– Ерден Рауанұлы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сот жүйесі мен барлық құқық қорғау органдарын заңдарды мүлтіксіз орындауға бағыттап, сот-құқықтық реформасының жаңа сатысына бастама бергені белгілі. Осы реформаның мән-маңызына тоқталып өтсеңіз.
– Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері жөнінде өткізілген кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында заңның үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударып, қылмыстық қудалау жүйесін жаңғыртудың базалық бағыттарын жетілдіру жөнінде мәні зор мәселе көтерді. Солардың қатарында, қылмыстық процесте азаматтардың құқын қорғау деңгейін арттыру, тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру, қылмыстық процестегі жарыспалылықты, сотқа дейінгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейту және қылмыстық қудалау, прокуратура мен сот органдары арасындағы өкілеттіктердің қайталануын болдырмау және оларды нақты бөлу қажеттілігін атап өтті.
Қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру, яғни жаңғырту адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және оны дамытуға бағытталған ауқымды іс-шара. 2008 жылдан бастап, күдіктіні, айыпталушыны қамауда ұстауды санкциялау ғана соттарға берілсе, бүгінгі күні басқа да бірқатар тергеу амалдарын санкциялау сот құзырына өтті. Ұлт жоспарының 22-ші қадамын орындау мақсатына сай қабылданған бұл іс-шаралардың нәтижесінде тергеу судьяларының қарауына түскен материалдардың 2015 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3 есеге өсуі, бұл институтқа деген халықтың сенімінің бірден-бір дәлелі.
– Бүгінгі таңда елімізде жасырын тергеу әрекеттері прокурордың санкциясы негізінде ғана жүзеге асырылуда. Мұндай тәртіп халықаралық сарапшылардың сынына ұшырағандықтан, бірнеше рет бұл заң нормаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру туралы ұсынымдар жолданған еді. Бұған не дейсіз?
– Расында, бұл мәселеге тереңірек қараған дұрыс. Ана алыс шетелдерді алмағанның өзінде, біздің бұрынғы одақтас көршілеріміздің көбі бұл тергеу амалдарын санкциялауды сот бақылауына әлдеқашан-ақ берген. Мысалы, Латвияда барлық осындай әрекеттер (олардың саны 11) тек қана сот шешімі негізінде жүргізілсе, Украинада 12 әрекеттің 9-ына сот санкция береді. Молдова, Литва, Эстония және т.б. мемлекеттерде де осындай тәжірибе қалыптасқан. Бұл тұрғыдан алғанда жасырын тергеу әрекеттерін сот арқылы санкциялауды шешу, кейінге қалдыруға болмайтын мәселе. Өйткені, ол адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік беру тетігі ғана емес, сонымен қатар қылмыстық ізге түсу, қудалау органдары қызметін объективті түрде бағалау нысаны.
Осыған сәйкес тағы бір мәселе – ол процестік әрекеттерді санкциялау жөніндегі материалдардың басым көпшілігінің тікелей тергеу судьясына жолдануына қатысты. Мұндай тәртіп тек азаматтарға ғана емес, қылмыстық қудалау органдарына да қолайлы болатыны сөзсіз. Бұған қоса тағы бір толғандырып отырған мәселе – ол сот бақылауымен тығыз байланысты. Өйткені қазіргі қолданыстағы ҚПК-нің 131-бабының 4-бөлігіне сай, күдіктіні соттың санкциясынсыз 72 сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады. Ал кейбір елдерде бұл мерзім 24 сағатқа, басқаларында 48 сағатқа дейін шектелген. Қылмыстық процесті жетілдіруге бағытталған іс-шараларды орындау барысында сезікті адамды ұстауды 48 сағатқа дейін шектеу, ал ерекше жағдайларда ғана оны 72 сағатқа ұзарту қарастырылуда.
– Дұрыс екен. Бірақ, сонымен қатар, қазіргі өзекті мәселелердің бірі – ол қамау түріндегі бұлтартпау шарасының қолдану негіздерін қысқарту бағыты болып табылады дейміз. Бұған қалай қарайсыз?
– Бұл тұрғыда кәсіпкерлікке қатысты құқық бұзушылықтар бойынша қамауды ұйымдасқан қылмыстық топтар мен қылмыстық қауымдастықтардан басқаларға қолданбау ұсынылуда. Ол құптарлық ұсыныс, өйткені мұндай құқық бұзушылыққа қатысты сезікті адамдардың басым көпшілігі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, қоғамға қауіпті емес, тұрақты мекен-жайлары бар тұлғалар. Сондықтан да оларға қатысты қамау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданудың қажеті жоқ.
