Жақында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің жобасы мақұлданған болатын. Ұлттық экономика министрлігі салалық министрліктермен, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бизнес қауымдастықтармен тығыз қарым-қатынас орната отырып әзірлеген жобаның қандай ерекшеліктері бар? Таратып айтқанда...
Салық салу идеологиясы өзгереді
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа Кодекс салық салу идеологиясын өзгертіп, салық төлеушілерді қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, әкімшілік қызметті жеңілдетуге бағытталған. Нәтижесінде халық салықты өз бетінше төлеуге ынталанатын болады. Ол үшін Кодексте қандай өзгерістер қарастырылған? Біріншіден, барлық түсініксіз баптар мен қателер салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады. Бұл салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік бермек. Екіншіден, егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет етсе, бірақ кейін ұстаным өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылады. Үшіншіден, салықтық тексеру актілерінде тиісті негіздемелердің болуы көзделген. Тағы бір ерекшелік - Салық кодексінің құрылымы өзгереді. Салық төлеушінің ерекшелігіне қарай жекелеген бөлімдер болады.
Жаңа жоба шағын және орта бизнеске тиімді ме?
Жаңа жобада шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режімдері сақталған. Ал жаңадан ұсынылған баламалы режім - айналымы үлкен болса да, табысы аз кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ. Сонымен қатар шығыстарды есепке алу арқылы жеңілдіктер беру қарастырылған.
Министрліктің ресми хабарламасына сүйенсек, қазіргі салық түрлерінің ставкалары сақталады. Тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге байланысты бизнеске қаржылық жүктемені арттырмау үшін әлеуметтік салықтың мөлшерлемесін 11пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендету ұсынылған. Сондай-ақ бұрын салық инспекторының тексеріске куәгер қатыстырмауға құқы бар болса, енді ол міндеттеліп, тінту, хаттау ісіне куә ретінде бөгде адам қатыстырылады деп қарастырылып отыр.
Заңға жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы да бірқатар өзгерістер енгізілген. Енді азаматтар кәсіп бастауы үшін тіркелуі міндетті емес. Тек кәсіп бастағаны туралы салық органына ескертіп хабарландыру жібереді. Кәсіпті қайта тіркеушілер де солай. Хабарламаны алған салық қызметкерлері бір жұмыс күнінде кәсіпті қайта тіркейді. Ал салықты патент бойынша төлейтін адамдар патентті алған күннен бастап түскен табыстары сол патенттің құнынан аз болса, соның есебін беріп, салық мөлшерін азайтуына, сондай-ақ бұрын төлеп келген артық ақшасын қайтару туралы өтініш жазуына болады. Бұрын осындай артық ақшаны қайтару үшін хронометражды зерттеу жүргізілетін еді. Қазір оны салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету үшін алып тастаған.
Аграрлық секторға ынталандыру шаралары ұсынылған
Еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету үшін шаруа-фермер қожалығының басшысына, мүшелеріне және жұмысшыларына салынатын әлеуметтік салықты алып тастау ұсынылуда. Сондай-ақ бірыңғай жер салығын төлеушілер айналамына қарамастан қосылған құн салығын төлемейді. Ал 2020 жылдан бастап аталған режімде 0,5 пайыз мөлшеріндегі айналымнан алынатын салық белгіленеді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер жойылады. Себебі Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес ішкі өндіріс тауарлары және импорт үшін салық салудың тең шарты қолданылуы тиіс.
Несие қарызы кешірілгендер жеке табыс салығынан босатылады
Жаңа жоба бойынша жеке тұлғалардың несие бойынша қарыздарын кешірген кезде жеке табыс салығынан босату ұсынылады. Сондай-ақ, банктер проблемалық активтерді коллекторларға берген кезде салық салу іс жүзінде табыс алынғаннан кейін жүзеге асырылады. Жинақтаушы сақтандыруға жеке табыс салығын салу тәртібін өзгерту ұсынылады.
