Бүгін Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұйымдастыруымен «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» ІІІ халықаралық экспедициясымен Ұлытаудағы Домбауыл кешеніне, Алаша хан мен Жошы хан кесенелерінің басына барды. Құрамы 35 адамнан жасақталған экспедиция Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» Бағдарламасын іске асыру мақсатында жолға шығып отыр. Академия басшысы Дархан Қыдырәлі бастаған құрам Моңғолияның Кентай аймағынан басталған сапарды Ұлытауда аяқтамақ.
– Біз өткен жылы Өтүкенге бардық. Оның алдында Алтайға сапар шектік. Міне, биыл ұлт ұясы – Ұлытауға келіп отырмыз. Бұл үш мекен, біріншісі Алтай – бүкіл көшпелі жұрттың Алтай тобына жататын Байкалдан Балқанға дейінгі аймағы, тіпті әр жақтағы жапон, кәрістерге дейін, америкалық үндістердің өзі осы Алтайдан тарихи тамыр тартамыз деп жататын қасиетті мекен. Екіншісі – Өтүкен. Ол – Ғұндар мен Көк Түріктердің мекені. Ал, енді бүгін біз келіп отырған Ұлытау – ол Алтын Орданың құрылған қасиетті орыны. Ұлытау – ол аты айтып тұрғандай Ұлы Даланың Ұлы тауы. Кентай –ұлы қағандар өмір сүрген аймақ, Шыңғыс қағанның туған топырағы болса, Ұлытау олардың империясы салтанат құрған тарихи орын болып қадырленеді, – деді академия басшысы Д.Қыдырәлі.
Ұлытау ол – рухани жаңғыру үшін де өте үлкен маңызға ие. Ғалымдар Бағдарлама аясында біршама экспедиция ойластырған болатын. Бұл сапар – сол жоспарлардың жемісі болып есептеледі.
Ұлытау – Алтын Орда тарихымен тығыз байланысты мекен. Сондай-ақ, онда Дешті Қыпшақтың негізін қалаған Жошы хан жатыр. Экспедиция мүшелері ең бірінші Жошы хан мазарына барды.
Атақты тарихи ескерткішті тамашалаған уақытта Жезқазған қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының директоры Кенжал Балкенов өлке тарихын баяндап өтті.
– Ұлытау – көне дәуірден бері келе жатқан түркілердің мекені. Кезінде тарихтың атасы Геродот Ұлытау тауларын сақ таулары деп атаған. Оған куә Айбас дарасындағы үлкен қорғандар дәлел. Соның айналасында оншақты қаланың орындары жатыр. Бұл жерде Дала империясының ұлы ханы Шыңғыс қаһанның үлкен ұлы Жошы жатыр. Және бұл аймақ – Жошы ұлысы қаласының ежелгі орыны, жазушы Ілияс Есенберлиннің шығармасындағы Орда-Базар қалашығы деп те аталады. Мазарда Жошы ханмен бірге бәйбішесі Бектумыш ана жерленген. Ол керей ханы Тоғырулдың інісінің қызы. Бірінші қазба жұмыстарын жасаған Әлкей Марғұлан болатын. Кесене екі күмбезден құралып көтерілген. Біріншісі жалған күмбез және он алты қырлы барабанға тұрғызылған сыртқы күмбез, - дейді К.Балкенов.
Одан кейін экспедиция құрамы оғыз-қыпшақ заманының ғибадат орыны болып есептелетін Домбауыл кешеніне барды. Аңыз бойынша, ол қорымда Жошы ханның кеңесшісі, «Ақсақ құлан» күйінің авторы, аңызға айналған әскербасы Кетбұға жыраудың әкесі жерленген.
