Татулық пен тұрақтылық – қоғам өмірінің іргетасы, осы екі ұғым орныққан елде даму бар, өркендеу бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін бар болғаны 25 жыл өткенде Қазақстанның әлемнің озық дамыған 30 мемлекетінің қатарында болуға ұмтылуы, бірқатар экономикалық көрсеткіштер бойынша қазірдің өзінде бұл межеге жетуі – ең алдымен осы татулық пен тұрақтылықтың арқасында. Бұл ретте Елбасымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған этносаясаттың арқасында республикамызда экономикалық тұрақтылық пен ұлтаралық келісім орнықты деп айта аламыз.
Қазақ жеріндегі татулық пен тұрақтылықтың тамыры тереңде жатыр. Біздің халқымыз қуғындалған, жапа шеккен мың сан адамды бауырына басып, өзінің қаншалықты кең пейілді, бейбіт ниетті, мейірбан ел екенін әлемге паш етті. Енді әлем халқы осындай «ғажайып елді» көруге құштар. ЭКСПО-ға келген, Ассамблея өткізген іс-шараларға қатысқан қонақтар солай дейді.
Герман Бундестагының депутаты, федералдық үкіметтің қоныс аударушылар мен аз ұлттар істері жөніндегі уәкілі Х.Кошик, Ресей немістері одағының федералдық төрағасы В.Айзенбраун, Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Т.Хельм, Польша президенті Анджей Дуданың жұбайы Агата Корнхаусер-Дуда, тағы басқалар этномәдени бірлестіктер қызметімен танысып, әсер алып, көкейлеріне көптеген ой түйгендерін айтты.
ЭКСПО көрмесі аясында Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін таныстыруға арналған іс-шаралардың түрлі форматта өткізілуі – біздің елде қоғамдық келісім өмірдің бар саласында табиғи түрде қалыптасқан құбылыс екенін таныту үшін ұтымды ойластырылған амал. Айталық, өткен жексенбіде, Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Біз – Қазақстан халқымыз» атты фестиваль өтті.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен-ақ қоғамда ұлтаралық және конфессияаралық келісімді орнатуды басты байлығымыз деп жария еткен Елбасы осы ұстанымның берік орнауын талап етті. Бүгінде қазақ елінің байтақ жері өзге ұлт өкілдері үшін бірегей шаңыраққа айналды. Олар Қазақстанды «Отаным» деп таныса, ана тілімізде ән шырқаса – бұл ең алдымен қазақтың мерейі емес пе!
Бір жақсысы, фестивальдың әр нөмірінен еліміздегі мемлекеттік тілді игеру саясаты көрініс тауып жатты. Татарша, орысша, ұйғырша айтылған әндердің өзінде мемлекеттік тілдегі мәтінге басымдық берілген. Басқа этностар өкілдерінің қазақтың ұлттық аспаптарында ойнауы да бұрынғы жылдарға қарағанда көбірек болды. Ал «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Сабыр Гусейнов домбырада өзі шығарған «Үшқоңыр» аспаптық композициясын орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Ақтөбелік «Veilchen» немістер хоры «Ақтөбем» әнін, «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің әншісі Лиана Плузян «Атырау-арман» әнін, өзбек өнерпазы Нодир Халметов «Шымқала» әнін, корейлердің «Чен-рю» этномәдени бірлестігінің хоры «Астана кеші» әнін қазақ тілінде орындауы жиналғандарға ерекше әсер етті.
Жамбыл облысындағы дүнген этномәдени бірлестігінен келген «Юнчи» домбырашылар триосының орындауындағы «Көне Тараз» композициясы ешкімді бейжай қалдырмады. Күмбірлеген домбыра үні мен күмбезді сарайларды, керуен көшін көрсеткен бейнебаян ұштасып, залдың ішін ежелгі дәуірден жеткендей сиқырлы әуен баурап алды. Дегенмен, павлодарлық «Халкъанбарт» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің «Илли» вокалдық тобы мен «Даймохк» хореографиялық ансамблі фестивальдың көркі болды десек, асыра айтқанымыз емес.
Шетелдік қонақтарымыз фестиваль арқылы Қазақстан халқының бірлігі мен мәдени әралуандығының ерекшеліктерін таныса, қала тұрғындары, өз отандастарымыз әдемі ән тыңдап, сергіп, «Біз – Қазақстан халқымыз» деп серпіліп қайтты.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ бас сарапшысы