Қазақстан • 22 Қыркүйек, 2017

Тілді үйрену түсіністікті нығайтады

2106 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ тілі – Қазақстан Республи­ка­сының мемлекеттік тілі. Өзінің және ұрпағының келешегін Қазақстанмен байланыстырған әр қазақстандық оның мемлекеттік басты рәміздің бірі екенін түсінуге, қазақ тілін білуі тиіс.

Тілді үйрену түсіністікті нығайтады

Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп тұжырымдаған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамы­ры­нан нəр ала алмаса, ол адасу­ға бас­­тайды» деді. Ұлттың руха­ни та­­мы­ры бастауын тілден алады. Елі­­­­­міз­­де мемлекеттік тілдің қол­да­ныс аясын кеңейтуді, оны отан­дас­тары­­­мыз­дың үйренуін, сол арқы­лы қазақ­­­стан­­дық патриотизмді қалып­­тас­­ты­руды насихаттайтын «Қазақ­стан­­ның болашағы – қазақ тілінде» та­­қы­­рыбы аясындағы шаралар төрт жыл­дан бері жалғасын тауып келеді. Мә­де­ниет және спорт министрлігінің бас­та­масына Қостанай облыстық әкім­­­дігі қолдау көрсетіп, өткізген дөң­­­­ге­лек үстел мәжілісіне белгілі қо­ғам қай­раткері Дос Көшім қатысты. Ба­с­­қосуға Қазақстан халқы Қостанай об­­лыс­­­тық ассамблеясындағы ұлт­тық-мәде­­ни ор­та­­лықтар жетек­ші­лері, зиялы қауым өкіл­дері, тіл жана­шырлары қатысты.

– Өзге ұлт өкілдері басым тұратын Қазақ­станның солтүстік облыстарын ара­лап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін түсінік жұмыстарын үш жылдан бері жүргізіп келеміз. Шағын қалаларда, аудандарда, ауылдарда тұрғындармен, оның ішінде орыс тілді азаматтармен сұхбаттасамыз, олардың пікірлерін, өтініш, тілектерін тыңдаймыз. Өткен жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында кез­десулер өткізген едік, биыл тағы да солтүстік облыстарды жұмыс ныса­насына алдық, – деді Дос Көшім жур­налистерге сапары туралы.

Дос Көшім орыс тілді аудитория­да мәжілісті орыс тілінде жүргізді. Қазақ­станды өзінің екінші отаны­на балап, ешнәрседен тарық­пай, бақытты өмір сүріп отырған өзге ұлт өкілдерімен түсіністікпен, ашық әңгіме өрбітті. Қоғам қайрат­кері «Мем­лекеттік тілді үйренуде орыс тілді қазақстандықтар үшін не кедер­гі, алд­ағы уақытта не істеу керек?» деген сауалдар төңірегінде әңгі­­­ме­леп, бұл орайда мемлекеттік тілге кіді қарайтын Балтық жағалауы ел­­дері­нің тәжірибесінен де мысалдар айтып берді. Сондай-ақ елімізде өзге ұлт өкілдерінің жиі қоныс ауда­руы­­ның басты себептерінің бірі де олар­­дың тілге байланысты болып жата­­тынын, Қазақстанда негізгі ұлт қазақ­­тардың қос тілді, ал орыс тілді ағайындардың бір тілді болып отыр­ғанын да жасырмады. Әңгіме орыс тілді қазақстандықтардың қазақ тілін үйренуіне келіп тірелгендіктен, дөң­гелек үстелге қатысушылардың өз­дерін де тыңдады. Осы орайда қазақ тілін үйретудің әдістемесіндегі олқы тұс­тар, терминком аударып, бекіткен сөз­дердің күнделікті қолданысқа кір­мей жататыны, көше, мекеме аттары қазақ тілінің ерекшеліктерін ескермей жазылатыны ашық айтылды.

Орыс тілді ортада мемлекеттік тілді үйренуге деген талпыныс жоқ емес. Ел ішінде өзге ұлттардың қазақ тілін үйреніп жатқан, балаларын қазақ мектебіне беру мысалдары да бар. Мы­салы, облыстық тілдерді дамыту бас­қар­масы басшысының орынбасары Қазымбек Ахметовтің айтуынша, өңірде орыс тілді отбасынан шыққан 780 бала қазақ мектептерінде білім алады. Тілдерді дамыту басқармасы жанындағы қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт жастарының «Тіл дарын» клубына 30 адам мүше. Олар қазақ тілін бір қазақтан кем сөйлемейді және мемлекеттік тіл мәртебесін наси­хат­тайды. Дегенмен, іс қағаздары, іскер­лік жиындар әлі де тек орыс тілін­де жүргізілетіні, мемлекеттік тіл қадамы­ның кеңімей, аясының тар күйін­де қалып отырғанын ескерсек, бұл жұ­мыстарды жеткілікті деп айтуға кел­мейтінін айтты Дос Көшім.

– Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қанша уақыт өтсін, ерте ме, кеш пе мемлекеттік тілдің қажеттілігі елімізде әр отандасымызға білінетін болады. Сондықтан балаларының тағдырын, келешегін Қазақстанмен байланыстырғысы келетін азаматтар қазақ тілін үйренуге ниет қойғаны дұрыс екенін түсінуіміз керек. Ашық айтқан дұрыс, ол мемлекеттік тілді үйренудің әдістемелерін, ондағы кедегілерді жеңуде бірлесіп жұмыс істеуге, түсіністікке әкеледі. Сонда ғана мемлекеттік тіл мәртебесі жоға­ры­лайды, – деп түйіндеді ол өз ойын.

Орыс тілді ортамен мұндай емен-жарқын, ашық әңгіме Қостанайдан басқа Рудный, Лисаков қалалары мен Федоров, Таран, Қостанай аудан­дарында да өтті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