27 Қаңтар, 2010

“БАТЫС ЕУРОПА — БАТЫС ҚЫТАЙ” ЖОЛЫ

2766 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Дайындық барысы қандай? “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы  еліміздегі және әлемдік ауқымдағы ірі жобалардың бірі болып саналады. Оның құны 825 миллиард теңге деп бағаланып отыр. Керуен жолының Қазақстан бойынша жалпы ұзындығы 5126 шақырым­ды алып жатыр. Ал Жамбыл об­лы­сы бойынша 495,3 шақы­рым­ды құрап, Жуалы, Жамбыл, Бай­зақ, Тұрар Рысқұлов, Меркі, Шу және Қордай аудандарының аймақтарын басып өтеді. Сон­дық­тан жол құрылысында Күйік, Шақпақ, Қордай сияқты асулар­ды және Тараз қаласы мен Шақ­пақ ата, Бауыржан Момышұлы, Айша бибі, Құлан, Меркі, Қор­дай елді мекендерін айналып өтетін жол айрықтары ескерілген. Болашақта төрт жолақты даңғыл жолмен сапарға шығатын авто­кө­лік иелері жылдамдықтарын са­ғатына 120 шақырымға дейін арт­­тыра алады. Ауа райы құбыл­малы өңірдегі бұл жолды күрделі жөндеусіз 25 жыл пайдалануға болады екен. Өйткені жаңа жол Астана-Бу­ра­бай даң­ғы­лы үлгі­сіндегі не­міс технологиясымен жасалын­бақ­шы. Жобаны жүзеге асыруға жер­гілікті және шетел компаниялары мен мамандары жұмылдырылған. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің жобасын қайта жасау учаскелерінің Жамбыл облысы арқылы өтетін құрылыс жұмыс­тары­ның қажетті келісімдері жер­гілікті атқару органдарының ма­құл­дауынан өтті. Атап айтқанда, жол­дың жоспары, жаңадан жаса­ла­тын ірі құрылыстар, ауыл шаруашылы­ғы техни­ка­ларын өт­кізіп, мал айдайтын жолдар, жаяу жүргін­шілер өтетін өткелдер салу алдын-ала келісімге ие болды. Сондай-ақ экологиялық, санитарлық-эпиде­мио­логиялық, археологиялық және мемлекеттік сараптамалар өткізілді. Яғни, жобаның құрамындағы бар­лық жұмыстар аймақтың экология­сына залалсыздығы туралы барлық өкілетті органдардың сүзгісінен шықты. Жолдың елді мекендер арқылы өтетін жерінде көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіп­сіз­дігін сақтауға айрықша назар аударылып отыр. Үлкен көпір­лерді, жол айрықтарын және арнайы жолдарды, елді мекен­дерді және олар­ға кіреберістерді түн кезінде жарықтандыру жұмыстары да қарастырылған. Штаб отырысына қатысушы­лар автожол құрылысын салуға жер­гілікті жердегі құрылыс материал­дарын тарту қажеттілігін атап өтті. Ол үшін үлкен көлемде шағыл, цемент, асфальт-битум және темір-бетон бұйымдары қажет. Облыста осы мақсатқа пайдалануға болатын 25 тас, 35 қиыршық-құм және ша­ғыл кені бар. Сонымен бірге 15 ас­фальт-бетон зауыттары және ұнтақ­тау-іріктеу құрылғылары жұмыс істеуде. Жол белгілеріне тапсы­рыс беру үшін “Құрылыс конс­трук­ция­лары зауыты” ЖШС, “Имсталь­кон” АҚ-тың ЖТМК фи­лиалы, “Таркон” ЖШС сияқ­ты темір құрылғыларын өндіретін бірқатар ірі және орта кәсіп­орын­дар жұмыс істеуде. Бетон өнімдерін шығара­тын, оның ішін­де, “Жабыл­хим­құрылыс” ЖШС, “Ке­рамик ин­вест” ЖШС, “Ғима­рат Тараз” ЖШС тәрізді 20-дан астам кәсіп­орын бар. Осы жылы Мойынқұм ауданында “Хантау” ЖШС це­мент зауыты (500 мың тонна), “Мыңарал Тас Компани” (1,2 млн. тонна), Сарысу ауданында “Құрылыс материалдары ком­би­на­ты” (50 мың тонна) және “Каз­фос­фат” ЖШС жылына 100 мың тонна цемент шығаруды жоспарлап отыр. Жергілікті бюджетке салық тө­лемдерін төлеу үшін құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізуде жол құры­лысын жүргізу тендерлерін ұтып алған мердігер компанияларды Жамбыл облысындағы аудан­дарда тіркеу бойынша мәселе де қозға­лып, қолдау тапты. Сондай-ақ, басты талаптардың бірі — жұ­мыс күшін жергілікті тұрғындар есебінен тарту мәселесі де ай­тылды. Жобаны жүзеге асыруға ірі шет­ел мамандары жұмылдырыл­ған­дықтан, автожол құрылысы тө­ңі­регінде тәртіп сақтауды қам­та­масыз ету мәселесі тапсырыл­ды. Жамбыл облысы әкімінің бірінші орын­ба­сары Кәрім Көкі­рек­баев әкімдік құрылымдарына және мемлекеттік мекемелерге ерекше тапсырмалар берді. Оның ішінде, Жамбыл об­лы­сына құры­лыс жұмыстары кезінде жанар-жағар майды үздіксіз жет­кі­зуді ұйымдастыру, қажетті көлемде электр қуатымен қамтамасыз ету, 1 ай ішінде көлемі 815 га бола­тын жер телімін қайтару және иелеріне өтемақы төлеу мәсе­ле­лерін шешу, темір жол тұйық­та­рын дайындау мәселесін пысық­тау, темір жол вагондары құ­рамы­мен қамтамасыз ету кестесін реттеу, жоғары оқу орындары және техникалық орта оқу ме­кемелерімен бірлесе отырып, қажетті мамандықтар бойынша керекті мамандар даярлауды қам­тамасыз ету жолдарын қарастыру мәселелері атап көрсетілді. Дер кезінде шұғыл басқаруды және қойылған тапсырмаларды орындау үшін өңірде облыс әкімі­нің бірінші орынбасарының бас­қа­руымен аудан әкімдері және тиісті облыстық мекемелер мен кәсіп­орын­дар орынбасарларының қаты­суымен жұмыс тобы құрылатын болады. Осындай штабтар аудан­дарда да болады. Жол құрылысына өткен жылы республикалық бюд­жет­тен 1,0 млрд. АҚШ доллары бө­л­інген болатын, биыл 2,0 млрд. АҚШ долларын бөлу жоспар­лануда. “Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай” керуен жолының құрылысы үстіміздегі жылдың қаңтар айында басталып, құдай қаласа, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілмек деп жоспарлануда. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. ҚОЙЫМЫЗ ТОҚ БОЛСА, ҚАЙҒЫМЫЗ ДА ЖОҚ дейді құмды мекендеген Ескелді би ауданының малшылары Талдықорғаннан екі жүз шақырым құм ішіндегі қыстауға ертелеу шыққанымызбен, сенбі күні жауған жаңбырдан кейін қақаған суық жолды “мұз айдынына” айналдырып, автокөліктің жүрісі өнбей, бір жүріп, бір тоқтап келеміз. Мақсатымыз – Ескелді би ауданындағы іргелі шаруашылықтар қатарындағы осы аттас ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің шопандары қыстаған Төменгі Қараталдағылардың тұрмыс-тіршілігі, мал жағдайымен танысу. Үштөбеге жақындағанда облыс әкімі Серік Үмбетов пен Ескелді би ауданының әкімі Сұлтан Дүйсем­би­нов және “Ескелді” ауыл шаруа­шы­лығы өндірістік кооперативінің басшысы Серік Сариев қосылып, көлік ауыстырған соң жол апшы­сын қуырып, құмды өңірге келдік. Ата-бабамыз мал мен жер жағ­дай­ын бір кісідей-ақ білген ғой. Қар қалың болғанымен мұнда жол ашық. Жолдың екі қапталы жас сексеуілге толы, бұтақ жайған. Та­на­дай-танадай қоңды қойлар тұя­ғы­мен қарды аршып, бытырай жайы­лып, тораңғы мен жусанға бас қойған. Малшы мен малдың жайын білетін, әрі еңбегін бағалайтын облыс әкімі күртік қарды кешіп, отардың шеті­не таяды. Шопан жігіт те атынан түсті. – Мал-жан, ауыл-аймақ аман ба? Өрістің жайы қалай, қыстан қысылған жоқсыңдар ма, – деп малшымен емен-жарқын әңгіме­лес­кен Серік Әбікенұлы бәрін тәп­тіштеп сұрап жатыр. – Ассаламауғалейкум, аға! Мал­дың қоңы жақсы. Бағымымда 657 саулық бар. Бір мезгіл жем бе­реміз, – деді өзін Мәулен Құлан­баев деп таныстырған малшы. – Айлықтарың қанша? Өзіңнің жеке меншік малың бар ма? – Иә, отбасымды малмен асы­рап отырмын, аға. Өзімнің 200 қойым, 20 жылқы, осыншама ірі қара малым бар. Осы отармен бірге бағылады, жемшөбіміз де ортақ. Айлығым жақсы. Екі бала орта­лықта мектепте оқиды. Үй жылы, жарық бар, кешкісін теледидар көреміз. Азық-түлік орталықтан жеткізіледі, – деп малсақ жігіт бар білгенін жеткізіп жатыр. Құмды өлкенің қысы жайлы, төрт түлік көбіне қыс бойы жайылымда бола­тыны да сөз болды. Жусан, изен әлі де еміп тұр. Малдың қоңы түспе­ген, жүні тығыз. Шопанмен қоштасып, Балқаш көліне апаратын жолмен алға озып, бір төбені асқанда тағы да бір отар қой көзге шалынды. Аяздан екі беті алмадай болған жігіт астындағы атын желдіріп жетті. Амандықтан соң өзін Айдын Әбдіқап деп таныстырды. – Бұрын әкем жұмыс істесе, бауырларыммен бірге осы кәсіптің игілігін көрудеміз. Малдың, өрістің жайын білеміз. Бағымымда 600-ден аса саулық бар. Бүгінгі жағдайды көріп тұрсыздар, – деді. Облыс басшысының мал шығыны бар ма, деген сұрағына: – Аға, отарды көріп тұрсыз, арық-тұрақ соңында жүреді ғой. Ондайдан аманбыз, бірақ күзден бері ит-құсқа екі қой “бердім”. Мылтық, оқ дәрі бар, дегенмен, олар да қулығын кейде асырып қалады, – деп күлді. – Қыстауда бір-бірімізбен жақын отырмыз, көмегімізді аямаймыз. Әңгіме арасында енді бірер айда төл алынатынын да айтып қалды. Айдынның да отарда жүздеген ұсақ малы, бір үйір жылқысы, ірі қарасы бар. Оған кооператив басшысы тарапынан кедергі жоқ. Қайта қуанатынын да жасырмаған Серік Сариев: – Жігіттер осы қарқындарымен енді бірер жылда әріптесіңізбіз деп шығатындай, – деді әзіл-шыны аралас. Бардың бағасын білген, төрт түлікті өз төлі есебінен өсірген бауырлардың тірлігі мен бірлігі қуантқандай. – Бәрекелді! Мал екеу болмай, жан екеу болмайды. Жас кезде бел шешпей еңбек етсең, ертең оның дәулетін көресің. Халқымыз “Егіз­де­тіп төл өседі, еңбек етіп ер өседі” деп тегін айтпаған, – деді Серік Әбі­кенұлы да ризашылығын жа­сырмай. Жол бойы талай малшы кез­дес­ті. Барлығы да қақаған қысты, оның қиындығын елемей, алдын­да­ғы малының қамымен жүр. Қару­лы, сайдың тасындай жігіттер. Мы­нан­дай қиындыққа да осындай те­геу­рінді азаматтар төтеп берсе керек. Құмға енген сайын аяз қатая түсті. Қар қалың. Жолдан жырақта отарының соңында түлкі тұмағын баса киген Ардақ Майкенженов те облыс басшысының жаңа жылда арнайы ат басын бұрғанына таң­да­ны­сын жасырмады. – Күн ұзақ мал соңында жүре­міз. Осындайда хал-жағдайды сұра­ғанға не жетсін. Сіздің бастамаңыз басқаларға үлгі болса, қане. Коопе­ратив басшысы жағдайымызды біліп, қолдау көрсетіп тұрады. Ұжым­ның арқасында төрт түлік өсіріп, күнкөрісіміз жақсарып отыр, деген шопан жігіт бүгінгі дағ­дарыстың қиындығын сезінбейтінін айтты. Жыл он екі ай мал соңында жүру оңай емес. Ал қыраулы қыс­тың қиындығы өз алдына. Күре жолдың бойында бір-біріне қа­тар­лас орналасқандықтан кездескен қиындықты бірлесіп шешіп, ын­тымақ пен бірлікті ту етуде. Балқаш көлінің жағалауына қоныстанған балықшы ауылына апарып тірейтін автокөлік жолы оңға бұрылғанда 5-6 үйден тұратын шағын елді ме­кен­ге табан тіредік. Жолда