«Сириялық реттеудегі қауіпті жағдайды Астана процесі кәдімгідей құтқарып шықты», деді М.Лайчак Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде жақында Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен кездесуі барысында.
Словак саясаткері өзінің Бас Ассамблеяда төрағалық ету кезіндегі жанжалдардың алдын алу, көші-қон мәселелері және БҰҰ реформасында Бас хатшыны қолдау секілді үш басымдығы туралы айтты. Ол БҰҰ күн тәртібіндегі барлық өзекті мәселелер бойынша Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге әзірлігін білдірді.
Қ.Әбдірахманов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 29 тамызда МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің ашылу рәсімі барысында жариялаған бастамалары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ядролық қару иеленуші елдердің саммитін шақыру, ядролық қарусыз өңірлерге кіретін барлық мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру мәселелері сөз болды. Министрдің айтуынша, Қазақстан ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитті Астанада өткізуге дайын.
Кездесу барысында БҰҰ-ның Алматыда халықаралық өңірлік хабын құрудың практикалық аспектілері талқыланды.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 72-ші сессиясының аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысының терроризмге қарсы күрес жөніндегі орынбасары Владимир Воронковпен және қарусыздану мәселелері жөніндегі орынбасары Исуми Накомитсумен кездесті.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуге дайындығына байланысты Қ.Әбдірахманов Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Мажарстан, Бурунди, Гамбия, Габон және Буркина-Фасо сыртқы істер министрлерімен де екіжақты кездесулер мен консультациялар өткізді.
Африка мемлекеттері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіндегі дамушы әлемнің мүдделерін қозғауға қатысты Қазақстанның дәйекті және әділ ұстанымына ризашылықтарын білдірді. Қазақстан тарапы Африка құрлығының өкілдеріне Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысқандары үшін алғыс айтты.