Қолға алған дүниесін түбегейлі жетілдіруге тырысса, ол да адамның зор қасиеті деген екен данышпандардың бірі. Бұл әсіресе, зерттеуші ғалымдарға қатысты айтылса керек. Қолға алған зерттеу объектісін күннен-күнге, жылдан-жылға жетілдіріп отыру, сөйтіп оның барлық қырларын ашу – зерт объектісіне ғана емес, онымен танысқан адамға да, сол ғылымның саласына да, жалпы қоғамға да үлкен олжа болары сөзсіз. Мемлекет және қоғам қайраткері, Тайыр Мансұровтың қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметін зерттеуі де осы талаптың үддесінен шыққандай. Ол 1994 жылдан бері алғашқы елшінің өмірі мен қызметін тереңнен зерделеп келеді және сол еңбектері қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде 7 кітап болып жарық көрді. Ал «Нәзір Төреқұлов – Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы елшісі» атты барынша толықтырылған соңғы кітабы биыл Алматыдағы «Зерде» баспасынан жарық көрді. Сонымен бірге режиссер Болат Шәріп Нәзір Төреқұлов туралы Т.Мансұровтың кеңесшілігімен «Өкілетті өкіл» атты деректі фильм түсірді.
Тайыр Мансұров 1994-2002 жылдары Қазақстанның стратегиялық маңызы аса зор әріптесі саналатын Ресей Федерациясындағы елшісі қызметінде болды. Сол жылдары оған қазақстандық тарихшы ғалымдар тарапынан Нәзір Төреқұловтың 1937 жылы тұтқындалып, атылуына байланысты құжаттарды сұратып әперу туралы өтініш түседі. Өйткені, Мәскеуде ұсталып, сонда атылып кеткен қазақтың осынау ардақты азаматы туралы өз елінде ауыз тұщытарлық деректер жоқ еді. Ашықтық, жариялылық деп жар салған 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында да мәскеулік бюрократтық жүйе құпия құжаттарды оп-оңай қолға ұстата салған жоқ. Ал тәуелсіз ел, бөлек мемлекеттер болған соң ғалымдардың оларға қол жеткізуі тіпті қиындап кеткен еді. Сондайда Т.Мансұров сияқты өтімді де өрісті дипломаттың шеберлігі қажет болды. Елші өзінің сол кездегі Сыртқы істер министрі Е.Примаковпен жеке таныстығы, жақын байланысының арқасында Н.Төреқұловтың 37-ші жылғы нәубетке байланысты ғана емес, 1928-36 жылдары 8 жыл бойы КСРО-ның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілетті өкілі болған қызметіне қатысты, барлығы 800 бетке жуық, құжаттарды министрліктің тереңде жатқан мұрағатынан суырып шығарып, көшіріп алуға қол жеткізеді. Т.Мансұров СІМ-дегі құжаттар ғана емес, НКВД-ның айыптау қағаздарын, Бас прокуратураның шешімдері, Жоғары соттың ақтау жөніндегі анықтамасы – бәрі-бәрін де жарыққа шығарды. Міне, соның арқасында Нәзір Төреқұловтың жарқын бейнесі толық қалпында өзінің халқымен де, басқамен де қайта қауышты.
Тайыр Мансұровтың еңбектері арқылы Нәзір Төреқұловтың қазақтың біртуар азаматтарының бірі екенін таныдық. Өз қолымен толтырған өмірбаянына қарағанда Нәзірдің әкесі ірі бай болған, ол баласына жан-жақты білім бергенге ұқсайды. Н.Төреқұлов Қоқанда медіресе, орыс – түзем және коммерциялық учлище бітіріп, кейін Мәскеудің коммерциялық институтында оқыған. Ол қазақ пен орыстан басқа француз, түрік, араб, татар, өзбек тілдерін білген. Төреқұловты Сауд Арабиясына елшілікке тағайындау үшін «аса құпия» грифімен Сталиннің атына жолданған қызметтік хатта ол туралы: «один из крупных знатоков мусульманского мира и миросозерцания» деген сөздер бар. Аса икемді дипломат және сұңғыла саясаткерлігінің арқасында өзі қызмет еткен жылдары ол Сауд Арабиясы Корольдігі мен КСРО арасында тығыз саяси әріптестік және сауда-экономикалық ынтымақтастық орната білген. Осынау жолда жасаған әртүрлі әрекеттері туралы кітапта көптеген деректер бар.
Міне, осы және бұдан басқа да жүздеген сауалдарға аталмыш еңбек толық жауап береді және ол Қазақстанның дипломатиялық қызметінің тиімділігін арттыру жолында қызықты тәжірибе, үлгілі мысал болары анық.
Жақсыбай САМРАТ.