– Бұл жер, – деген-тін жарықтық, иығындағы өзіне жарасты түбіт шәлісін түзеп қойып, – бір қараған адамға шексіз де шетсіз дала болып көрінеді. Бірақ оның жоталы жондарында қадау-қадау ғажайыптар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі деп Ерейментаудағы әдемі табиғат суреттерін айтуға болады. Есте жоқ ескі заманнан бері бабаларымыз қойған атаумен келе жатқан олар сол жер бедеріне қалай дәлме-дәл келеді десеңші! Қойтас деген алапқа барсаң, жайылып жүрген шопан ата түлігінің отары көзге елестейді. Күншалған қыратына зер салсаң, басқа төбелерден биік тұрғандықтан, оған таңғы шапақ нұры ерте түсетінін байқайсың. Бұлтсыз күндері кешке қарай Айғыржал өңіріне қараған адам расында да жалын төгілтіп, құйғытып бара жатқан жылқыны көзге елестетері анық. Сондай-ақ Ерейментаудың көптеген шоқылары ондағы аң мен құстың атымен аталатыны бар. Мысалы, көжегі көп жер – Қоянды, жыртқыш құстар ұя салған жақпартас – Бүркітті деп кете береді. Ал, мынау... Иә, бұл – Сұңқарқия!
– Ғажап!.. Керемет сурет екен! Сонда ол Ерейменнің қай маңайында, апай?
– Бұрынғы аумақтық бөліністі еске алсақ, Ақмола өңірінде Сілеті атты аудан болған. Қазір ол жоқ. Міне, сондағы Изобильное деген шаруашылық осы Сұңқарқияға ең жақын қоныс деп есептеледі. Әрі ол Ерейментаудың шеткі нүктесі де. Реті келіп, мүмкіндік туып жатса, барып көр, қарағым. Өкінбейсің. Өйткені ол тамашалауға тұратын жер.
...Содан бастап өлкетанушы апамыз айтқан аймаққа баруға талай талаптанғанбыз. Бірақ түрлі себептермен еш реті келмей-ақ қойған. Тек осы жазда ғана ол жерге сапар шегудің сәті түскені бар. Діттеген жерге жетіп, тау етегінен биік беткейге қарадық. Байқаймыз, Сұңқарқия біздің қолымыздағы сурет көрінісінен көп өзгермеген. Барлық болмыс-бітімі бұзылмай, сол күйінде тұр деуге болады. Қыран құсқа тән темір топшы, ауаны тіліп ұшар сүйір тұмсық, қуатты күшпен қомдалған қос қанат... Осының бәрі әлдебір тылсым күш құдыретімен тастан қашалып жасалынған да қойған. Әрине, бұған ықылым замандардан бері ұйытқи соққан өкпек желдің мүжу әсері болған шығар. Сондай-ақ мұнда талай уақыт бойғы жыл мезгілдерінде жауған қар мен жаңбыр суының да өзіндік салған іздері бар екендігі анық. Бірақ қалай десек те оған адам қолы тимеген. Сұңқар құс кейпіндегі бұл тас қия – жарықтық Табиғат ананың өз төл туындысы. Ол міне, осы қасиетімен құнды, осы ерекшелігімен қымбат.
Жоғарыда біз Сұңқарқияның қолымыздағы осыдан көп жыл бұрынғы суреттен көп өзгермегенін айтқан едік. Иә, солай. Өзгерген тек бір ғана көрініс. Ол – ойпаттағы орман. Оның сиреп кеткен мүшкіл халі. Жолбасшымыз, өлкетанушы Қасым аға Тәукеновтің айтуынша оған кінәлі – өрт. Соңғы уақытта бұл өңірде ол көбейіп кеткен. Сол себепті жалғыз Сұңқарқия емес, Ерейменнің көп бөктеріндегі ағаштар сиреп, тау етектері түріліп қалған. Мұндай көріністі көру, әрине көңілсіз. Қиын. Бар қолымыздан келері: «Ендігісі аман болса екен», дейміз іштей.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы