Атырауда жер учаскелерін заңсыз иеленіп алу немесе уақытша берілген мемлекеттік жерді қайтармау деректері жиі кездеседі. Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан жүргізілген 477 тексеруде 418 заң бұзушылық анықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Гүлзия Құрманова мәлімдеді.
Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің талаптарын бұзған атыраулықтарға 57 млн 832 мың 307 теңге көлемінде айыппұл салынды. Алайда жер заңдылықтарына немқұрайлы қарайтындар саны азаяр емес. Мысалы, Атырау облыстық көлік прокуратурасының ұсынысымен «ҚазТрансОйл» АҚ-ға «Қиғаш» желілік өндірістік стансасында және Құлсары мұнайөткізу басқармасында көлемі 59,72921 га жер учаскесін заңсыз пайдаланғандары үшін 4 764 900 теңге айыппұл салынып, жер заңдылығының бұзылуын жою туралы нұсқама табысталған.
Бұл қатарда «Ритм Ойл», «Констракшн KZ», «Эко Техникс», «АвтомирАтырау», «Контакт Ойл», «Меркур Авто», «Вест Моторс», «Абылай-хан», «ТенгизИнтерМұнайгазҚұрылыс», «Қызыл Балық» секілді мекемелер де бар.
«Ауыл шаруашылығы мақсатына берілген 811,4 га жер учаскесі мемлекет қорына қайтарылды. Сол сияқты, нысаналы мақсатқа сай игерілмеген жер учаскелерін мәжбүрлеп алу мақсатында басқарма сот органдарына 9 талап арыз жолдады. Ал жеке және заңды тұлғалар тарапынан биыл басқармаға 99 өтініш түсті», дейді Г.Құрманова.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»