– Біз, яғни Академия ғалымдары Өтүкендегі, Елтеріс қаған тұсындағы үлкен кешендерді ашып жатқан уақытта ондағы кесенелердің табаны сегіз бұрышты болғанын аңғардық. Ол шолпан жұлдызы, сегіз бұрышты жұлдыз түркілердің жұлдызы болған. Міне, мына Домбауыл ескерткішінің де тұғыры сегіз бұрышты болып отыр. Заман өте келе қирап, қайта қалпына келтіру кезінде торт бұрышты болып қайта қаланған. Бұл кешен түрік дәуірінің соңғы кезеңіне жатады. Ал, енді Жошы хан мазарының Домбауыл кесенесінен ерекшелігі, осы Ұлы Даладағы исламдық алғашқы ескерткіш болып есептеледі. Және мұсылмандық ғұрыппен салынған Бүкіл Орта Азиядағы кесенелердің атасы болып табылады. Жошының немересі Берке хан Ұлы Далаға ресми дін ретінде ислам дінін алып келген. Сондықтан, біздің пайымдауымызша Жошы хан кесенесі Беркеден кейін салынғанға ұқсайды. Шыңғыс ханның өзі де айтқандай, менің ұрпағымның тәрбиесін мұсылмандарға қалдырамын деген. Демек, бұл Ұлытау – екі мәдениеттің тоғысқан ортасы, - дейді экспедиция басшысы Дархан Қуандықұлы.
Моңғолия ұлттық музейі директоры орынбасары, экспедиция мүшесі Жамсранжав Баярсайхан болса, Домбауыл ескерткішін Х ғасырдағы қидан ескерткішіне ұқсатады. – Мұндай ғұрыптық кешендер тастан қаланып салынған. Қидандар тасты ағашқа сұғып қалайтын болған. Мен Домбауыл кесенесінен де сол құрылыс үлгісін көріп таң қалдым. Ал, енді пішіні тұрғысынан Домбауыл кесенесі сияқты ескерткіштер Моңғолия жерінде жоқ. Бір қызығы – мен үшін бұл кесене, яғни Домбауыл кесенесі қазақтың киіз үйіне ұқсап тұрғандығы, - дейді ол.
Экспедиция мүшелері одан кейін табан тіреген тарихи орын ол – Алаша хан кесенесі болды.
Атақты Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдарымыз айтқандай, Алаша хан – ол Шыңғыс ханға қойылған символикалық бейіт делінеді.
Алаша хан мазары жайлы халықаралық Түркі Академиясының ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан кеңінен тоқталды. – Бұл Алаша хан мазары – күмбезі ерекше құрылыс үлгісі болып табылады. Халықтың аңызы бойынша, Шыңғыс ханға арналған деп есептеледі және қадір тұтады. Қазақта да Алаш Алаш болғанда, ағаш үйлі қазақ болғанда деген сөз бар. Сол Алаштың түпкі тамыры да осы Алаша хан болуы керек. Ал, кейбір ғалымдардың зерттеуі бойынша Жәнібек немесе Керей ханның мазары делінеді. Үшінші болжам бойынша, сегіз қырлы көне түріктерге тиесілі киіз үйлі космос моделі. Моңғолдардан жеткен ескі сөз бойынша да «Керегелі үйіңнен тас үйіңе көштің» деп қайтыс болған адамға салынған осындай кесенелерді тас үйге теңеген. Алаша ханның порталындағы көп жазулар қыйрап бүлінген. Әлі де археологиялық тұрғыдан көп зерттеуді қажет етеді , – дейді ғалым.
Экспедиция мүшелері қасиетті орындары аралап болғаннан кейін Ұлытау ауданына жолға шықты. Аудан орталығында қонақтар этноауылға түсіп, Ұлытаудың жергілікті халқымен кездесті. Жиында экспедиция жұмысы баяндалды. Онда біршама ғалымдар баяндама жасап, жергілікті халықтың қонақжайлығына ризашылықтарын білдірді.
– Біз бір ай бойы тарих соқпағына түсіп, ғылыми жұмысымызды жаңа сатыға жеткіздік. Моңғолдың ұлы Даласында 700-ге тарта тарихи ескерткіштер бар. Бұл әлем мәдениетінің ортақ мұрасы. Ол Орта Азияның да тарихи негізі болып саналады. Біз бұл экспедиция барысында Моңғолияның Шығыс атырабында болдық. Міне сол ізбен Ұлытауға келіп тұрмыз. Біз осындай қадым замандардағы ұлы мәдениеттерді зерттей келе жаңа заман мен ежелгі тарих арасына алтын көпір болсақ дейміз. Бұрын жалған ақпараттар етек алып тұрды, ал қазір нақты ғылымды жаңа ұрпаққа бүлдірмей ұсынуымызға болады.Академияның ауқымды жұмыстары әлі алда, - деді Жамсранжав Баярсайхан мырза.
