Жобаларды басқарудың жаңа тәсілдерін үйретуді мақсат етіп отырғанын айтқан «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің мүшесі Ғани Нығметов жоба мақсатына тоқталды.
– Жастарға жеке көшбасшылық құзыреттілігі мен дағдысын үйрету, әлеуметтік кәсіпкерлікті тиімді жүргізу бүгінде өте маңызды. Президент жариялаған бағдарламалық мақалада айтылған міндеттерді іске асыруға білім беру арқылы үлес қоса аламыз. Қозғалысымызға мүше азаматтардың қатары жыл сайын артып келеді. Білім беру мен оқыту – рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудың ең тиімді тәсілі. Осы жайтты ескере отырып, әр сала бойынша жақсы тренерлерді жинап, 12 тақырып бойынша семинар өткіземіз, - дейді ол.
Оның айтуынша, жобаға 25-35 жас аралығындағы кез-келген ел азаматтары қатыса алады. Оларға жоғары білімінің болуы, жұмыс тәжірибесінің екі жылдан кем болмауы және ағылшын тіл деңгейі сияқты бірнеше талап қойылып отыр. 29 қыркүйекке дейін мотивациялық хат жолдау арқылы іріктеу турына қатысу керек.
Оқыту нәтижесінде қатысушыларға теориялық білім берумен ғана шектелмей, нақты әрекетке бағытталған интерактивті әдістемелер қолданылмақ. Ғылым мен практика негізінде танымал спикерлер бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаудың сапасын арттыру және кәсіби міндеттерін дербес әрі шығармашылық тұрғыдан шешуге, кәсіби қызметтің тұлғалық, және қоғамдық маңызын түсіну бойынша дәріс оқитын болады. Бұл ретте «Geneva Business School» АҚ басшысының орынбасары Айжан Түсіпбекова оқыту үдерісін оқушылардың өмірлік тәжірибесіне негізделген тұлғааралық қарым-қатынас негізінде жүзеге асырудың маңызы зор екенін айтты.
– GenevaBusinessSchool-дың 6 елде өкілділігі бар. Оқыту барысында оқушылар бір-бірімен тәжірибе бөлісе отырып, өз бетінше жаңа білім мен дағдыларды үйренеді. Үздік қатысушыларға арнап бірнеше гранттық бағдарламалар ұсынып отырмыз, – деген ол бәсекеге қабілеттілікті жетілдіру үшін қосымша мүмкіндіктер берілетіндігін жеткізді.
Тренинг 2-17 қазан аралығында өтеді. Барлық қатысушыларға «Zhangyru» корпоративтік оқыту» курсынан өткені туралы сертификаттар беріледі. Ал үздік деп танылған төрт қатысушы жоба серіктесі «Geneva Business School» өкілдігі ұсынған MBA бағдарламасы бойынша білім беру гранты мен білім алу жеңілдіктеріне ие болады. Бүгінгі оқу нарығында талап етілетін кәсіби құзырет пен менеджменттің түрлі саласы бойынша біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретін бірегей жобаның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Тренингтердің онлайын көрсетілімін «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының сайты арқылы да көруге болады.
Ая Өміртай,
«Егемен Қазақстан»