Үстіміздегі жылдың наурыз айында Ш.Мирзиёевтің Астанаға жасаған сапары екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге шығарып, тарихи деген баға берілген еді. Одан бергі қысқа уақытта сауда-саттық, әуе, темір жолы тасымалы, экспорт, импорт, телекоммуникация, аймақаралық, әскери, техникалық ынтымақтастық салаларында сапалы қадам жасалды.
Көршілес Өзбекстанда соңғы бір жылда орын алған саяси, экономикалық және институционалды өзгерістер туралы жиі айтылуда. Өзбекстан алдағы жылдарда экономикалық реформалау мен даму саласында үлкен өзгерістерге дайын екенін көрсетіп бағуда. Қазақстан Президенті Ташкент сапарында Өзбекстанда өте маңызды өзгерістердің болып жатқанын, аталған елдің әлемге есігін айқара ашқанын баса айтты. Қазақстандық делегация басшысы көршілес елде жүргізілген экономикалық реформалар, атап айтқанда валюталық реттеу және либералдандыру, шекараларды ашу және сауда кедергілерін алып тастау қадамдарын батыл шешім деп бағалады.
Расында билікке Ш.Мирзиёев келгелі бері, кеңестік кезеңнен бері елде үстемдікке ие болған қауіпсіздік саласы кадрларынан құралған элита жаңаланып, экономикалық реформаларға бет бұрған жаңа биліктің еркімен экономист мамандар мен технократтардың есебінен күшейтіле бастады.
Қазақстан мен Өзбекстан 1990 жылдардың басында жылдам нарықтық экономика моделіне өтуге бірдей ниет білдіргенімен, соңынан Ташкент тартыншақтап, градуализм, яғни экономикалық реформаны бірте-бірте жүргізу саясатын таңдады. Ал Қазақстан экономикасы Ресеймен тығыз байланыста болғандықтан, жаңа жағдайға сәйкес белсенді әрекет етуге кірісті. Экономистер Қазақстанның осы кезге дейін жасаған ең сәтті экономикалық реформасы валютаның айырбасталымдылығын қамтамасыз етуінде дейді.
Ал Өзбекстан осы кезге дейін валютасын қатаң қадағалап, айырбасталымдылығын шектегендіктен, елде қара нарық пен ресми нарық қатар өмір сүрді. Шетелден инвестиция тарту үшін Қазақстан шұғыл түрде құрылымдық реформаларға барып, аса ауыр шок терапиясынан қашпады. Соның арқасында еліміз ерте қабылдаған реформалардың жемісін көріп, шетелдік қаржы институттарынан қажетті несиелер алды, ірі инвестиция тартты, қазір алдағы даму кезеңіне көңіл бөлуде.
Өзбекстан болса жуырда ғана валютаны конвертациялау туралы шешім қабылдап, төл валютаның еркін айналымдылығын енгізуі нәтижесінде өзбек сомы екі есе құнсызданды. Бұл кеш те болса атқарылған реформалар Өзбекстан экономикасының дамуына қолайлы жағдай жасап, инвестициялар тартуға көмектеседі деп межеленген. Өзбекстандағы валюта конвертациялаудың салдарлары қазақстандық экспорттаушылар, жалпы сауда мен инвестиция үшін тиімді де болуы мүмкін. Жалпы Орталық Азияның қос ірі мемлекетінің экономикалық либералдану жолындағы қадамдары инвесторлардың аймаққа қатысты көзқарасына оң әсер етері сөзсіз.
Қазақстан – Өзбекстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Осы жылы екіжақты сыртқы сауда айналымы 30%-ға артып, тауарлардың 56%-ын шикізат құраған. Қазақстан соңғы кезде әскери өнімдерін Өзбекстанға шығаруға ниетті. Екі ел екіжақты ұзақ мерзімді экономикалық байланыстарды нығайтуға бірдей құлықтылық танытуда. Соған сәйкес, қазақ кәсіпкерлері үшін тиімді инвестициялық жағдай жасалса, олар Өзбекстанда белсене жұмыс істеуге мүдделі.
Мемлекеттер басшыларының келісімдері нәтижесінде сауда жүріп, тауар тасымалы мен ынтымақтастық шарттары жеңілдеп, тараптар екі-үш ірі инвестициялық жоба жасауға кіріспекші. Мәселен, Қазақстан Президентінің Ташкентке сапары аясында өткен бизнес- форумда еліміздің қорғаныс пен ғарыш саласында өндірген бірқатар өнімдері көрсетілді.
Осылайша Елбасының Өзбекстанға жасаған маңызды сапары екіжақты экономикалық қатынастарға серпін беріп, екі елді бір-біріне жақындастыра түседі.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
саясаттанушы