Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында аграрлық сектор экономиканың және шикізаттық емес экспортты өсіру драйвері болуы керек екенін атап көрсеткен болатын. Бүгінгі таңда өңірлерде бұл бастама қолдау тауып, нәтижесінде асыраушы саланың алға озуына серпін беріп отыр. Сонымен қатар Үкіметтің қолдауы арқылы сала бойынша өңірлердің даму деңгейі де айтарлықтай дәрежеге жетті.
Мәселен Жамбыл облысында бүгінде егістік алқаптарының мөлшері 38,5 гектарға өсіп, 630 мың гектарды құрады. Айта кетерлігі, өңір шаруалары мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары арасындағы әріптестік оң нәтиже беруде. Бидайдың жаңа сұрыптары мен заманауи құрал-жабдықтарды қолдану арқылы өңірліктер соңғы екі жылда гектарынан 24-25 центнерден өнім алып келеді. Биылғы жылы өнім көлемі 2 есеге артып, 1 миллион 200 мың тоннаға жетті. Бұл Әулиеата өңірінде бұрын-соңды бола қоймаған айтарлықтай жаңалық болды.
Қазіргі кезде өңірде күзгі дала жұмыстары қызу қолға алынып, күздік дақыл егуге межеленген алқап 100,1 мың гектарға жетіп отыр. Әсіресе Т.Рысқұлов, Қордай, Шу аудандарында дайындалған алқаптардың көлемі өңірдің ауыл шаруашылығы саласына оң серпін беруде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұловтың айтуынша, бүгінгі таңда аймақта қант қызылшасы, жүгері, мақсары, соя сынды басым дақылдардың алқабын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Айталық, биылғы жылы қызылша алқаптарының көлемі 9,5 мың гектарға жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8 мың гектарға артық. Былтырғы жылы 5 мың гектар алқаптан 116 мың тонна тәтті түбір жиналып, гектарынан 232 центнерден өнім алынған. Ағымдағы жылы 180 мың тонна қант қызылшасын жинап, 18 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Меркі қант зауытын қайта жаңғыртудан өткізуге 1 миллиард теңге бөлінді. Алдағы уақытта аталған зауыт мыңдаған тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеп, халықты қант өнімдерімен қамтуға қауқарлы болмақ.
Бүгінде облыс бойынша картоп өнімдерінен 7211 гектар, көкөніс өнімдерінен 16973 гектар, ал дәндік жүгеріден 350,0 гектар алқап нақты жиналған. Сонымен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы техникалық инспекция бөлімінің мәліметінше, Үкімет тарапынан жазғы-күзгі егіс жұмыстарына 15 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бөлім басшысы Зиятхан Өмірәлиев бүгінде бөлінген отынның 12,5 мың тоннасы мақсатты игерілгенін айтып отыр.
Дегенмен, өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір мәселелер де бүгінде өзекті болып қалуда. Жуырда ғана Жамбыл облысына жасаған сапары кезінде Елбасы облыста жер учаскелерінің көп бөлігі тиімді пайдаланылмай келе жатқанын айта келіп, оларды отбасылық ферма ретінде пайдалану үшін тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырған болатын. Ендігі кезекте Елбасы тапсырмасына орай өңірде нақты жұмыстар қолға алынса, жалпы егістік көлемі бұл межеден де артып, өңір экономикасының дамуына оң серпін беретін болады.
Жалпы, жамбылдық агрономдар көбіне ылғал сақтауға арналған технологияны қолданады. Биылғы жылы ылғал сақтау қондырғылары 27 мың гектар алқапта жұмыс жасап тұр. Тағы 15 мың гектарға суды үнемдеуге арналған жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ, қазіргі таңда өңірде 187 мың гектар суармалы егістік алқабы бар. Осының нәтижесінде облыстағы үдемелі бақ көлемі 352 гектарға жетті. Бір айта кетерлігі, Жамбыл облысындағы суармалы егістік алқаптарының 80 пайызы көрші Қырғыз Республикасының су ресурстарына тәуелді. Сондықтан, аймақта жалпы көлемі 99 миллион текше метр болатын 4 кіші су қоймасын салу қолға алынды.
Өңір өмірін өркендетуде мемлекеттің, Үкіметтің қолдауы экономиканы арттырып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын жақсартуға да оң ықпалын тигізіп отыр. жыл сайын Үкімет тарапынан бөлінетін қаражат, арзандатылған дизель отыны, сонымен қатар жалпы қажеттіліктер де Әулиеата жерінің ырысын шалқытып отырғаны анық. Егін, мал шаруашылығы сияқты тіршілікке қолайлы өңір биыл да күзгі дала жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Ең бастысы, жыл сайын көрсеткіш көлемі артып, межелі міндет лайықты жүзеге асуда. Жалпы, халықтың ырысы мен тіршіліктің нәрі де қара жердің қойнауында, даланың тұтас болмысында тұр.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы