Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2017

Алматыда Арбадағы би спорты конгресі өтеді

719 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда 19-21 қыркүйек  аралығында «Алматы» əйелдер клубы» қоғамдық бірлестігі, ҚР арбадағы спорттық би комитеті, Кенен Әзірбаев атындағы қор және Қазақстан мүгедектері ұжымдары одағының ұйымдастыруымен «Арбадағы би – өмірді өзгертетін спорт!» атты ашық би конгресі өтеді. 

Алматыда Арбадағы би спорты конгресі өтеді

Əлемдік спорттық би федерациясының ресми өкілі болып табылатын ҚР спорттық би федерациясы ассоциациясының (АФСТРК WDSF) қолдауымен «Самал» пансионатында өткелі отырған Para Dance Sport Бірінші ашық би конгресі аясында қазақстандық қимыл-тірек аппараты зақымдалған мүгедек спортшылар мен шетелдік өкілдерге арналған ақпараттық кездесулер мен шеберлік сағаттары өткізіледі. Былтырғы жылдың соңында Халықаралық паралимпиадалық комитет шешімімен «Арбадағы би спортынан» атты аталмыш спорт түрі IPC Wheelchair Dance Sport, яғни «Әлемдік арбадағы би спорты» (World Para Dance Sport) деп өзгертілген болатын. Ал жыл басында Лондонда Әлемдік спорттық би федерациясы қағидаларының негізінде 2017-2020 жылдарға арналған Арбадағы бидің жаңа ережелері қабылдануына орай, Қазақстан тарапынан да бірқатар өзгерістер орын алмақ.

Қазақстан мүгедектері ұжымдарының одағының төрағасы Әли, қалалық мәслихат депутаты Сабина Аманкелді, Қазақстан Республикасының Спорттық Би Федерациясының Вице-Президенті Ровальд Нагаев, «Алматы» əйелдер клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және ҚР арбадағы спорттық би комитетінің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Бент-Анат Бейсембаева, «Алматы» əйелдер клубы» қоғамдық бірлестігі басқармасының мүшесі Дәкен Төребекова, Республикалық құқықтық ақпарат орталығының меңгеруші серіктесі Руслан Жусанғалиев,  теле-радиожүргізуші Диана Снегина және басқа да қоғам өкілдері қатысатын іс-шараның басты мақсаты – қоғамның физикалық мүмкіндіктері шектеулі жандарға деген қатынасын өзгерту, мүгедектердің құқықтарын қорғау конвенциясын насихаттау, Арбадағы спорттық би комитетінің мақсататтырымен және міндеттерімен таныстыру болып табылады.

Еуропалық және латын-америкалық бағдарламалар бойынша шеберлік сабақтарымен қоса, жалпы физикалық дайындық жүргізілетін би конгресінде танысу кеші, түрлі ойын-сауық бағдарламасы өткізіліп, қатысушылар үшін арнайы Алматы қаласы бойынша және жасанды мұз айдыны бар спорт кешені «Медеуге»,«Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайына саяхаттар ұйымдастырылмақ.

Алматыда алғаш рет өткелі отырған аталмыш Конгресске қатысуға және пара би негіздерін уйренуге арбадағы би спортына спорт ретінде ресми мәртебе берілмеген Румыния, Түркия, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдердің өкілдері ықылас білдірген екен. Конгресс аясында арбадағы би әлемінде қолданыс тапқан өзекті ақпараттар, жаңа технологиялар және құралдар талқыланбақ. 

Арбадағы би тарихына тоқтала кетсек, 1968 жылдан бастап демалу және сауығу мақсатында арбадағы бимен айналыса бастаған ең бірінші адам – Швеция тұрғыны Элс-Бритт Ларссон. Ұлыбританияда 1960-шы жылдардың соңында арбадағы бимен айналысу – қимыл-тірек аппараты зақымдалған адамдар үшін сауығудың амалы саналды. Біртіндеп бұл спорт түріне деген қызығушылар қатары көбейіп, тіпті 1975 жылы Швецияда осы спорт түрінен 30 жұп арасында тұңғыш жарыс ұйымдастырылған. Ал Қазақстанда 2016 жылдан бастап бимен шынығудың негізінде жалпы физикалық дамуға үлес қосу мақсатында қолға алынып, 2017 жылы Арбадағы би комитеті құрылды. бимен айналысу арқа бұлшықеттерін катайтуға, буындардың шапшандылығын ұлғайтуға, омыртқа жотасына жасалатын жүктемені азайтуға, жалпы дене бітімінің, координацияның, вестибулярлық аппаратының дамуына себепкер болады дейді мамандар.

Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