Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2017

Арқалықта Кейкі батырдың құрметіне айтыс өтіп жатыр

566 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арқалықта Кейкі бабамыздың есімін ұлықтауға арналған «Бас кеспек болса да» деген тақырыппен айтыс басталды. 

Арқалықта Кейкі батырдың құрметіне айтыс өтіп жатыр

Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев айтыстың басталуымен  жұртшылықты құттықтап, Кейкінің өнерлі ұрпақтарына сәттілік тіледі.   Айтысқа  алты жұп  жас ақындар қатысуда. Қазір екі  жұп айтысты.  

Тоба Өтепбаев пен Әсем Еережеқызы, Дидар Қамиев пен Маржан Есжанова көрерменнің көңілінен шығатындай, тамаша өнер көрсетті. Екі жұп та қазылардан жоғары баға алды. 

Арқалық қаласындағы жастар театрында өтіп жатқан республикалық айтыс көрерменнің де, ақындардың да делбесін қоздырып, қыза түсті. Қазір  сахнада айтыста танылып қалған  ақындар қостанайлық Салтанат Өтелбаева мен алматылық Қазірет Бердіхан тамаша айтыс үлгісін көрсетіп жатыр. Екі ақын қазақтың жарасымды әзіл-қалжыңын айтып, көрерменді ду-ду күлкіге көмді.

Айтпақшы, ақындар айтысына Қазақстанның халық ақындары Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбіл, жазушы Ғұмар Ахметчин, ақын Абылай Мауданов қазылық етуде.

Айтысты  Жүрсін Ерман жүргізіп отыр.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»