Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде мемлекеттер басшылары, беделді саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Жарыстың ашылу рәсімінде 777 спортшы бәсеке байрағын 17 сағат 17 минут уақытында көтерді.
Мұның алдында, сенбі күні Ашғабадта Қазақстанның жалауы желбіреді. Атлеттер қалашығында өткен ту көтеру шарасына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов бастаған делегация құрамы қатысты. Түрікменстан қарулы күштерінің құрметті күзетшілері туымызды жоғары көтерді. Жарыс ұйымдастырушылары естелік сыйлықтар табыс етіп, салтанатты түрде еліміздің Әнұраны шырқалды.
Мұндай додаға Азия құрлығының тұрақты түрде қатысатын 45 елінен бөлек Мұхит аймағының 17 мемлекеті тұңғыш рет сынға түсуде. Бұл жолғы жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнерден V Азия ойындарының ұраны «Денсаулық. Шабыт. Достық» болды. Ашғабад қаласы жарысты өткізу мәртебесіне 2010 жылдың 19 желтоқсанында ие болған. Ал 2013 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен IV Азия ойындарында Азия Олимпиада Кеңесі жарыстың ресми туын Түрікменстанға тапсырған еді.
Жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнерден Азия ойындары 2005 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Азия чемпионатынан кейінгі екінші дәрежелі біріншілік ретінде саналған бұл жарысқа Қазақстан құрамасы биыл төртінші рет қатысып жатыр. 2005 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған аталған турнирде біздің елдің спортшылары 23 алтын, 15 күміс және 6 қола медаль иеленген болатын. Жалпы саны 44 жүлдемен медаль көрсеткіші бойынша жалпыкомандалық есепте екінші орын алған. Бірінші орынды 57 жүлдемен (24 алтын, 18 күміс, 15 қола) Қытай спортшылары иеленген-тін. Ал медаль саны бойынша Қазақстан құрамасынан озған, бірақ алтын жүлде бойынша кем жинаған (20 алтын, 21 күміс, 33 қола) Таиланд құрамасы үздік үштікті қорытындылаған еді.
Араға екі жыл салып жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнерден Азия ойындары Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы саналған Макао қаласында өтті. Бұл додаға Азияның 44 елінен келген 1800-ге жуық спортшы спорттың 17 түрінен өз бақтарын сынады. Қазақстан құрамасының спортшылары бұл сында медаль бойынша екі жыл бұрынғы нәтижесін қайталай алмады. Спортшыларымыз Макаода тоғыз алтын, 20 күміс және 13 медальмен жалпыкомандалық есепте үздік бестікке енді. Медаль көрсеткіші бойынша алғашқы үш орынды Қытай (25, 26, 24), Таиланд (19, 28, 22) және Гонконг (15, 9, 11) иеленді.
Вьетнамда өткен үшінші Азия ойындарында Қазақстандық спортшылар спорттың он түрінен құрама қоржынына 58 жүлде салды. Ең көп медальді жүзу спортынан сынға түскен спортшыларымыз иеленді. Олар 10 алтын, 9 күміс және 8 қола жүлде жеңіп алды. Ал екінші көрсеткіш жеңілатлеттерімізге тиесілі болды. «Спорт падишасы» аталған спорт түрінен отандастарымыз алты алтын, төрт күміс және төрт қола медальді місе тұтты. Өзбекстанның белбеу күресі мен кикбокстан ұлттық құрама спортшыларына қос-қос алтын жүлде бұйырды. Жалпы есеп бойынша, Қазақстан құрамасы 21 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль еншіледі. Медаль жиынтығы бойынша үшінші сатыдан көрінді. Бірінші орында әдеттегідей Қытай құрамасы (48, 25, 19) болса, жарысты ұйымдастырушы Вьетнамға екінші орын бұйырды.
Төртінші жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнерден Азия ойыны 2011 жылы Қатарда өту керек болатын. Алайда, Қатар бұл жарысты өткізуден бас тартты. Сөйтіп, ол жылы Азия ойындары тарихта тұңғыш рет өтпей қалды. Келесі Азия ойындары 2013 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтті. Бұл дода 2014 жылы дәл осы қалада ұйымдастырылатын Азия ойындары алдында өткізілген соң, көп мемлекет спортшыларын жібермей қалды. Сөйтіп, жарысқа Азияның 44 елінен 1500-ден аса спортшы қатысты. Бір аптаға созылған бәсекеде қазақстандық спортшылар 31 медальға қол жеткізді. Оның жетеуі алтын, сегізі күміс және он алтысы қола. Жалпыкомандалық есепте бесінші орынды қанағат тұтты.
Биылғы байрақты бәсекеге Азияның 62 елінен келген 6000-ға жуық спортшылар спорттың 21 түрі бойынша сынға түсуде. Ал Қазақстан құрама сапынан 16 спорт түрі бойынша 181 спортшы жарыс жолына шығады. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова да бар. Тағы бір айта кетер жайт, биылғы жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнерден Азия ойындарының бағдарламасына белбеу күресі бойынша қазақ күресі де енген. Бұл сында ел намысын Қасымхан Түленбаев (70 кг), Әділжан Ыстыбаев (90 кг) және «Қазақстан барысы» мен «Әлем барысы» турнирлерінің жеңімпазы Айбек Нұғымаров (+90 кг) секілді балуандарымыз қорғайды.
Жарыс ресми түрде кеше ашылғанымен, негізгі бәсекелер 16 қыркүйекте басталып кетті. Бір қызығы, доданың бірінші күнінде Түрікменстан спортшылары 16 алтын, 14 күміс және 7 қола медаль иеленіп, тарихи нәтижеге қол жеткізіп отыр. 2013 жылғы біріншілікте Түрікменстан құрамасы екі алтын медаль ғана алған болатын. Әзірше Қазақстан құрамасының қоржынында үш қола медаль бар. Үш медальді де джиу-джитсу спортының өкілдері иеленді. Атап айтар болсақ, Жанболат Закарин (69 кг), Нұрлан Есполов (77 кг) және Қуандық Есенеев (85 кг). Иран және Вьетнам спортшыларымен бірдей үш қола жүлде иеленген Қазақстан құрамасының спортшылары жалпыкомандалық есепте сегізінші орында келеді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»