Бұл жолы баллистикалық зымыран Жапонияның Хоккайдо аралының үстінен өтіп, Тынық мұхитына құлады. Ол межелі жерге жеткенше 20 минут өткен. КХДР-дың қоқан-лоқы көрсетуіне әлем елдері іле-шала жауап қатты. Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Есихидэ Суга Солтүстік Кореяның арандатушылығына төзбейтінін мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон да сынақты айыптайтынын айтты.
BBC арнасының ақпаратына сүйенсек, солтүстіктегі көршісінің әрекетіне жауап ретінде Оңтүстік Корея да екі баллистикалық ракета ұшырыпты. Оның біреуі нысананы жұлып түссе, екіншісі ашық суға құлады.
Солтүстік Кореяның қандай зымыранды сынақтан өткізгені әзірге белгісіз. Жапония сыртқы істер министрінің пікірінше, сынақта құрлықаралық баллистикалық ракета (ҚАБР) қолданылған. АҚШ пен Оңтүстік Корея орта қашықтыққа арналған зымыран ұшырылды деп пайымдап отыр. Дегенмен, мына нәрсе анық. Тынық мұхитына жіберілген «сәлемдеме» тамызда сыналған Hwasong-12-ге қарағанда 800 километрге артық ұшып, шамамен 3700 километр қашықтықты бағындырған.
The New York Times басылымы АҚШ-тың да, Жапонияның да баллистикалық қаруды атып түсіруге талпынбағанын хабарлады. Өйткені зымыран көкке көтерілген бетте оның ашық теңізге құлайтыны белгілі болған. Бұл жөнінде Солтүстік Америка әуе және ғарыш қорғаныс қызметінің командирі Дэйв Бенам The New York Times газетіне берген сұхбатында мәлімдеді. Командир Бенамның сөзіне сүйенсек, баллистикалық қару Гуам аралына да, АҚШ-қа да қауіп төндірген жоқ.
Батыстың Гуам жөнінде сөз қозғауына негіз бар. Тамыздың басында КХДР көсемі Ким Чен Ын АҚШ-тың әскери базасы орналасқан аралға шабуыл жасауға әзір екенін жеткізген-ді. Бұдан бөлек, өткен бейсенбіде Ким Чен Ын Жапонияны «суға батырып жіберетінін» және АҚШ-ты «күлін көкке ұшыратынын» айтып жар салды. Оның сөзі дөңайбат көрсету секілді көрінсе де, әр сынақ сайын баллистикалық ракетаның қамту аймағы ұлғайғаны ойлантпай қоймайды. The New York Times басылымы Ким Чен Ын кез келген уақытта америкалық әскери базаға ядролық «сәлемдеме» жіберуі ықтимал екенінен қауіптенетін жасырған жоқ. Өйткені Гуам аралы Солтүстік Кореядан 2400 километр қашықтықта орналасқан. Соңғы сынақта Кимнің қаруы 3700 шақырымды бағындырып, аралды қиратуға қабілетті екенін көрсетті.
Reuters агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Солтүстік Корея медиасы Ким Чен Ынның тыным таппай баллистикалық зымырандарын сынақтан өткізуі әскери тепе-теңдікке қол жеткізуге арналғанын мәлімдеген. CNN Ким Чен Ынның әрекетін АҚШ-тың негізгі құрлығын ядролық қарумен бомбалауға талпыныс деп түсіндіреді. Арнаның пайымдауынша, соңғы баллистикалық сынақ КХДР-дың көздеген мақсатына таяу қалғанын көрсетеді. Әйтсе де жауабы жоқ сұрақтар әлі де көп. «Пхеньянда жер атмосферасына қайта енгенде жанып кетпей нысанаға жететін оқтұмсықтар бар ма?» деп сұрайды CNN. Сондай-ақ зымыранның тұмсығына сыятындай кішігірім ядролық қарудың бар-жоғы да белгісіз. Ким Чен Ын бір сөзінде ядролық оқтұмсықтарға ие екенін айтқан-ды. Кей сарапшылардың Солтүстік Корея ондай деңгейге өткеніне күмәнмен қарайтынын хабарлайды CNN арнасы. Әйтсе де, АҚШ билігі Ким Чен Ынның сөзіне бей-жай қарауға болмайды деп есептейді.
Солтүстік Кореядан қауіптену бекер емес. Қыркүйектің басында КХДР медиасы термоядролық, яғни сутегі бомбасы сынақтан сәтті өткенін хабарлады. Қару күшінің қарқыны қатты болғаны соншалық, 6,3 балдық жер сілкінісі тіркелген. Сарапшылардың пікірінше, бұл жарылыстың қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 8 есе көп. The Guardian газеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазірдің өзінде Калифорния тұрғындары ядролық қарудан қорғанудың әрекетін бастап кетіпті.
АҚШ қорғаныс министрінің бұрынғы кеңесшісі Лоуренс Корбтың Al Jazeera арнасына берген сұхбатында КХДР әрекетіне таңғалудың қажеті жоқ екенін айтады. Корбтың пікірінше, Ким Чен Ын баллистикалық ракетаны тағы ұшыруы БҰҰ-ның санкциясына қарсы наразылығы секілді. Естеріңізде болса, 11 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Солтүстік Кореяға қатысты жаңа қарар қабылдаған-ды. Онда КХДР-дан тоқыма бұйымдарын сатып алуға, оған газ конденсатын сатуға толық тыйым салынып, Солтүстік Кореяның порттарына кіретін және шығатын жүк кемелері тексерілетіні мәлімделген-ді. Бұл шаралар Солтүстік Кореяның экспортын 90%-ға дейін төмендетуге бағытталған. Қазақстан тарапы да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде аталған қарарды бірауыздан мақұлдады.
«Солтүстік Кореяның жауапсыз саясаты ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдеріске кесірін тигізіп, ғаламшардың ядролық қарусыз болашағын қамтамасыз ету бойынша ұжымдық үлестерге нұқсан келтіреді», деді Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»