Басқосуға «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев жетекшілік етті.
«Өткен аптада ғана Парламент қабырғасында латын әліпбиінің жаңа үлгісі алғаш рет таныстырылғаны бәрімізге белгілі. Содан кейін бұл мәселе ел ішінде қызу талқыланып, қоғам тарапынан сан түрлі ұсыныс, пікірлер айтылып жатыр. Бұлай болуы заңдылық та шығар. Осы орайда, құрамына мемлекет және қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалар енетін республикалық ұйым ретінде біз де латын әліпбиіне қатысты үн қосқанды жөн санадық. Ондағы мақсатымыз – қалың ел талқылап жатқан мәселеге қатысты өзіміздің сын-ескертпелерімізді айтып, қолдауымызды білдіру еді», деді ол.
Содан кейін негізгі баяндаманы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерден Қажыбек пен Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, жұмыс тобының мүшесі Ербол Тілешов жасады.
«Біздің тіліміз – Елбасы айтқан рухани жаңғырудың негізі әрі іргетасы деп айтсақ болады. Рухани жаңғыру – жан дүниеміздің өзегі. Сондықтан да бұл ең маңызды мәселе. Ал Мемлекет басшысы алдымызға қойған бірнеше бағыттың ешбірін де тілсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Ендеше тілімізді латын таңбасымен белгілеуде біз, ең алдымен, енгізгелі отырған латын графикасын өзіміздің төл табиғатымызға мейлінше бағындыруымыз қажет», деген Ерден Задаұлы, әліпби ауыстырудың халықаралық тәжірибесінде кейбір мәселелерге жіті назар аударылғанын да атап өтті.
Оның айтуынша, әсіресе түркі тілдес мемлекеттердің тарихына көбірек көңіл бөлінген. Сол сияқты Еуропа елдерінің де тәжірибесі мұқият зерделенген.
«Мәселен, Түркия 7-8 ай ішінде латын әліпбиіне көшеміз деп асығыстық жасау салдарынан «қ», «ң» секілді төл дыбыстарын жоғалтып алса, Әзербайжан халқы латын таңбасына көшу арқылы абайсызда «г»-ге айналып кеткен «қ» әрпімен қайта қауышты. Сондықтан да, бізге жыл соңына дейін күллі қазақ жұрты болып латын таңбасына негізделген жаңа әліпби жобасын талдап, таразылап, белгілі бір шешімге келуімізге мүмкіндіктеріміз бар. Оған қоса, оны кеңінен қолданысқа енгізгенге дейін алдымызда төрт жылымыз бар. Ендеше, бұл мәселені ел болып, електен өткізіп, тиімді шешім қабылдайтынымызға сенімдімін», деді Е.Қажыбек.
Ал Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры әрі жұмыс тобының мүшесі ретінде сөз алған Ербол Тілешов болса, латын таңбасына негізделген жаңа үлгідегі әліпбиде көрсетілген 8 диграфты қиынсынудың қисынсыз екендігін кесіп айтты.
«Біз қоғам талқысына ұсынған жобамыздағы 8 диграфтың бесеуі көзі ашық, көкірегі ояу жан үшін жат емес. Олар халықаралық шеңберде бізге дейін де кеңінен қолданысқа еніп, көз үйреніп, көңіл сенген десек те болады. «Тыңнан түрен салып» жаңадан ойлап тауып, ұсынғанымыз – екі әріптен құралған диграфтар арқылы үш таңбаны белгілегеніміз еді. Оның өзін де біз Ахмет Байтұрсыновтың еңбектеріне жүгіне отырып, барынша төл таңбамыздың табиғатын сақтауға тырысып бақтық. Біле-білсек, әлемде сегіз емес, он емес, тіпті 20 диграфы бар әліпбилер де бар. Сондықтан да біздің ойымызша, қос таңба арқылы бір әріпті белгілеу мәселесіне үрке қараудың қажеті жоқ сияқты», деді ол.
Талқылауда сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков жалаң ұранға салынбай, әркім өз саласында кәсіби маман ретінде айналысу керектігін көпшіліктің қаперіне салды.
Елбасымыз он ойланып, сан толғанып бұл мәселеге тиянақты дайындықпен кірісуді тапсырды. Ендігі жерде бұл мәселемен осы іспен кәсіби тұрғыда шұғылданып жүрген нағыз мамандар айналысқаны жөн. Мен өзім филолог болсам да, латын таңбасын анықтау ісін лингвист ғалымдардың еншісіне қалдырар едім. Қазақ тілі әлемдегі орасан зор бай тілдердің қатарына жатады. Тек осы байлығымызды сақтай білейік. Оны күлкіге айналдырудан қорғап, қолдануға қолайсыз етпейік. Себебі қазақтың тілі ақиқатында мінсіз тіл», деді М.Жолдасбеков.
Кеңеске қатысушылар арасында өрбіген әңгіме желісі де тартысты болды. Бейнеконференция арқылы онлайн-режімде өткен жиында Алматы қаласынан байланысқа шыққан А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек қазіргі қолға алынып жатқан тірліктің бәрі біз үшін емес, болашақ ұрпақ үшін жасалынып жатқан дүние екенін баса айтты. Сондай-ақ отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай мен «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, қоғам қайраткері Алдан Смайыл мен Оразкүл Асанғазы сөз алып, латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты тұщымды ой, салмақты пікірлерін ортаға салды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»