Бағдарламалар • 15 Қыркүйек, 2017

Астанада өтіп жатқан Сирия келіссөздерінің 6 кезеңі аяқталды

38 реткөрсетілді

Алқалы жиын соңында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов келіссөздерді қорытындылап, Сирияға қатысты ортақ шешімді мәлімдеді.

Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, жиында әңгіме соғысты тоқтату мен әскери-гуманитарлық көмек көрсету төңірегінде өрбіген. Министр Астана келіссөздерінің нәтижесінде Сириядағы жағдай жақсы жаққа өзгеріп, дағдарысты саяси келіссөздер арқылы шешудің көкжиегі кеңейе түскеніне тоқталды.

«Қазақстан Президентінің үздіксіз қолдауымен жүзеге асып келе жатқан Сирия мәселесі бойынша Астана процессі өз мәресіне жетті. Жиынға қатысушылар Астана платформасы аясында осыған дейін келісілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылап, Сириядағы жағдайды реттеу бойынша өзара іс-қимыл жолдарын таныстырды», – деді Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов.

Министр Сириядағы шиеленістің қайта өршуі ешқандай тарапқа пайда әкелмейтінін айтты. Сондықтан, елдегі жағдайды тұрақтандыруға әсері бар елдердің саяси келіссөздер жүргізуін маңызды деп есептейтінін жеткізді Қ.Әбдірахманов.

«Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған барлық бейбіт бастамаларды қолдай отырып, келіссөздерге өз алаңын ұсынуын жалғастыра береді. Елде қақтығыс бастала сала, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев әлем елдерін Сириядағы шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырған болатын. Қаңтарда басталған Астана келіссөздерінің табысты болатынына сенбегендер табылды. Алайда, осында жиналғандардың жігерінің арқасында елдегі жағдайды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік туып отыр», – деп пікірімен бөлісті Қ.Әбдірахманов.

Сонымен қатар, Сыртқы істер министрі Астанадағы келіссөздердің арқасында бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта орнатуда маңызды нәтижелерге қол жеткенін және Сирияда деэскалация аймақтарын құруға мүмкіндік туғанын хабарлады. Қ.Әбдірахмановтың пікірінше, бұл – Астана келіссөздерінің маңызды шешімдерінің бірі.

Қ.Әбдірахманов жиында Иран, Ресей және Түркия тарапының қол жеткізген ортақ мәлімдемемен таныстырды. Онда аталған үш елдің Сирия араб республикасының бірлігі мен территориялық тұтастығын, егемендігі мен тәуелсіздігін сақтай отырып, кепіл-мемлекеттер ретінде бірқатар елдегі зорлық-зомбылықты азайтып, оқ атуды тоқтатуға қолдайтыны айтылған.

Үш елдің мәлімдемесінде бірқатар мәселелер қаралған. 2017 жылғы 4 мамырда келісілген Меморандумға сәйкес, 4 деэскалация аймағын құру жөнінде жарияланған. Атап айтар болсақ, шығыс Гута, Хомс өлкесінің солтүстігінде, Идлиб және көрші аудандарда, Сирияның оңтүстігінде тұрақтандыру аймағы құрылмақ. Әйтсе де, мұндай деэскалация аймақтары уақытша 6 айлық мерзімге жасалады және оны ұзарту кепіл-мемлекеттердің құзіретіне кіреді. Мұндай аймақтардың Сирияның бірлігі мен тұтастығына нұқсан келтірмейтіні айтылған мәлімдемеде.

Сириядағы шиеленісте бірнеше қарулы топтың қақтығысып жатқаны мәлім. Солардың кейбірі террористік ұйым ретінде танылған. Келесісі мемлекеттің негізгі күші саналады. Осыған орай, кепіл-мемлекеттер мәлімдемесінде Сирия араб республикасы билігі және Қарулы оппозиция күштерімен қақтығысудың алдын алу мақсатында Идлиб провинциясы мен көрші аудандардағы әскери күштерді қайта орналастыру қарастырылған. Ал ИЛИМ, «Джабхат ән-Нусри» секілді «Әл-Каидамен» қатысы бар террористік топтармен күрес жалғаса береді. Сонымен бірге, деэскалация аймақтарындағы жағдайды бақылау мақсатында Иран-Ресей-Түркия бірлескен басқару орталығын құру жоспарланып отыр.

«Астана келіссөзін бақылаушылар және мүдделі халықаралық қоғам мүшелерін Сириядағы деэскалация мен тұрақтандыру әрекетіне қолдауға, Сирия тұрғындарына қосымша көмек жіберуге, тарихи құндылықтарды қорғап, әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылым секілді өмірге қажетті объектілерді қайта қалпына келтіруге шақырамыз», – деп оқып берді Қ.Әбдірахманов.

Астана келіссөздерін жиынға қатысушылар жоғары бағалады. Үш ел келіскен мәлімдемеде Елбасы Н.Назарбаевтың Сирия келіссөздерінің 6-шы кезеңін өткізуге қосқан үлесіне ырзашылығын білдірді. Дамаск делегациясының мүшесі Башар әл-Джаафари Астана келіссөздерінің тиімділігі мол екенін сөз етті. Оның пайымдауынша, Қазақстан астанасындағы процесстің пайдасы мол болғандықтан, бірқатар мемлекеттер қызығушылық танытып отырған көрінеді. Өз кезегінде Сирия оппозициясы делегациясының өкілі Айман әл-Әсими көзделген мақсаттарының біріне қол жеткізгенін айтады.

«Осы кезеңде 3 миллион тұрғыны бар Идлибте деэскалация аймағын құру жөнінде келісім жасалды. Бұл – бүгінгі басты мақсат болатын. Мұндай оңтайлы қадамдар Женевада саяси шешімдерге өз әсерін тигізеді. Сирия билігі тұтқынға түскендерді босатуды мүмкіндігінше кейінге қалдыруды көздеп отыр. Алайда Қазақстан мен Ресей тарапы бұл мәселеде көмек қолын созатынына уәде берді», – деді оппозиционерлер өкілі Айман әл-Әсими.

Сириядағы шиеленісті шешу барысында аталған елде ешкімге бас бермей асаулық танытқан серкелердің басын бір ортаға жинап, оң нәтижеге қол жеткізу оңайға соққан жоқ. Сирияда әлі де шешілмеген мәселелер жетерлік. Осыған сәйкес, келіссөздерге қатысушылар келесі бас қосудың биылғы қазанда өтетінін хабарлады.

Абай Асанкелдіұлы,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар