Нұрсұлтан Назарбаевтың атына еліміздің азаматтары мен ұйымдарынан қазақ жазуы латын қарпіне көшіру туралы шешімге қолдау білдірген көптеген хаттар пен жеделхаттар келіп түсті, делінген хабарламада.
Қолдау білдірген жеделхаттар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтановтан, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры А.Мұсақожаевадан, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры Ж.Сейдумановтан, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Н.Дәуешовтен келіп түсті.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықовтың хатында: «Латын қарпіне кезең-кезеңмен жүйелі өту Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрылысы саясатының салиқалы, байыпты бағытына сай деп білеміз. Бұл шараның рухани-әлеуметтік, тарихи-танымдық мән-маңызы ерекше», – деп жазылған.
Мемлекет басшысының атына Қазақстанның ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері де хаттар мен жеделхаттар жолдады.
Атап айтқанда, еліміздің Ұлттық ғылым академиясының академигі К.Байпақов: «Латын қарпіне көшу – бұл барлық түркі халықтарының дамуына жол ашатын біртұтас түркітілдес ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға қосылған елеулі үлес», – деп жазған.
Президенттің бастамасына филология ғылымдарының докторы, профессор М.Сабыр, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының деканы К.Есіркепова, филология ғылымдарының кандидаты А.Абасілов, философия ғылымдарының кандидаты Д.Качеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ж.Сейдоллаұлы, Қ.Ахметов, Д.Тілендиева, Б.Демеуов, Ж.Ерманов, мемлекеттік филармонияның солисі Н.Нүсіпжанов, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солистері М.Мұхамедқызы, М.Басбаева, режиссер Л.Иманғазина, актер Е.Дайыров, халықаралық конкурстардың жеңімпазы Қ.Омаров қолдау білдірді.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушылар С.Досанов пен Ә.Асқаров, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, ақындар Н.Айтұлы мен Ұ.Есдәулетұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы С.Елубай жолдаған ұжымдық хатта: «Қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек деген сөзіңіз бүкіл зиялы қауымның көптен күткен қуанышы еді. Себебі біздің сананы жаңғыртудағы рухани даму, өркендеу жолымыз осы қазақ тілінің жаңа әліпбиінен бастау алғалы тұр», – делінген.
Латын графикасына өтуге қолдау білдірген ұйымдар мен кәсіпорындардың қатарында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Мемлекеттік академиялық би театры, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі, «Қызылжар-ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымынан келіп түскен хатта: «Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа енуін жеделдетіп, жаһандық өркениетке жақындата түсетін үрдістердің бірі – латын қаріптеріне көшу деп білеміз. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымы Сіздің ел өміріндегі осы тарихи шешіміңізді қолдап, оның әрі қарай жүзеге асуына үлестерін қосады», – делінген.
Мемлекет басшысының атына еліміздің спорт ұйымдарының өкілдерінен де көлемді хаттар келіп түсті. Солардың қатарында Бокстан олимпиадалық даярлау орталығының, Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығының, Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының, Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының, Астана қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығының, Өскемен қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығының ұжымы бар. Сондай-ақ бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.Тшанов, XXXI жазғы Олимпия ойындарының чемпионы Д.Баландин, XXXI жазғы Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Ж.Жаппарқұл өздерінің қолдау хаттарын жолдаған.
Ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айдар Қазов Солтүстік Қазақстан облысы спортшы жастарының атынан жолдаған хатында: «Бүгінде біз жаһандық өзгерістер алдында тұрмыз. Бұл – Қазақстан үшін шынымен де тарихи сәт. Қазақ тілінің латынға өтуі елімізге болашақта зор мүмкіндіктер туғызып, өзіміздің түп-тамырымызға оралуға жетелейтін болады», – деп атап өткен.
Қазақстан Президентінің қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы бастамасына қоғамдық ұйымдардың жетекшілері де қолдау білдірді. Олардың қатарында «Қазақ тілі» халықаралық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Б.Жексенғалиев, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалының төрағасы К.Үкин, Қызылорда облысының Жалағаш ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев бар.
Елбасы өз атына келіп түскен барлық хаттармен мұқият танысып шығып, хат иелеріне жылы лебіздері үшін алғыс білдірді.