Экспедиция сапары сондай-ақ, академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Экспедиция барысында бірнеше жоба жолға қойылмақ. Оның алғашқысы, алда келе жатқан Алтын Орданың 750 жылдығына жалпы дайындықтар жұмысы. Жалпы, Ұлытау тарихында мұндай оннан астам мемлекеттің өкілдері қатысқан экспедиция бұрын-соңды болмаған.
Ұлытау – Дешті Қыпшақтың орталығы дейтін болсақ, онда ол Жошы ұлысының ортасынан кейін, ол жерде Едіге би жатыр. Атақаты Әмір Темірдің ізі қалған Алтыншоқы да осы мекендерге тиесілі болып келеді. Сол қасиетті орындарды аралау арқылы тағылымды сапар өзінің Ұлытау төріндегі тарихи ізін қалдырмақ.
Бүгінде, экспедиция құрамын белгілі, беделді халықаралық, республикалық ақпарат құралдарының өкілдері толықтырған. Және де білікті ғалымдар, философ, жазушы қаламгер азаматтар, сонымен қатар, Ассамблеяның, Парламенттің өкілдері де Ұлытау топырағына алғаш рет осы сапарда табан тіреді.
Академия басшысы айтқандай, Түркияда да Ұлытау деген жер бар. Ертұғырылдың баласы Осман Ғазидың тұңғыш мемлекет құрған орыны сол қасиетті Ұлытау аймағы екен. – Ол бекер сәйкестік емес. Бұл біздің Ұлытаудың қасиетін көрсетеді. Арнайы келмесе, бұл жерге жол түсіру қиын. Өткенімізді ұлықтау мақсатындағы бұл сапар тек қана қазақ тарихы үшін емес, бүкіл түркі жұрты үшін маңызды. Біз мұнда тек қазақстандық экспедия болып емес, ұлы бабалары Алтын Орданың құрамында болған бүкіл көшпелі жұрттың ұрпақтары болып келуіміздің де бірнеше себебі бар. Ұлытауды біз жалпы түркі әлемінің орталығының бірі деп іздеп келіп отырмыз, - деді Дархан Қыдырәлі.
Келесі жылы бұл экспедиция Алтын Орда ізімен Батысқа бет түзеуде жоспарлайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, экспедицияның басты мақсаты − Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айрықша назар аударған киелі жерлер мен тарихи сананы жаңғырту. Сондықтан да экспедиция бағыты Моңғолияның Кентай аймағындағы көшпелілер киелі санаған, Ұлы қағандарға мекен болған Бурхан Халдуннан басталып, Ұлытауда түйінделуі тарихи сабақтастық болмақ. Бұған дейін экспедиция мүшелері Моңғолияның Кентай аймағы Дэлгэрхаан сұмынында TWESCO мен Моңғолия Ұлттық музейінің қолдауымен осы экспедиция аясында халықаралық дала семинары өткен болатын.
Тағы бір айта кетерлік жайт, осы мамыр айында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы Түркістан қаласында «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты халықаралық журналистер форумын өткізіп, онда Түркі Академиясы жанынан Түркі әлемі журналистері клубын құруды жоспарлаған болатын. Міне, бүгінгі экспедицияға «Кыргыз туусу» газетінің жауапты хатшысы, «Discovery Azerbaijan» Бас редакторы, әзербайжандық ITV телеарнасының Орталық Азия және Қазақстандағы ресми өкілі, Түркиядағы «NTV» телеарнасының бағдарлама редакторы, сонымен қатар, қазақстандық БАҚ өкілдері қатысқан бұл іс-шараны сол клубтың да алғашқы жұмысы деп қабылдауға болады.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Ерлан Омаров
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы