Фестивальдың үздіктерін анықтауға қатысқан қазылар алқасы мүшелерінің ішінде Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Ахат Ибраев, «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Дебют» шағын өндірістік бірлестігінің басшысы Анар Қашағанова, режиссер Жаңабек Жетіруов, қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов және басқалары бар.
Екі күнге созылған «Байқоңыр» қысқа метражды фильмдер фестивалының қорытындысы бойынша, төмендегі фильмдер топ жарып шықты.
Олар: «Малыбайдағы оқиға» үшін Тұран Мұрал «Үздік оператор», «Куб» фильмі үшін Бекен Нарбай «Үздік қоюшы-суретші», – «6 пәтердің» авторы Олжас Ахметов «Үздік сценарий», Сәбит Әбдінің «Ғайша» фильмі «Үздік эксперименталды фильм», Жайық Белқожаевтың «Мен оралдым» фильмі «Үздік деректі фильм», Тоғжан Байсабаеваның «Сиқырлы бақшасы» «Үздік анимациялық фильм» болып танылды. Перизат Маденова «Үздік актриса», Ерболат Ержанов «Үздік актер» атанды. «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» Самғар Рақымның «Малыбайдағы оқиға» фильміне бұйырды.
Атауы айтып тұрғандай, рухы биік, білімді бола тұра, баспананың азабын тартқан екі жас алып шаһардан пәтер іздеп жүріп, түрлі адамдармен бетпе-бет келіп, шытырман оқиғаларға тап болады. Бүгінгі қоғамның шындығын трагикомедия арқылы жеткізген режиссер Ербол Бораншының «Пәтер» фильмі Камбоджадағы VІ-халықаралық Chaktomuk қысқаметражды фильмдер фестивалінің іріктеуінен өтіп, негізгі бағдарламасында бақ сынайды. Фестиваль Пномпен қаласында 25-30 қазан аралығында өтеді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