Жылы жүздесу барысында Алексей Волков дін басшысына 130 этнос пен түрлі дін конфессиялары бейбіт пен келісімде ғұмыр кешетін Қазақстан соңғы 25 жыл ішінде экономикасы қарқынды дамып келе жатқан дербес мемлекетке айналғанын атап өтті. Қазақстан өкілі елімізде исламнан басқа православие дінінің кең тарағанын айтты. Бұл орайда, ол Қазақстан қоғамының өмірінде дәстүрлі конфессиялардың, атап айтқанда ислам мен православиенің атқаратын ерекше рөлдеріне тоқталды.
Алексей Волков православие дінінің Қазақстан мен Грекия арасындағы достық пен бірігудің факторы екеніне назар аударды. Осы контексте, қазақстандық дипломат екі мемлекет арасында достық көпірі саналатын елімізде өмір сүретін көпсанды грек диаспорасының маңыздылығын сөз етті.
Саяси мәселелер мен Қазақстанның халықаралық бастамаларын талқылау барысында, елші мемлекетіміздің конфессияаралық және ұлтаралық келісімді сақтау және де Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың жаһан шеңберінде дінаралық диалогты алға тартудағы жеке үлесіне ерекше мән берді. Осы орайда, А.Волков Архиепископ Иероним II-ні Қазақстанда құрылған диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезіне атсалысуға шақырды.
Өз кезегінде, Архиепископ Иероним ΙΙ Қазақстан елшісін берілген ақпарат пен елдеріміз арасында достықты нығайту бағытында қосып келе жатқан үлесі үшін шынайы алғысын білдірді. Ол Қазақстанның дінаралық диалогты дамытудағы тәжірибесін мұқият зерттеуге ниетін білдіре отыра, 2018 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VI съезіне қатысатынын жеткізді.