Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2017

Ұлттық ұланның халықаралық турнирі басталды

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының «Дәулет» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Кубогы үшін жекпе-жек ұрыстан халықаралық турнирі басталды.

Ұлттық ұланның халықаралық турнирі басталды

Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатына Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов пен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов және офицерлер мен сарбаздар, өзара қарым-қатынас органдарының басшылары,  қоғамдық ұйымдар мен әскери-патриоттық ұйымдардың өкілдері, мектеп оқушылары  қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Қ.Қасымов спортшыларға сәттілік тіледі.

«Жекпе-жек ұрысты әскердің қолданбалы спорт түрі ретінде кең насихаттап, әскерилер арасында спорт пен саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Кубогіне арналған турнирді өткізу игі дәстүрге айналды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан 2050» стратегиясында дене шынықтыру мен спорт үнемі мемлекеттің ерекше қамқорлығында болатындығын нақты көрсеткен. Ол үшін  Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан жіті көңіл бөлінетіні айтылған», деді ведомство басшысы.

Шара аясында Қалмұхамбет Нұрмұмхамбетұлы салтанатты шараға арнайы қонақ ретінде келген «Рио-2016» жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, боксшы Данияр Елеусіновты ортаға шақырып, ішкі істер органдары қызметкерлері арасында бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Ішкі істер органдарының құрылғанына – 25 жыл» мерейтойлық кеуде белгісімен марапаттады.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Кубогіне арналған жекпе-жек жарысы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биылғы шараға еліміздің күш құрылымдарындағы спорт командаларынан бөлек Ресей Федерациясы Ұлттық гвардиясының әскерлері мен Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясы және Қырғызстан Республикасы Ұлттық ұланының спорт командалары қатысуда. Екі күнге созылатын турнир аясында 150-ге тарта спортшыдан құралған 15 команда бақ сынайтын болады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»