Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2017

Жас журналистерге арналған жоба іске қосылды

587 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Журналистика саласына қызығатын жастарға арналған «Жас Медиа» жобасы іске қосылды. Бұл туралы «Қазақстан жастарының конгресі» заңды тұлғалар бірлестігі атқарушы директоры орынбасары міндетін атқарушы Азамат Данияр Астанада өткен баспасөз конференцияда мәлімдеді.

Жас журналистерге арналған жоба іске қосылды

Жаңа жоба жастардың шығармашылық әлеуетін, аймақтағы азаматтық қоғамды дамыту, жас журналистердің өз жобаларын жүзеге асыру қабілетін қалыптастырып, әлеуметтік қабілеттерін жетілдіруді мақсат етіп отыр.

«Жоба өмірлерін журналистика саласымен байланыстыруды қалайтын, бірақ оған мүмкіндігі жоқ жастардың армандарына жетуіне жол ашып, журналистика саласында қалыптасуға көмектесу міндетін көздейді», – деді А.Данияр.

Жобаға қатысушылар үш кезеңнен өтеді. Әуелі іріктеу кезеңінде үміткерлер өздерінің эссе, фото, аудио немесе видео репортаждарын жібереді. Журналистерден  құралған әділқазылар алқасы үздік жұмыстарды іріктейді. Бірінші сыннан сүрінбей өткен жастар, екінші кезеңде «Журналистика мектебі» деп аталатын еліміздің 6 аймағында өткізілетін 4-күндік журналистика курстарына қатыспақ. Дәрісті Сәнді Сұлтан мен Гүлназ Ауданбаева секілді тәжірибелі журналистер оқиды. Соның нәтижесінде қатысушылар өздерінің медиа жобаларын әзірлейді. Осы үшінші кезең нәтижесі бойынша үздік авторлар 100 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықпен марапатталады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі алдағы желтоқсанда ұйымдастырылмақ.

«Қазіргі таңда Журналистика мектептері тек үлкен қалаларда бар, олардың көбісі ақылы. Кейбір жастардың ондай мектептерде оқу мүмкіндігі болса, кейбірінікі бола бермейді. Біздің «Жас Медиа» жобасы бәріне бірдей мүмкіндіктер береді, өйткені ықылас пен қалаудан басқа ештеңені талап етпейді және өте тәжірибелі, әрі мойындалған танымал журналистерде оқу мүмкіндігін сыйлайды», – деп түсіндіреді жобаның мақсатын А.Данияр.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының атқарушы директоры Лима Диастың айтуы бойынша, мекеме қазақстандықтардың өмірін жақсартатын жобаларға көңіл бөледі. Сондықтан, еліміздің алты облысында өтетін жас журналистерге арналған жоба Қор үшін маңызға ие. Оның пікіріне сүйенсек, журналистика саласына жаңа аяқ басқандарға еліміздің үздік мамандары дәріс оқып, білім алуға жәрдемдеседі. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.

«Жоба аясында журналистердің практикалық қабілет пен қызықты медиа жоба жазып, шешендік өнердің негіздерін меңгеруге үйрететін арнайы бағдарлама әзірледік. Медиа саласына келген жастар әлем мойындаған беделді BBC, CNN секілді арналардың деңгейінде жұмыс істеудің қажеттілігін ұғыну керек. Сонда ғана ақпараттық контенттің сапасы өседі. Сонымен қатар, жастарға журналистика мәдениеті мен этикасын үйрету қажет. Жобаның журналистика саласын дамытып қана қоймай, жастар арасында қоғамдық пікір көшбасшыларын айқындауға көмектесетіне сенімдімін», – деген танымал тележүргізуші Сәнді Сұлтан өз ойымен бөлісті.

Абай Асанкелдіұлы,

«Егемен Қазақстан»