Қазақстан • 22 Қыркүйек, 2017

«Қазақстан корейлері энциклопедиясы» жарық көрді

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Достық үйінде «Қазақстан корейлері энциклопедиясының» жарық көруіне байланысты жиын өтті. Үш жыл бойы жүздеген адам атсалысқан бұл жинақты шығару оңайға түспеген. Шынайы мәліметтерге құрылған шежірені қалтқысыз қалпына келтіру қажырлы істі қалайды. Бұл басылымды түсіністіктің, тағдырластық пен татулықтың да туындысы десе болады. 

 

«Қазақстан корейлері энциклопедиясы» жарық көрді

Биыл корейлердің Қиыр Шығыстан Қазақ­станға қоныс аударғанына 80 жыл толады. Оған қоса, Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай толымды шаралар легі басталды.

Достық үйінде басталған салтанатты тұ­сау­­­кесерге еліміздегі корейлер ғана емес, өңірлердегі отандастарымыздың бетке ұстар өкілдері, әрісі Сеул мен Астанадан халық өте көп жиналды.

Бір жағынан Қазақстанды мекендейтін корей ұлтының ақсақалдары бұл айтулы датаны қасіретті 1937 жылды еске алу деп қа­был­дау керек пе, әлде мереке ретінде атап өткен жөн бе дегенді талқыға салған екен. Үлкен­дер жинала келе, осы елде өсіп-өр­кендедік, екін­ші Отанымызды таптық деп ұй­ғарып, үлкен ұйымшылдықпен екі күнге со­зылатын мере­келік шаралар легін жоғары деңгейде атап өтуге келісіпті.

Нәтижесі көз алдымызда. Осынау баста­ма­ға Қазақстан халқы Ассамблеясы да мұрындық болып, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай бүкіл іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Ол энциклопедияның авторлары толымды жұмыс істегенін айта келе, ширек ғасырға жуық жасалып жатқан энциклопедиялар бар екенін, бірақ қолға тиген «Қазақстан корейлері энциклопедиясы» сапалық, мазмұндық тұрғыда дараланатынын атады.

Айтулы шарада талайды толқытқан есте­лік­­тер айтылды. ҰҒА президенті академик Мұрат Жұрынов корей достары жайлы жан тебірентерлік жақсы естеліктерімен бөлісіп  энциклопедия жобасының жетекшісі Иван Пак бастаған авторлар екі халықтың достығы жайлы сыр шертті. Тұсаукесерде Кореяның Алматыдағы Бас консулдығының бас консулы Чжон Сынг Мин бар болғаны үш жылда осындай сүбелі жинақтың жарық көруімен құттықтады.              

Салтанатты жиын барысында депорта­циялаудың қиындықтарын бастан кешірген және Қазақстанның дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, күннің екінші жартысында Республика сарайында мерекелік концерт өтті.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