Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты мен БҰҰ ДБ-ның қолдауымен «Қолайсыз отбасы, қараусыз және панасыз қалған балалар» тақырыбында «Нұр Отан» ХДП-ның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің дөңгелек үстел отырысы өтті.
Отырысты Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова жүргізіп, оған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев қатысты.
Қазіргі таңда елімізде 18 жасқа дейінгі 5 млн. шамасында бала бар. Оның 17 мыңнан астамы қолайсыз отбасыларда тәрбиеленсе, 11 мыңнан астамы ішкі істер органдарында есепте тұрады. ІІМ мәліметтері бойынша, жыл сайын 10 мыңдай қараусыз және панасыз қалған балалар анықталады.
Бүгінде кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеудің 18 орталығы ІІМ жүйесінен жергілікті атқарушы органдардың білім беру жүйесіне беріліп, олар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары болып қайта құрылды. 2011 жылдың басынан бұл орталықтарда 939 бала күтілсе, оның ішіндегі 784-і – қараусыз және панасыз балалар, 125-і – ата-анасының қарауынсыз қалғандар, 30-ы – арнайы білім беру мекемелеріне жолданатындар.
Жыл сайын бір мыңдай ата-ана балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін ата-аналық құқынан айрылады. Отбасылық қолайсыздықтың басты себебі отбасы мәртебесінің, отбасылық құндылықтардың, қауымдасып өмір сүру салтының бұзылып, ата-аналардың маскүнемдікке салынуында жатыр.
Дөңгелек үстелде Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Тыныбеков «Ішкі істер органдарының қолайсыз отбасылармен профилактикалық жұмысы, сондай-ақ балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алудағы рөлі туралы», Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков «Отбасылық қолайсыздық – қараусыздық пен панасыздықты көбейтетін фактор» деген тақырыптарда баяндама жасады.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының жанындағы Әлеуметтік кеңестің мүшесі Гүлмира Исімбаева «Білім беру және жастар саясаты туралы мемлекеттік бағдарламаны, балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеу», «Балаларды әлеуметтік бейімдеу орталығы» ҚБ психологы Наталья Красникова «Әлеуметтік жетімдік профилактикасының моделі, отбасылық қолайсыздықты ерте анықтау», Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова «Қолайсыз отбасыларды еңсеру бойынша мемлекеттік саясат – өңірлік аспект» деген тақырыптарды талқылап сөз сөйледі.
Әлеуметтік кеңестің отырысына қатысушылар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Экономикалық даму және сауда, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Байланыс және ақпарат, Әділет және Сыртқы істер министрліктеріне талқылау қорытындылары бойынша тиісті ұсынымдар жасады.
Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.