Қалың жауған қар құрсауында қалған ауыл тұрғындары сыртқа шығар жол ашып әбігерге түсті. Үйінді қарды күреп, үйден шығар-ау, бірақ аудан-ауылмен қатынасты ойлап үрейленгендері де аз емес. Жол ашылмай байланыс үзілсе қайтпек?! Осынау бір қиын сәтте, қалың қарды бұза-жара қарда жүретін көлікпен жалғыз жеткен облыс әкімі Болат Жылқышиевті көрген жұрттың бойындағы үрей сол сәтте-ақ сейілген болатын.
Ілгеріде жұрт тұрғыны мол, аумағы үлкен, тірлігі көп Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Болат Әбжаппарұлының өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдан да, қоғамдық-саяси аурадан да шу шығармай тып-тыныш тірлігін тындырып жүргенін жоғары бағалаған болатын. Өсу баспалдағы облыс әкімінің орынбасары, департамент бастығы, қала әкімі арқылы өрілген Б.Жылқышиевтің облыс басшылығына келуі бұрын-соңды өлкенің жылнамасында жазылмаған жаңалық болған. Бұл қызметте ол өңір тұрғындары айта жүрер тың бастамалар көтеріп, жүзеге асырды. Мысалы, Қонаев даңғылын ұзартты. Бір ғана «Нұрсәт» шағын ауданын салумен-ақ қолтаңбасы қалыптасты десек те болады. Кентаудың мүшкіл халін көтеріп, Шымкентті көркейтті. Облыс бойынша 2005 жылы 27 643 млн теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылыпты. Жаңадан 75 мектеп салынды. Ана өлімі 52 пайызға төмендеді. Облыстағы кәсіпорындар саны 35 709-ға көбейді. Елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне көп көңіл бөлінді. 2000 жылы құбыр суымен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 340 болса, 2005 жылы оған 46 ауыл қосылды. Осылайша облыс бойынша таза сумен қамтылған ауыл 43 пайызға жеткен. Жылқышиев тізгін ұстаған 4 жыл ішінде жалпы аймақтық өнімнің өсімі 40 пайызға жетіп, 275,8 миллиард теңгені құраған.
Сол бір жылдары оңтүстікте шу көбіне кадр тағайындауда адамдарды алалаудан, жершілдікке, жікшілдікке бөлінуден шығатын. Мұндай өсек-аяңды өрбітпестен, Жылқышиев іс тетігін шешетін командасындағы кадрларды жастардан жасақтады. Аудандық, ауылдық деңгейдегі атқарушы биліктің абырой-беделін арттыруға ұмтылды. Айталық, бұрын облыстық бюджетке жәутеңдеп жүретін полицияны қаржыландыру әр ауданның жергілікті бюджетіне жүктелді. Тәртіп сақшыларын қолдау мақсатында облыстық бюджет қаржысынан полицейлерге 50 автокөлік сыйға тартылды.
Озаттығымен танылған ауыл әкімдеріне де отыздан астам «темір тұлпардың» кілтін тапсырды. Диқандар үшін ауадай қажет машина-трактор стансалары құрылды. Мамандығы инженер-механик, инженер-экономист әкім өнеркәсіп саласын жандандырды. Ұзақ жылғы «ұйқысынан оянып», тіршілік көшіне қайта ілескен 43 кәсіпорынға 5421 адам жұмысқа тұрды. Өңірге инвестиция тарту қарқынды жүргізілді. Сол жылдары әлемнің 55 мемлекетімен экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асырған оңтүстікқазақстандықтардың сыртқы сауда айналымы 277 мил-
лион АҚШ долларына жетті. Облыста 16 ауылдық несие серіктестігі жұмыс істеп, 2005 жылы егін және мал шаруашылығына 1916 миллион несие берілген. Мал тұқымын асылдандыруға бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі артты. Отырар, Бәйдібек, Шардара аудандарының экологиясы, экономикасы нашарлығы ескеріліп, арнайы бағдарлама түзілді. Айта берсек, тың бастама, оң өзгеріс көп.
Облысты басқаруға дейінгі қызметтерінде де Болат Әбжаппарұлы өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Мысалы, Тараз қаласын тоқсаныншы жылдары біліктілікпен басқара білген Болат Әбжаппарұлының «Тараз қаласының құрметті азаматы» атануы көп жайтты аңғартады. Қысқа жіп күрмеуге келмеген күрделі кезеңде жоқтан бар жасап, өте сын сағатта тірліктің көзін тапқан іскерлігін, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін даусыз дәлелдеді. Бұл Болат Жылқышиевтің өмір жолындағы жарқын, сонымен бірге үлкен белестерге жол ашқан кезең болды. Бұдан кейін ол Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, басқарма басшысы, Кентау, Шымкент қалаларының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Ал 2002 жылы Елбасы оған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымын сеніп тапсырғаны белгілі.