кездескен Айдын мен Айдардың анасы жасы жетпістен асқан Риға апай алды­мыздан шықты. Алаңдағы қоршау­да бұдан біраз жыл бұрын өнді­рістік кооперативтің Германиядан әкелген етті-жүнді бағыттағы асыл тұқымды қошқарлары, олардан тараған салмағы 120-150 кило тартатын тайыншадай асыл тұ­қым­ды өзге де қошқарлар. Өндірістік кооперативтің малдың жайын жақсы білетін білікті маманы Қасенқазы Есімов қошқарлардың ерекшеліктеріне тоқталып, мал басын көбейтудегі оның тиімді жақ­тарын жан-жақты сөз етті. Ұжым Мыңбаев атындағы қой ша­руашылығы ғылыми-зерттеу инсти­ту­тымен селекциялық жұмыстарды тығыз байланыста жүргізіп, “Дойче мерино фляйш шафт” тұқымды саулықтарынан алынатын төл мен мал өнімдерінің арқасында қол жеткізген табыстарын тізбеледі. Қаз-қатар салынған бір кездегі малшы үйлері әктеліп, қысқа қа­жет­ті жем-шөп, отын-сумен қам­тамасыз етілгені байқалады. Осы жерде дәрігерлік қосын және ауа райының қысыл-таяң кезінде жолды тазартуға, жем-шөп тасуға қажетті техникалар сап түзеген. Ауданнан келген терапевт дәрігер Гүлнәр Мамырова мен фельдшер Салтанат Сыдықова, өзге де ақ халатты абзал жандар малшыларды қабылдап, денсаулықтарын тексеріп, қажетті дәрі-дәрмектерін беріп, өз мін­дет­терін атқарып жатқаны да көңілге жылылық ұялатты. Малшы қауымымен пікірлесіп, жағдайын жете білген соң облыс әкімі Серік Үмбетов өңірдегі мал ша­руашылығын өркендетудің мүм­кіндігі мен келешегі жайлы журна­листерге сұхбат берді. – Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Әбішұлы ауыл шаруашылығын өркендетіп, оны кешенді дамыту жайындағы міндеттерді жыл сайын­ғы жолдауларында нақтылап келеді. Осы жұмыстардың негізі шалғай ауылдардағы еңбек адамдарының бү­гінгідей қажырлы қимылымен айқындалатыны анық. Демек, олар­дың еңбегін бағалау – парыз. Мем­лекет тарапынан мал шаруашы­лы­ғына қолдау көрсетіліп, ұсақ ша­руа­шылықтарды ірілендіру бағы­тын­дағы жұмыс та өрістетіліп ке­леді. “Ескелді” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің бүгінгі тыныс-тіршілігінен оны айқын көруге болады. Халқымыз төрт тү­лік­тің бағасын біліп, мал мен жан­ды қатар қойған. Осы атакәсіпті өркендетіп, елдің шетінде, желдің өтінде жүрген малшыларды аралап, жағдайын білу міндетімнің бір бөлігі деп түсінемін. Демек, жақын жерлерді ғана емес, шалғайдағы елдің жағдайын жазсаңдар, еңбегін насихаттасаңдар нұр үстіне нұр, – деді. Нарықтың алғашқы жылдарын­да кеңшар мен ұжымшарлардың малы үшін қыстау мен жайлау бө­ліске түскенде Ескелді ауданының Бақтыбай ауылындағы төрт түліктің қыстауы осы маңнан беріліп, жайлауы Текелінің биік тауларынан бұйырған. Сол кезде көші-қон көп қиындық туғызғанымен, малшы қауымы оған көндіккен. Өткен жылы ұжым малшылары әрбір саулықтан 110-нан қозы өрбітсе, әр гектардан 20 центнер ас­тық, жүгеріден — 137, қызылшадан 320 центнерден өнім алыпты. Осылайша 1200 гектар суармалы жер тиімді пайдаланылып, гектар бе­рекелілігі арта түскен. Коопе­ративте 200-ге тарта адам еңбекпен қамтылса, мал қыстату науқанын табысты өткізуге 28 адам қатысуда. Олардың орташа еңбекақылары да жақсы. Ең бастысы, олар ұжымның ертеңіне сенімді. Өйткені, еңбек адамының табысы орынды баға­ла­нып, оған деген құрмет те лайықты екендігіне көз жеткізген. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.