Өмір сүрейік алмасып
Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?
(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі),
Өміріңді маған бір берші!
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім маған өмірге
Қайың көзімен қарайын.
Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың
Біреуден мен де жаралдым.
Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым – Адаммын.
Мендегі бары бір жүрек,
Беріпті жүрек саған мың.
Сондықтан ұзақ жасайсың –
Құрдасы келер заманның.
Бар-жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе – мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тірілер қайта дүркіреп.
Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымызды айырбастайық.
Адам боп жүрсең қасқайып,
Қайың боп тұрам қасқайып,
Тәуекел, айырбастайық!
Өмірге өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып.
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып…
Мұқағали МАҚАТАЕВ
Дастанымды тарихи тақырыпқа арнамақпын
Мені әрқашан әр дәуірдегі адамдардың ой-санасы, мінез-құлқы, таным-түсінігі, психологиясы қызықтыратын. Яғни әр тұлға – өз дәуірінің бет-бейнесі. Әр дәуірді идеялар ашатын болса, әр тұлғаны оқиғалар қалыптастырады ғой. Кез келген тұлға өз оқиғасымен туады. Тарихи тақырыптарға бару қазір аса тартымды көрінбейді. Дегенмен форма бәрібір мазмұнды өзгерте алады деп ойлаймын. Адамзат тарихының 5 – 6 – 7-ші ғасыры тұманды, күңгірт ғасырлар. Дәл осы алтыншы ғасырда жер бетін бірнеше айға созылған қалың түнек, қараңғылық басқанын білесіздер. Бұл кезең тарихта Күннің сөну кезеңі ретінде қашалып қалған. Мұны көптеген тарихшылар, археологтар, жанартаутанушылар Кракатау жанартауының атқылауымен байланыстырады. Осы кезең, түнек заманы біздің ұлы даланың тарихында қалай көрініс тапқаны, қандай тарихи оқиғалардың болғаны мені ерекше қызықтырды. Қарап отырсаңыз, осы кезең Бұмын қағанның тарих сахнасына шығуы, Жуан-жуандарды талқандап, Ұлы Түркі қағанатының негізі қалануымен есте қалды. Менің қазіргі жазып жатқан тарихи-метафизикалық дастаным да осы кезеңді жырлайды. Яғни «Бұмын қаған» атты көлемді дастан жазып жатырмын. Алайда шығармашылық мақсатым – құрғақ тарихи оқиғаларды қуалап жазу емес, Бұмынның тарихи-философиялық тұлғасын аша отырып, қағанды біздің заманға алып келу. Қағанның өзін емес, сол кезеңдегі таным-түсінікті, қасиеттер мен сезімдерді қайта жаңғырту. Ұлы Түркіден бізге мұраға, аманатқа не қалғанын ашып көрсетуге тырысу. Бұйырса бұл дастанды осы жылдың соңына дейін оқырманға ұсыну ойда бар. Сонымен қатар Жетісу даласының аңыздарын арқау ететін циклді толғаулар жазу үстіндемін.
Ерлан ЖҮНІС,
ақын