Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Зейнетақы аннуитеттері: мүмкіндіктері мен тәуекелі» деген тақырыпта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.
Заң жобасы бойынша Мемлекеттік аннуитеттік компания төрағасы Нұржан Әлимұханбетов баяндама жасады.
Мемлекеттік аннуитеттік компания (МАК) 2004 жылы Үкімет қаулысымен сақтандыру рыногын дамыту және республикадағы әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдету бағдарламаларын нәтижелі жүзеге асыру мақсатында құрылған еді. Акция пакеттерін толықтай басқару Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретінде. Компанияның сақтандыру агенттіктерінің желісі көп, Қазақстанның 25 қаласында кеңселері бар. Қазір МАК Қазақстанда өмірді сақтандыру бойынша компаниялар арасында бірнеше қаржылық көрсеткіштері бойынша көшбасшы болып келеді.
«Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» зейнетақы аннуитеті талаптарын жақсартуға бағытталған бірнеше өзгертулер енгізуді ұсынған. Әсіресе, зейнеткерлікке шығу кезінде жыныстық жас ерекшелігін ескере отырып, әйелдер үшін зейнетақы аннуитетін алуға жас ерекшелік шектеуін 5 жылға төмендету, табалдырығын 50 жас деп белгілеу жұртшылық назарын аударуда. Сонымен қатар, азаматтарға бірнеше сақтандыру ұйымдарымен зейнетақы аннуитет келісім-шартын жасасу және зейнетақы жинағы жеткіліксіз болған жағдайда, аннуитетті сатып алуға жетпей тұрған қаржыны өзге қаржы көздерінен қосымша төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Енді МАК жаңа өнім – бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитетін әзірлеу үстінде.
Зейнетақы аннуитеті – қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының алу жолын таңдау құқығын жүзеге асыратын жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бөлігі. Зейнетақы аннуитетi шарты бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшылары сақтандыру компаниясына міндетті зейнетақы жинақтарын аудару жолымен 55 жастан зейнетақы төлемдерін өмiр бойы ала алады.
«Егер қарастырылып отырған өзгертулерді парламентшілер қолдаса, онда зейнетақы аннуитеттері халықтың көптеген бөлігіне қолайлы болады», – дейді МАК төрағасы. Осы ұсыныстар заң жобасының таныстырылымы кезінде ортаға тасталды. Баяндамашыны мұқият тыңдаған Мәжіліс депутаттары Г.Сейітмағанбетова, М.Айсина, Ө.Бектөреев, Г.Исімбаева, В.Киянский, О.Киколенко, Е.Тарасенко заң жобасына ұсыныс енгізушілерге халықтың көкейінде жүрген сұрақтарды қойды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.