19 Қыркүйек, 2017

Инвестициялық климат: идеядан инновацияға

1927 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әуел бастан-ақ әлем экономикасында инвестициялық климат ұғымы маңызды басымдыққа ие болатын. Ал соңғы жылдардағы қаржы дағдарысы ішкі экономикаға салынатын сыртқы қаражаттың қадірін еселеп арттырып жіберді. Әрине, кез келген елдің да­муын сыртқы инвестицияның ара­ласуынсыз елестету қиын. Және дү­ние жүзіндегі қалталы қаржы ұйым­дары да кездейсоқ мемлекетке инвес­ти­ция сала бермейтіні анық. Бұл үрдіс ұзақ таңдау мен тиянақты талғамның нә­тижесінде жүзеге асады.

 

Инвестициялық климат: идеядан инновацияға

Сүйінерлігі, Қазақстан әлем назарын­дағы инвестициялық тартымдылық бо­йынша алдыңғы қатарда тұрған ел санатында. Мысалға, соңғы 11 жылда Қазақ­стан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 243 млрд АҚШ долларынан асқан. Бұл ғаламның ауқатты компанияларының елімізге деген сенімінің бір дәлелі болса керек. Жалпы, еліміздің инвестициялық климаты, сыртқы қаржы көздерінің қызметі туралы әңгімелегенде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен арадағы байланыс туралы сөз қозғаған орынды. Осы ұйымның жоғары стандарттарына сәйкес кезең сайын еліміздің инвестициялық ахуалына шолу жасалып отырады. Бүгінге дейін ЭЫДҰ бастамасымен Қазақстанның инвестициялық сая­сатына екі мәрте шолу жасалып, оның нәтижелері бойынша Үкімет та­­ра­пынан инвестициялық климатты жақ­сарту бойынша жеке жоспар қабыл­даныпты. Бұл реформалар отандық биз­нес-ортаның бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға бағытталғаны анық. Және же­міссіз емес. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «DoingBusiness» рейтингіндегі көрсеткіші 41-орыннан 35-орынға жо­ғарылады. Әлемнің қалталылары тарапынан көрсетілген сенімнің әсері болса ке­рек, биылғы жылдың ақпан айында ЭЫДҰ Кеңесі елімізді дүние жүзі бойын­ша Инвестициялар комитетінің мүшесі ре­тін­де қабылдауға шешім қабылдады. Бұл соңғы 5 жыл бойына инвестициялық кли­матты жақсарту мақсатында төгілген тер­дің өтеуі деуге әбден лайық. Өйткені Экономикалық ынтымақтастық және да­му ұйымы инвестициялар комите­ті­нің мүшесі болу Қазақстан үшін үлкен мәрте­бемен қатар жаңа мүмкіндіктер береді. Яғ­ни, ұйымға мүше елдердің байырғы тәжі­рибесі мен жеткен жетістіктерін отан­дық экономикаға енгізу барысында ашықтық пен зерделеу мүмкіндігіне қол жеткізу ғана емес, инвесторларға еліміздің инвестициялық климатының әлемдік талаптарға толықтай сай келетіндігін де сеніммен айтуға жол ашты.

Жалпы, кез келген қалталы инвестор­ үшін ең маңыздысы – мемлекет экономикасына салатын өз инвестицияларын қорғау мүмкіндігіне қол жеткізу мен­ атқарушы билікпен арадағы ашық диалогқа келу шарттарының ашық бо­луы екен. Бұл жөнінен Қазақстан инвесторлардың құқығын қорғауға ла­йық­ты көңіл бөлетін ел ретінде танымал. Атап айтқанда, Қазақстан Прези­денті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі, Премьер-Министр жанындағы инвестициялық климатты жақсарту ке­ңесі және Инвестициялық омбудсмен инс­титуты сияқты диалог алаңдары ая­­сында нақты жұмыстар жасалып, нәтижелі қарым-қатынас жалғасып отыр.­ Осы жекелеген инвестор мен мем­­ле­кет­тер арасындағы байланысты зер­делеп, бағасын шығарып отыратын «Миноритарлық инвесторларды қорғау» деп аталатын халықаралық ұйым бар. Бұл ұйым өзара қатынас барысын екшеп, тәуекел тудыратын факторларды анық­тап отырады екен. Қуаныштысы, халық­аралық ұйымның зерттеу нысанасы болған Қазақстанның инвесторларға деген саясаты оң нәтижелі болып, әлемдік рейтингте еліміз жиырма бесінші орыннан 3-орынға көтерілген. Бұл – еліміздің инвестициялық тартымдылығы ғана емес, инвесторлар алдындағы жауапкершілікті сезінуге де берілген зор баға.

Сөз арасында елімізге 243 млрд АҚШ­ дол­лары­нан асатын тікелей қар­жы тартылғанын айттық. Бұл өте үл­кен еңбектің нәтижесі дедік және. Ал эконо­микалық саясат тұрғысынан алғанда, жалпы шетелдік инвестиция өсімінің тұ­­рақ­ты оң үдерісі байқалады. Негізгі статистикалық көрсеткіштерге көз салсақ, Ұлттық банктің дерегі бойынша 2016 жылы тікелей шетелдік инвестиция ағыны 20,6 млрд АҚШ долларын құрады. Ар­ғы 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға өскен екен.

Қайбір жылы Мемлекет басшысы­ инвес­тор­ларды ұзақ мерзімді табыс­қа негізделген инвестиция салуға үндеп, мүм­кіндіктерді сарқа пайдалануға шақырған болатын. Бұл үрдіс инвестициялық саясат ұғымында реинвестиция атауына ие және әлемдегі тәуекелді қадамдардың бірі саналады. Анығында, бір рет салынған инвес­тицияның қайтарымын күтіп, аңы­сын аңдып отырудан бөлек, сол сала­ға үстеме қаржы құюдың жемісті бола­тындығына сенім білдіру шынымен тәуекелді қажет етеді. Әдетте мұн­дай қадам дамыған елдердің экономика­сына ғана бағытталады екен. Ал Қазақстан экономикасындағы реинвестиция үрдісі артып келеді. Деректер 2016 жылы осы реинвестиция қаржысына 15 жаңа кәсіп­орын ашылып, мыңға жуық жұмыс ор­ны құрылғандығын айтады. Демек, әлем бойынша салынған 70 па-йыз реин­вестицияның қомақты бөлігі ел экономикасын көтеруге қызмет етіп отыр деген сөз.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»