Өзіне жүктелген міндеттерді әрдайым мүлтіксіз орындауға ұмтылып, ұлтқа, ел-жұртқа пайдасы мол талай оң бастамаларды сәтті жүзеге асырған, сый-құрметке кенелген абзал азамат бұдан кейінгі жылдары Сенат депутаты атанды. Сенаттың депутаттық корпусындағы беделді комитетті басқарды. Өткенге көз жүгіртсек, Кентау, Шымкент қалаларының тұрғындары үнемі айтып отыратын игі істері жетерлік. Мысалы, кезінде тірлігі тұралаған Кентауға Б.Жылқышиевті әкім етіп тағайындаған сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ахуалды түзетіп, әл-ауқатын көтеруді жүктегені мәлім. Ол кезде жағдай тіпті қиын еді. Жәрдемақысын ала алмаған әйелдер әкімдіктің ғимаратында түнейтін. Әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмаған мүгедектер ғимараттың алдында тұратын. Сол ахуалды да Б.Жылқышиев толық ретке келтірді. Шымкентте 2001 жылдары тіпті коммуналдық мәселелер де ушығып тұрған болатын. Оны шешті. Қаланы гүлдендірді. Ол кезде қазіргідей ағыл-тегіл бюджет те жоқ болатын. Соған қарамастан там-тұмдаған қаржымен-ақ талай істі тындырды.
Сондай-ақ, қазағы қалың оңтүстік жұртының жадында жатталып қалған тағы бір игі қадам, жиналыстардың, барлық іс-қағаздардың облыс көлемінде мемлекеттік тілде жүргізілуі еді. Мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде ұлтжанды Болат Жылқышиев Сенат депутаты ретінде де белсенділік танытты. Мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданарда Б.Жылқышиев «Мемлекеттік қызметке келген әрбір адамның мемлекеттік тілді білуін міндеттейтін уақыт келді. Заң қабылданатын болған соң, талапты да күшейту керек шығар. Егемендіктің 20 жылы өтті, сол 20 жылда үйренгісі келгендер үйренді, үйренгісі келмегендерге міндеттеу мәселесін заңға енгізу керек. Мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеу керек», деп кесіп айтты. Осы арада айта кетелік, сенатор Жылқышиевтің депутаттық сауалдарының көпшілігі оңтүстікте орын алып жатқан мәселелерге қатысты болды. Мәселен, облыстық балалар ауруханасының іске қосылуы. Аурухананың құрылысы бітпей қалғанда сенатор Б.Жылқышиев сол кездегі Экономика министрі Бақыт Сұлтановқа тікелей шыққан соң, қаржы бөлінді. Қазір аурухана ел игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ, сенатор Қазығұрт ауданындағы 8 ауылды газбен қамту жұмысына да белсене кірісіп, облыстан бір тиын қаржы сұрамай, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен газдандыру мәселесін де шешіп берді.
Бүгінгі таңда қала көркін аша түскен Шымкенттiң жаңа әкiмшiлiк-iскерлiк орталығын салу мәселесі де облысты Б.Жылқышиев басқарған жылдары жоғары деңгейде көтерілген екен. Ал одан бұрын облысты абыройлы азамат Асанбай Асқаров басқарған тоқсаныншы жылдарға дейiнгi кездiң өзiнде қаланың бас жоспары жасалып, жоба бойынша қазiргi Қонаев даңғылы мен Байтұрсынов көшесiнiң аумағында жаңа әкiмшiлiк-iскерлiк орталық, көп қабатты үйлер салынуы тиiс болған. Бiрақ бас жоспарды жүзеге асыру басталар тұста Асанбай Асқаров қудаланып, қызметiнен босады. Орталық болады деген жерлер ту-талапайға түстi. Одан кейiнгi аралықта Шымкенттiң бас жоспарын жасауды бiлiктi басшы Болат Жылқышиев қолға алды. Әуелгі тың бастама бүгінде жүзеге асырылып келеді.
Қазақтың танымында «текті» деген әдемі сөз бар. Тектілік – адалдықты ту етіп, ақылы мен еңбегіне ғана сенген, ұлттың танымын отбасылық ұстаным қылған әулеттерге қатысты айтылатын ұғым. Осы орайда, Жылқышиевтерді жұрт текті әулетке жатқызатынын айта кетелік. Әкесі Әбжаппар облыс деңгейінде басшылық қызметтер атқаруымен ғана емес, жазушылығымен де елге танымал болған жан. Жазушының ұлы да қай деңгейдегі лауазымды қызметте болсын еңбекқорлығымен, іскерлігімен, адалдығымен және басқа көптеген жақсы қасиеттерімен ел алғысына бөленді.
Еліміздің өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталған, бүгінгі күні халыққа қызметін өндірісте жалғастырып келе жатқан Болат Жылқышиев ағамыз асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Ұлттық ұстын, ұлттық тəлім, ұлттық құндылықтардың ең нəзігі, ең қажеттісі, ең сүбелісі бала тəрбиесі екені анық. Бұл орайда, Болат ағамыз – өмірде өз орнын тауып, отбасылы болған үш ұлынан тараған немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты ата.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»