Инвестициялық жобаларға салық салу өзгереді
Жаңа заң жобасында инвестициялық жобаларға салық салу бойынша өзгерістер енгізілген. Қазіргі таңда инвестициялық ұжымдық табыс салығы, жер салығы, мүлік салығы бойынша жеңілдіктер жаңа басым жобалар мен жаңа кәсіпорындарға беріледі. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін жаңа жобаларды іске асырған кезде жеңілдіктер қарастырылмаған болатын. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қазіргі қуаттылығын жаңғырту және реконструкциялау кезінде жеңілдіктер көзделмеген. Мұндай кәсіпорындарды ынталандыру үшін корпоративтік табыс салығы бойынша жаңғырту және реконструкциялау аяқталған сәттен бастап 3 жылдан артық емес мерзімде және инвестициялар 5 млн АЕК кем болмаған жағдайда жеңілдіктер ұсынылады.
Кейбір жеңілдіктер алынып тасталады
Жаңа Салық кодексінде жеңілдіктерге нақты өзгерістер енгізу арқылы тиімділігін арттыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, аукциондардан алынатын алымдар (жергілікті бюджеттердің шығыны 616 млн теңге) және кеме жүзетін су жолдарын пайдалану төлемдері (жергілікті бюджеттердің шығыны 20 млн теңге) алып тасталады. Себебі мемлекет аталған жағдайларда қызмет көрсетпейді және рұқсат бермейді.
Сондай-ақ бірқатар жеңілдіктерден бас тарту ұсынылып отыр. Оның ішінде ойын автоматтары қызметі бойынша айналымдар, лотерея билеттерін өткізу, пошта төлемінің мемлекеттік белгілері, пошта маркаларының импорты босатылады. Арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде автомобиль шығару үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер ұсынылады.
Жер қойнауын пайдалануға баса назар аударылады
Жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылады. Тау-кен саласы үшін үстеме табыс салығы инвестиция тартуды тежеуші фактор болып отыр. Сондықтан аталған саладан бұл салықты алып тастау ұсынылды. Бұл жағдайда көмір өндіруші компаниялар бойынша салық жүктемесі экспортқа рента салығына ауысады.
Сондай-ақ теңіз және терең мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануда неғұрлым қарапайым баламалы салық ұсынылады. Қатты пайдалы қазбаларды барлауды жеделдету үшін жалдау төлемдерінің тетігі енгізіледі. Мұнай мен газды өзіндік құнынан төмен өткізу кезіндегі кірістерді анықтау бойынша тәсілдер қайта қаралады.
Металлургияның жаңа саласы – қалайы өнеркәсібін қолдау үшін салық мөлшерлемесін 6 пайыздан 3 пайызға төмендету ұсынылады.
Салық туралы СМС-хабарлама жіберіледі
Салық төлеушілерге жер және мүлік салығын бір жыл кейінге қалдырып төлеуіне рұқсат берілді. Осылайша, азаматтарға салықтарын есептеп, төлеуге бір жыл уақыт беріледі. Әскери қызметтегі, оқу кезеңіндегі әскери қызметкерлер мүліктік салықтан босатылмайды. Үшінші топтағы мүгедектер биылғы жылдан бастап меншігіндегі барлық мүліктің жалпы құнынан 1500 АЕК еселенген мөлшері шегінде мүлік салығынан босатылды. Ал, егер мүгедек жандар жылжымайтын мүліктерін жалға берсе, басқа адамдар секілді салық төлеуге міндеттеледі. Сонымен қатар, әлі аяқталмаған құрылыс үшін салық төлемейсіз. Себебі толық салынып бітпеген құрылыстар салық төленуі тиіс объектілердің қатарынан шығарылады. Сондай-ақ сақтандыруға байланысты алынған өтемақылар азаматтардың кірісі болып саналмайды да, шетелдік валютамен түскен мүліктік кіріс теңгемен есептеледі.
Жаңа заң жобасы бойынша тағы бір ерекшелік - енді салықтың төленгені немесе төленбегені туралы ақпарат электронды пошта немесе СМС-хабарлама арқылы жіберілетін болады.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»