«Мемлекет басшысы бізге бұл бағдарламаны тағы жетілдіру үшін уақыт берді. Бұның арқасында бағдарламаның жұмысы тиімді бола түседі деп сенемін. Иә, біздің министрлік үшін, бүкіл Үкімет үшін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының маңызы өте зор. Жылдың басында Мемлекет басшысы бұл туралы айта келе бізге тапсырма берді. Осы уақытта біз халықаралық консультанттармен бірге бағдарламаны тыңғылықты зерттедік. Барлық мемлекеттік органдар жұмылдырылды. Цифрландыру мәселесі тек Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне ғана емес, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, инвестициялар және даму министрлігіне, құқық қорғау органдарына да қатысты болады. Премьер-министр бағдарламаны жіті таныстырып, қандай бағытта жұмыс жүргізу керектігін айтты. Біз бағдарламаның сәтті жүзеге асырылуына күш салуымыз керек», дейді Дәурен Абаев.
Ал бағдарламаның жүзеге асырылу уақыты неліктен жылдың соңына шегерілді деген сұраққа министр былай деп жауап берді:
«Елбасы ерекше маңыз бөлуге тұрарлық бірқатар тұстарды байқап қалған болуы керек. 2-3 айлық уақыт жүзеге асыру тұрғысынан шекті мерзім емес. Бастысы - осы аралықта бағдарлама толыққанды жетілдірілуі тиіс», деп мәлімдеді министр Абаев.
Сонымен қатар, бағдарлама барысында министр 9-10 қыркүйек аралығында Астанада өткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне ерекше тоқталып өтті. Оның пайымдауынша, ИЫҰ саммитінің мәртебесі ЕҚЫҰ саммитінің мәртебесінен артық болмаса, кем түспейді.