– Әр тараптың негізгі мақсаты сотқа барлық қажетті дәлелдерді ұсыну, ұстанымдарын айқын баяндап, құқықтық тұрғыдан оларды негіздеу ғой. Сол себепті, тараптардың бәсекелестігін арттыру мақсатында, шетелдердің озық тәжірибелеріне сүйеніп, қылмыстық процесті жетілдіру шеңберінде адвокаттардың өкілеттіктерін әрі қарай кеңейту жолдары қарастырылуда емес пе?
– Иә, мұндай шаралар айыптау ұстанымынан бет бұрып, шынайы жарыспалылықты – процестік бәсекелестікті қамтамасыз етеді деген үміттеміз. Жаңадан қолданысқа енгізілген Қылмыстық-процестік кодекс адвокаттарға күдікті, айыпталушыны қорғау үшін көптеген жаңа мүмкіндіктер берді. Мысалы, ҚПК-нің 55-бабы сотқа дейінгі өндірісте тергеуші адвокаттың қылмыстық іс үшін маңызы бар кейбір талап-тілектерін қамтамасыз ету туралы сұраныстарын орындаудан бас тартқан немесе заңда қаралған мерзім ішінде қабылдамаған жағдайда, оның уәжді өтінішхаты бойынша бұл мәселелерді тергеу судьясы арқылы шешуге мүмкіндік берді.
Әрине, қылмыстық процестің іргелі қағидатының бірі – тараптардың жарыспалылығы екені белгілі. Осыған орай келесі бағыт – қылмыстық процестегі тараптардың бәсекелестігін арттыру, адвокаттардың рөлін барынша көтеруге қатысты болмақ. Ол, бір жағынан айыптау және қорғау тараптардың тең құқықтары мен тең мүмкіншіліктеріне негізделсе, екінші жағынан, олардың өз тұжырымдарын дәлелдеу міндеттерін де айғақтайды. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, қолданыстағы процестік заңда қарастырылған мүмкіншіліктер тараптардың жарыспалылығын, яғни бәсекелестігін қамтамасыз етуге әлі де жеткіліксіз. Ұсынылған іс-шаралармен қоса, адвокатура мен өкілдік институттарын түбегейлі реформалау да талқылануда.
– Қылмыстық процесті оңтайландыру мәселелеріне қатысты ой-пікіріңізбен кеңірек бөліссеңіз, өйткені кейбір Еуропа елдерінде қылмыстық-процестің тиімділігі үшін «бұйрықтық өндіріс» деген қолданылады ғой.
– Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодексте де қылмыстық үрдісті жеңілдететін өндірістер көзделген (мысалы, айыпты мойындап, дәлелдемелер дауланбаған жағдайда, процестік келісімнің қолданылуы). Бұл бағыттағы пайдалы үрдісті әлі де жандандыру қажет. Оған түрткі болып отырған дамыған еуропалық елдерде қолданылып жатқан өндірістер, соның бірі – бұйрықтық өндіріс. Мысалы, Эстонияда бұйрықтық өндіріс айқын қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша қолданылып, процестік тиімділік беріп келеді. Мұндай өндіріс сот отырысын өткізуді, дәлелдемелерді тура сот мәжілісінде зерттеуді қажет етпейді. Судья, жинақталған құжаттарға сүйеніп, үкімді тараптардың қатысуынсыз бұйрық түрінде шығарады.
Осыған ұқсас өндіріс Германияда (онда суммарлық өндіріс деп аталады) және басқа да көптеген елдерде қалыптасқан және мұндай процестік тәртіп қылмыстық кеңістікке тартылған адамдардың құқықтарына нұқсан келтірмейтіні сөзсіз. Бірақ та, басқа елдің мұндай тәжірибесін өзгеріссіз біздің ұлттық заңнамаға енгізудің қажеттілігі жоқ. Қылмыстық іс жүргізу қызметін барынша жеңілдету мақсатында олардың озық үлгілерін, сол сияқты өз мемлекетіміздің құқықтық процесінің ерекшеліктерін ескеріп, осындай бұйрықтық өндірісті қылмыстық теріс қылықтарға, мүмкін болса, онша ауыр емес санаттағы қылмыстарға да қолдану мәселесі де белсенді түрде талқылануда. Қылмыстық-процестік заңнаманы заман талабына қарай жетілдіру Конституциямызда бекітілген адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың бірден-бір кепілі болары анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»