Мемлекет тарапынан аграрлық ғылым саласына көрсетілетін көмек, серпінді инновацияларды жүзеге асыру үшін мегагранттар бөлу, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы көлемін ұлғайту, жобаларды технологиялық сараптау мен сынақтан өткізетін ірі орталықтар құру сияқты көптеген өзекті мәселелерді шешу жолдары кезек күтіп тұр.
Бүгінде Қазақстанда 23 ғылыми-зерттеу институты, 14 тәжірибе шаруашылығы және 10 білім тарату – Экстеншн орталығы қызмет атқарады. Ал АҚШ-та – 10 ғылыми-зерттеу институты, 91 тәжірибе шаруашылығы, 2900 білім тарату орталығы, Аргентинада 4 ҒЗИ, 47 тәжірибе шаруашылығы, 320 білім тарату орталығы бар. Өзге елдерде де осындай көрсеткіштер тіркелген. Ғылыми-зерттеу институттары, тәжiрибе шаруашылықтары және білім беру орталықтарының санына байланысты біздің елде басқа мемлекеттермен салыстырғанда «төңкерілген пирамида» байқалады. Қазақстан ғылыми-зерттеу институттары саны бойынша көптеген шетелдерден озық тұр, бірақ білім тарату орталықтарының саны анағұрлым аз. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелерінің өндіріске іс жүзінде енгізілмей жатқанын, ал білім беру орталықтары агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері үшін тек біліктілікті арттыру курстарын өткізумен ғана шектелетінін көрсетіп отыр.
Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық тиімділігін жоғарылату үшін Қазақстандағы ғылыми зерттеулердің нәтижесін өндіріске енгізу, агробизнеске озық тәжірибе мен білімді тартуға, ауыл кәсіпкерлерінің білімдерін көтеру үшін тәжірибе шаруашылықтарымен озық білімді таратудың заманауи жүйесін көбейту қажет. Сондықтан, Қазақстанда ғылыми-зерттеу институттарының санын көбейтуден гөрі инновацияға бейімделген тәжірибе шаруашылықтары мен білім тарату орталықтарының санын арттыру тиімді болар еді. Себебі, қазіргі таңда елдің ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің 12 пайызының ғана ортадан жоғары және жоғары білімі бар.
Мемлекет басшысы ғылымға жаңалық алып келетін жастар екенін үнемі айтып келеді. Оларға мемлекет тарапына үлкен қолдаулар көрсетілуде. «Болашақ» бағдарламасы осының айқын көрінісі. Бірақ, осы салада шет мемлекеттерден инновациялық технологиялар мен озық білім трансфертін тартатын жаңа форматтағы ғалымдардың саны өте төмен. Айта кетсек, тәуелсіздік алған 25 жылда ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Болашақ» бағдарламасымен 70 жас маман ғана шетелдерде оқып, біліктілігін арттырып келген. Бәсекеге қабілетті, заманауи озық біліммен қаруланған, жаңаша ойлайтын кәсіби мамандардың тапшылығынан ауыл шаруашылығы саласында инновациялық технологияларды игеру үрдісі баяу жүргізілуде.
Оқу орнымыз 2010 жылдан бастап зерттеу университетіне трансформациялану бойынша стратегиялық бағытта жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Трансформациялану тәжірибесіне шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының 13 білікті ғалымы оң бағаларын беріп, сараптамалық тұжырымдамаларын ұсынды. Трансформация шеңберінде, 2016 жылы университетте Агротехнологиялық хаб құрылды. Оның қызметі агроөнеркәсіп кешеніне инновациялық технологияларды, стартап-жобаларды, идеяларды тартуға, оларды өндіріске енгізуге, сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігінің тетіктерін іске асырып, университеттің өзін-өзі қаржыландыруын және дербестігін қамтамасыз етуге арналған. Сол арқылы жалпы республиканың ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болады. Қазіргі кезде Агротехнологиялық хаб негізінде АҚШ, Еуропа және Азия мемлекеттеріндегі 36 ғылыми орталықпен тығыз әріптестік байланыс орнатылып, әлемнің 13 беделді жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламасы іске асырылуда.
