көрмеге келген әрбір адам фотоаппарат, планшет секілді құрылғылардың бірнеше түрін көре алады.
Бұдан бөлек, кәсіби шабандоздар мен бүлдіршіндерге арналған велосипед те бар.
Су өткізбейтін маталар, бірнеше қалтасы бар күртеше, балалардың санасын жетілдіруге арналған ерекше кубиктер де бұл көрмеден қалыс қалмады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»