Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2017

Қылмыстық процесті жаңғырту – заман талабы

851 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл еліміздің прокуратура органдары үшін өзгерістерге толы жыл болды. Шілде айында бірқатар жаңашыл бағыттағы «Прокуратура туралы» заңының күшіне енгені белгілі. Аталған заңда прокуратураның нақты үш міндеті айқындалды. Біріншіден, бұл – жоғары қадағалау, екіншіден – сотта мемлекет мүддесіне өкілдік ету, үшіншіден – мемлекет атынан қылмыстық қудалау.

 

Қылмыстық процесті жаңғырту – заман талабы

Қазіргі заманда қоғамның кез келген саласын жаңа технологияны пайдаланбай жетілдіру мүмкін емес. Отандық қылмыстық процесс те одан қалыс қалмайды. «Ақылды технологиялар» тұрғын­дар үшін ыңғайлы құрал ретінде қылмыстық процестің бір бөлігіне айналуда. Бұл орайды прокуратура – қыл­мыс­тық процесті сотқа дейінгі тергеп-тексеруден бастап істің соттар­да қаралуына дейін барша жұрт үшін ашық, айқын және ыңғайлы етуді басты мақсат етіп қойды.

Елбасымыз өзінің ағымдағы жылғы Жолдауында бес негізгі бағыт­­ты айқындай отырып, үшінші жаң­ғыртудың маңыздылығы мен мәнін ашып берді. Бұл болашаққа сенімді көпір, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсат­тарына жетуіне көмектеседі.

Мемлекет басшысы қыл­мыс­­­тық процестің жаңғыруын жетіл­­діру үшін құрамына Жоға­рғы соттың, Әділет министрлігі­нің, құқық қор­ғау және арнайы органдардың бірін­ші басшылары енген жұмыс тобын құрды және оларға бір ғана мін­дет қойылды, ол – осы жұмыс тобы­ның ұсыныстары азаматтар құқық­тары­ның қорғалу кепіл­дігін төмен­дет­пеуі тиіс. Сон­дағы жаңа заң нормалары билік пен халық арасындағы шынайы келіс­сөзге айналмақ.

Қазіргі уақытта, аталған топ­пен қылмыстық процесті жаң­ғырту­дың базалық бағыттары бо­йын­ша кешенді ұсыныстар әзір­ленді. Десек те, қылмыстық про­цесте азамат­тарды қорғау дәре­жесін арттыру және жазалауды төмендету және қылмыстық про­цестің жарыс­палылығын арттыру, ең алды­мен, адвокаттардың про­цестік мүм­кіндіктерін кеңейту ар­қылы, сотқа дейінгі сот сатысына сот­тық бақылауды арттыру және қылмыстық істер­ді тергеу рәсімдерін қысқарту мен қыл­мыстық процесті үнемдеу арқы­лы қамтамасыз етіледі. Айта кете­йік, бұл бағыттар «Заңның үстем­дігін қамтамасыз ету» Ұлт Жос­пары­ның 2-бағытына сәйкес келеді.

Ал енді қылмыстық процесті қайта реформалауда ең алдымен, аза­маттардың құқықтарының қор­ға­лу дәрежесін арттыру үшін қамау түрі қолданылмайтын негіз­дерді кеңейту көзделеді. Қамақ­қа алу, бас бостандығынан айыру – жазалаудың ең қатаң түрлері. Олар тек бұлтартпау және бас бос­тандығынан айыру шара­лары­ның басқа амал қалмаған кезде ғана қолданылады. Бұл жерде жасал­ғ­ан қылмыстың ауырлығы мен дәре­жесінің қоғам үшін қауіп­тілігі ескеріледі. Сондықтан да кепіл, үйқамаққа алу және т.б. бұ­л­тарт­пау шаралары кеңінен қолданылмақ.

Сол сияқты бұлтартпау шарасын таңдау үшін ұсталғандарды сотқа жеткізу мерзімін 48 сағатқа дейін азайту. Әлемдік талапқа сәйкес­тендірілген бұл жаңалық ұстау­ды дәлелдемелерді жинауда қысым жасау мен мәжбүрлеу құра­лы ретінде пайдалану қаупін төмен­д­ету үшін қажет. Оған қоса, про­к­урордың рөлін күдікті ұстал­ған сәттен бастап күшейту де ұсы­­нылуда. Сонымен қатар, бұл жер­­де көрсетілген қысқартылған мер­зім­дердің барлық қылмыс санат­тарына таралмайтындығын атап өткен жөн.

Құқық қорғау органдарымен тергеу әрекетінен тыс шыққан дәлелдемелерді жинау тәжірибесін тоқтатуды қолданысқа енгізу – азаматтарды жасандылықтан барынша қорғайды. Мұндай талап құқық қорғау органдарымен тергеудегі оқиға бойынша дәлелдемелер таппай, тұлғаны қандай да бір тәсілмен жауаптылыққа тарту мақсатында, аталған тұлғаға қатысты кез келген басқа айғақтарды қосымша іздеу мүмкіндігін болдырмайды. Яғни, бұдан былай қосымша анықталған деректер бойынша мүмкін болатын құқық бұзушылықтар бойынша дәлелдемелерді жинау оларды жеке СДТБТ-не (сотқа дейінгі тер­геп-тексерудің бірыңғай тізілі­мі) тір­кегеннен кейін ғана жүзеге асады.

Сондай-ақ жаңа заң сот бақы­лауын кеңейту мақсатында тергеу судьясына тергеу әрекет­терін санкциялау бойынша өкілет­тілікті кезең-кезеңмен беруді қарас­­тыра­ды. Тек, сот қана адам­ның құқы­ғын шектеуге санкция береді. Бұл – әлемдік тәжірибе.

Шет мемлекеттердің қылмыс­тық процеске бұйрық арқылы іс жүр­­гізу институтын енгізу тәжі­ри­бесі қылмыстық қуда­лау­дың же­дел­дік деңгейін арттырды. Бұй­рық арқылы іс жүргізу азамат­тық сот өндірісінде оң нәтиже бер­ді, соттың жұмысын жеңілдетті, осы­­лай­ша қоғамның тарапынан қол­дау тапты. Десек те, бұйрық арқы­лы іс жүргізу қылмыстық процес­те қарастырылмағандықтан, қыл­мыстық процесс қылмыстық құқық бұзушылықтар мен әрекет­тердің толық сот талқылауының болуына, оның негізсіз қүрделенуіне әкеліп отыр. Бұл ретте соттарға қылмыстық істерді сот отырыстарын өткізбей қылмыстар бойынша үкім және қылмыстық теріс қылықтар бойынша қаулылар шығару құқығын беру, қылмыстық процесті оның сапасына әсер етпей тездететіні сөзсіз.

Сапарбек НҰРПЕЙІСОВ,
Батыс Қазақстан облысының прокуроры