Бүгінде агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері тиіс. Осы мақсатта біз студенттер, магистранттар мен PhD докторанттардың өндіріс орындарында тәжірибеден өтуі мәселесіне баса назар аударып, бүгінде оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 7 айға дейін ұзарттық. Бұл жерде айтатын бір мәселе, университетте білім алушылар 2-курстан бастап агробизнесті ұйымдастыру пәні бойынша өздері шыққан өңірлердегі шаруашылықтарда тәжірибеден өтіп, бизнес-жоспарларын жасау үшін нақты мәліметтер жинап, дайын жобаларын комиссия алдында қорғайды. Студенттердің орындайтын барлық дипломдық, магистрлік және докторлық диссертацияларында бір бөлім зерттеліп отырған бағыттың экономикалық тиімділігіне арналуы тиіс. Бұл талаптар келешекте мамандардың тәжірибеге бейімделуін және аграрлық нарықта сұранысқа ие болуын жоғарылатып, кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді.
Университетіміздің діңгегі саналатын Агротехнологиялық хаб қызметі аясында бүгінде Корнель университетімен «Жергілікті алманың перспективті сұрыптарының гендік қорын зерттеу», Колумбияның NASA университетімен, АҚШ-тың Мичиган штаты университетімен «Климаттық модельдеу арқылы дәнді дақылдардың өнімділігін жоспарлау», Малайзияның Путра университеті мамандарымен «Халал өнімдер өндірісі технологиясы», Финляндия ғалымдарымен «Тағам қауіпсіздігі және ветеринария» мәселелері бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, Америка, Қытай, Ресей ғалымдарымен бірге «Зиянкестер мен сортаңдарды алдын ала анықтау» бойынша, «Геоскан» мен NASA ғалымдарымен «Агроөнеркәсіп кешеніндегі тәуекелдердің ортақ жүйесін құру» жобалары жүзеге асуда.
Мұндай ауқымды жобалар еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарында да жүргізілуде. Мысалы, «Нан өнімін шығаруға арналған микроорганизмдер түрлерінің жиынтығы», «Органикалық ауылшаруашылық өнімдерін өндіру», «Арал теңізінің құрғатылған жерінде фитомелиоративтік өсімдіктердің технологиясын қалыптастыру», «Арнайы мал азығын дайындаудың отандық рецептурасын жасап, өндіріске енгізу», «Қойдың «Ордабасы» тұқымының өнімділігі жоғары, экологиялық таза етін шығару» жобалары бар.
Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолданыстағы ғылыми-зерттеу институттарының тиімді жұмыс жасауы үшін салаларға байланысты топтастырып, құрылымдарын қайтадан қарастырып, олардың базаларында 10-12 салалық ғылыми-зерттеу институттарын құру қажет. Бұлай болған жағдайда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуде басымдық ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарына берілетін болады. Жергілікті жағдайларға байланысты технологияларды анықтау және оның бейімделуі мақсатында жасалған зерттеулер нәтижесі тәжірибелі шаруашылықтарға берілуі керек.
Қазақстан әзірге жаһандық технологиялық кеңістікке кіруге толық дайын емес, себебі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру көлемі, ҒЗИ мен тәжірибе шаруашылықтарының ғылыми әлеуеті бойынша әлемдік технологиялық тізбекке енбеді десе де болады. Барлық ғылыми-зерттеу институттарын цифрлы жүйеге көшіріп, агроинновациялық парктер құрып, жаңа формациядағы жас ғалымдарды дайындау үрдісін күшейту керек.
Кейінгі кезде көптеген жаңа инновациялық жобалар өндірісте қолдау таппай келеді. Оған қаржылық кедергілер, сараптаманың жоқтығы, жобалардың технологиялық сынаудан өтпеуі, ғалымдардың ғылыми-зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге дейінгі жауапкершілігінің болмауы және инновациялық жобаларды ынталандыру механизмдерінің жетілдірілмеуі себеп.
Қазір заман басқа. Қоғам жаңарып, өзгерді. Жаңа дәуір жаңа міндеттер қойып, қоғамның барлық саласына жаңаша көзқарас қалыптаса бастады. Бүгінгі әлемде ұлттық құндылықтарын сақтаған, бәсекеге қабілетті, білімді де белсенді халық қана болашағына сеніммен қарай алатынын өмірдің өзі көрсетуде. Мемлекет басшысы озық білім мен терең ғылымсыз, рухани жаңғырусыз экономикалық жетістікке жетіп, өркениеттен орын алу мүмкін еместігін дәлелдеп, болашақ бағдарымызды айқындап берді.
Бұл ретте Елбасымыздың Қазақстанда жүргізіп отырған аграрлық саясаты ауыл шаруашылығы саласын өркендету, аграрлық білім, ғылым мен өндіріс интеграциясын дамыту арқылы агроөнеркәсіптік кешенде бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған өнімдер көлемін арттыруды, еліміздегі тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етуде.