Әлем • 15 Қыркүйек, 2017

НАСА Сатурнды 13 жыл зерттеген Кассинимен қоштасты

2036 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сатурн мен оның серіктерін зерттеген Кассини аппараты үлкен дауылдарды, метан көлдерін және жасырын мұхиттарды анықтауымен ерекше есте қалмақ.

НАСА Сатурнды 13 жыл зерттеген Кассинимен қоштасты

2017 жылғы 15 қыркүекте НАСА ғалымдары өздерінің Кассини ғарыш аппаратымен қоштасты. Ол соңғы 13 жыл бойы Сатурн жүйесін орбитада егжей-тегжейлі зерттеген аппарат. 1997 жылы ғарышқа шығарылған Кассини 20 жылдан астам уақыт бойы екі маңызды миссияны орындаған.

Ғарыш аппараты өткен демалыста Сатурнның атмосферасына кіріп, бөліктерге бөлініп, жұмысын тоқтатты. Бұл көп жылдан бері жобада жұмыс істеген ғалымдар үшін қайғылы оқиға болса да, Кассинидің артынан қалған ғылыми зерттеулердің үлкен мұрасы ғарыш аппаратының жұмысы толықтай орындалғанының айғағы.

Кассини ашқан жаңалықтардың ауқымы сонша, ғалымдар болашақта планетарлық жүйені кері қарастыруымыз керек деген ойға келді.

Энцеладта мұхит бар және ол өмір сүруге қолайлы болуы мүмкін


(Энцелад. Сурет Кассини арқылы түсірілді)

2005 жылы Кассиниден келген бір ақпарат Сатурнның серігі Энцелад туралы адамзаттың түсінігін толықтай өзгертті. Сатурнның мұзды серігін айналып ұшу барысында Кассинидің магнит өлшейтін құрылғысы Энцеладтың оңтүстік полюсінде ерекше толқындарды тіркеді. Магнит өрісі серіктен газдар шығып жатқандай көрінді.

Осыдан кейін ғалымдар Кассиниді ғаламшар серігіне жоспардан тыс екі рет қосымша ұшырып, оңтүстік полюстің суреттерін түсірді. Зерттеу серік қабығының астынан су буларының ағындары шығып жатқанын растады. Соның салдарынан НАСА агенттігі Энцеладқа ұшулар санын көбейтті. Бақылаулар нәтижесінде серік қабығының астынан ащы мұхит суы табылған.

Ғалымдардың пайымдауынша, бұл мұхитта өмір сүру үшін қажет элементтер болуы мүмкін. Жақында ғана Кассини ғарыш аппараты Энцелад түтіктерінде сутегінің бар екенін анықтады. Бұл жаңалық серіктің мұхит қабатында «ыстық ошақтар» болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл ошақтар Жерде де кездеседі және оны гидротермалды вентиляциялық тесіктер деп атайды. Ғалымдар осы ошақтардың тірі ағзаларға тіршілік көзін беруі мүмкін деп топшылайды. 

Кассинидің арқасында NASA адамзаттың өмір сүруге болатын әлем түрлері туралы көзқарасын кеңейтті. Энцелад Күннен шалғай орналасқандығына қарамастан, мұзды денелердің қыртыстары астында сұйық су мұхиттарының болуы мүмкін екенін көрсетті.

Титанның құпиясын ашу

Сатурнның серіктерінің бірі саналатын Титан Кассинидің Сатурнға бағытталуының негізгі себептерінің бірі еді. НАСА-ның 1980 жылдардың басында Сатурнның жанынан ұшып өткен Вояджер ғарыш аппараты Титанның атмосферасы азотқа толы екенін көрсетті. Осыдан ғалымдардың азот бұлттарының астында не бар екенін білуге деген қызығушылығы артты.

Осылайша, Кассинимен өзімен бірге Еуропалық ғарыш агенттігі әзірлеген Гюйгенс қону аппаратын алып ұшты. 2004 жылдың 25 желтоқсанында Гюйгенс Кассиниден бөлініп Титанға бағыт алды. Араға 20 күн салып, 2005 жылдың 14 қаңтарында Гюйгенс Титан бетіне қонып, Күн жүйесінің шеткі аумағындағы ғаламшарға қонған алғашқы ғарыш аппараты атанды. Титан бетінде өткізген 2,5 сағат ішінде Гюйгенс Титан атмосферасының құрамын өлшеп, ғалымдарға толыққанды ақпарат жіберді. Мұндағы ғалымдар сол ақпараттың негізінде Титан бетінде құрғап қалған өзен арнасы мен көлдерді анықтайды. 

(Титан бетіндегі метан көлдері)

Кассини Титанның бұдан да басқа құпияларын ашты. Ғарыш аппаратының радиолокациялық құралы Титан бетінде сұйық метан мен этан көлдері бар екенін көрсетті. Бұл жаңалық Титанды өзге ғарыш денелерінен ерекше етті. Себебі бұған дейін Жерден басқа ғарыш объектілерінде сұйықтық байқалмаған болатын. Ғалымдар Титанда тіршіліктің болуы мүмкін екендігін және ондағы сұйық метанның Жердегі судың қызметін атқаруы мүмкін екендігін болжап отыр.

Сатурнның серігі климаттық циклі де біздікіне ұқсап, нөсер болып жауатын метан бұлттарын түзетін болып шықты. Сондай-ақ, Титан бетінен табылған көптеген химиялық қоспалар Жерде де кездесетіні белгілі болды. Ғалымдар тіпті Титанды Жердің бастапқы кездегі формасына ұқсатып, ондағы тұмандарды біздікімен салыстырды. Мысалы, НАСА ғалымы Скотт Эджингтон «Титанның тұманы Лос-Анджелесті жауып тұрған тұмша секілді», деп бағалаған болатын.

Сатурн сақиналары және жойқын дауыл

Кассини ғалымдарға Сатурнның таңқаларлық ерекшеліктері туралы толық ақпарат берді. Cатурнға жете сала Кассини ғаламшардың ұзындығы 280 000 шақырым, қалыңдығы 10 мен 1 000 метр шамасын құрайтын сақинасын картаға түсіре бастады. Ғарыш аппараты сақинаның көлемін, құрамын және пайда болу негіздерін бірнеше жыл бойы зерттеді. Мысалы, Энцеладтағы мұз бөлшектері сақинаның сыртқы қабатындағы материялардың көп бөлігін түзіп отыр. Сонымен қатар, Кассини планетаның сақинасы толықтай тегіс емес, кей жерлерде бөлшектер бірігіп, жартасты таулар сияқты шоғырланғандығын көрсетті.

(Сол жақта - Кассини түсірген сурет, оң жақта - Вояджер түсірген сурет)

Сатурнның 60-тан астам табиғи серіктері бар және олардың алтауын Кассини анықтады. Ол сондай-ақ, Сатурнның сақиналары арқылы қозғалатын ықтимал сақиналарды да көрсетті.

Кассини өзінің соңғы күндерінде де Сатурн туралы толық ақпарат жинауды жалғастырды. Ол Титан, Энцелад және Сатурнның сақиналарын соңғы рет суретке түсіріп, кешке Жерге жіберді. Ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғарыш аппараты 2017 жылғы 15 қыркүйекте істен шығарылды.

Айгүл ШЕРНИЯЗ,

«Егемен Қазақстан»