Парламент • 22 Қыркүйек, 2017

Білімді болу – басты құндылық

744 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері мен мүдделі мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан алқалы жиында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйледі.

Білімді болу – басты құндылық

Ол өз сөзінде елімізде минералдық ресурстарды өндіруге қарағанда, адамның бәсекеге қабілетті болуы ұлттың табысты дамуының негізгі факторы болып табылатынын, сондықтан да қазақстандықтар, әсіресе өскелең ұрпақ ХХІ ғасырда қажет болатын талаптарды жан-жақты меңгерулері тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, алдымызда стратегиялық маңызы бар міндет – латын графикасына көшу міндеті тұрғанын айта келіп, Мемлекет басшысы «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – жаһандық ғылым мен білім жүйесіне кірігуге, рухани тұтастығымызды қамтамасыз ететін бірегей қадам» деген сөзін еске салды.

«Бұл жұмысты біз ойластыра отырып, сатылы және жинақы түрде жасауымыз керек. Бірақ ұзаққа созу да қажет емес. Ең бастысы – біздің қателесуге құқығымыз жоқ», деді Қ.Тоқаев.

Парламент жоғарғы Палатасының Төрағасы орта білім сапасына, мектептердегі оқыту жүйесі әлі күнге дейін жақсы нәтижелер көрсеткіштерге қол жеткізуге ғана арналуына, ал сапалы білім беру мәселесі екінші сатыда қалып келуіне қатысты бірқатар сын айтты.

Елімізді сандық нұсқаға көшіру стратегиясының мақсаттарына сәйкес келетін «Күнделік» электрондық бағдарламасын іске асыруға қолдау білдірген Қасым-Жомарт Кемелұлы мұғалімдердің кәсіптік мәртебесін көтеру қажеттігі туралы да айтты. Білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысы ең төменгі (республикалық орташа деңгейдің 66 пайызы) деңгейде тұрғанын атап өткен ол экономикадағы шынайы қалыптасқан жағдайларды жан-жақты ескере отырып, Үкіметті мұғалімдердің табысын көтеру туралы мәселені қарастыруға шақырды.

«Кәсіби деңгейі жоғары және әлеуметтік тұрғыда белсенді қолдау тапқан мұғалім – орта білім беру жүйесінде табысқа жетудің басты кепілі. Мұғалімдерді мемлекеттік наградалармен және сыйлықақылармен мейлінше белсенді ынталандырып, олардың еңбегін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау қажет», деді.

Қ.Тоқаев Президент Н.Назарбаевтың жастардың білімді болуы басты құндылыққа айналып, қазақстандықтарға рухани жаңғырудағы басты бағыттардың бірі ретінде «білімнің салтанат құруы керектігін» айрықша атап өтті.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2016-2019 жылдарға арналған білім беру және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы депутаттарды хабардар етті.

«Елімізде 2019 оқу жылынан 0 сыныпты енгізу нақтыланған. Ол 0+11, яғни он екі жылдық білім беру жүйесіне көшуге арналған жоспар. Бұл бес жастағы балалардың жүз пайыз бірінші сыныпқа дайындалуына жағдай жасайды деп сеніммен айтуға болады. Ал енді әліппенің жайын келсек, бүгінде 0 сыныпқа арналған базалық оқулық жалпы дайын. Қазір сынақтан өтуде», деді министр.

Сонымен қатар ол былтырғы жылы басталып кеткен жаңарған білім беру мазмұнына кезең-кезеңімен көшу жүргізілетіндігін де айтты. Осы жылы қосымша 2, 5, 7 сыныптар көшсе, келесі екі жылда жаңарған мазмұнға барлық сынып толықтай өтеді. Министр жаңарған мазмұнның мәні тек білу емес, білімді өмірде қолдана білу екендігін алға тартады.

«Осы күндері бес күндік оқу аптасы нормалары бекітілген. Бірақ мектеп жағдайына және типіне қарай барлығына бірдей енгізу қиын болып тұр. Бүгінгі күні барлық мектептердің 85 пайызы толығымен, 1-11 сыныпқа дейін көшті. Бізде 300-ге жуық лицейлер мен гимназиялар бар, онда бір аптада қосымша сегіз сабаққа дейін беріледі. Олардың жоғары сыныптары бес күнде барлығын қамти алмайды. Алайда, гимназия мектебіне беру ата-аналардың өзінің қалауы. Сабақтардың ұзақтығы 45-тен 40 минутқа қысқарғанына қарамастан үш ауысымда оқитын мектептерге де өте қиын болып тұр. Бұл мәселе тек үш ауысымды мектептердің қысқаруымен ғана шешіледі», деді Е.Сағадиев.

Жалпы парламенттік тыңдау аясында Ақмола мен Павлодар облысының әкімі, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Бюросының директоры және ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілі, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия аймағы жөніндегі әлеуметтік секторының аға үйлестірушісі сынды халықаралық деңгейдегі сала мамандары мен қатар, өңірлік жерлердегі білім беру ошақтарының белді қызметкерлері, мектеп пен ата-аналар арасындағы байланысты реттейтін үкіметтік емес ұйымдар өкілдері сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Ал талқылау барысында орта білім беру жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша мүдделі пікір алмасу өрістеп, оған халық қалаулылары белсенді қатысты. Жиынға жетекшілік еткен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова талқылаудың маңызы мен нәтижелі болғанын айта келе, Сенат сайтында онлайн-режимде алғаш рет ұйымдастырылған парламенттік тыңдау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптарға арналған ұсыныстар қабылданатындығын мәлімдеді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»