Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2017

Алматыда Аграрлық саланы дамытуға арналған жиын өтті

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде «Аграрлық салада кадр мен ғылымды дамыту»  тақырыбында Премьер-Министрдің орынбасары Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті.  Жиынға ғалымдар, «Атамекен» ҰКП өкілдері, республикалық аграрлық университеттердің басшылары мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

Алматыда Аграрлық саланы дамытуға арналған жиын өтті

Басқосудың  мақсаты – Елбасы Жолдауында айқындалған міндеттемелерді жүзеге асыру барысында ел экономикасын өркендету мен ауыл шаруашылығы саласының маңызын арттырып, ғылым мен өндірістің өзара қатынасына тың серпін бере отырып тәжірибе алмасу. Еліміздің аграрлық саласын инновациялық бағытта кешенді дамыту, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлау мәселелері басқосудың  негізгі өзегіне айналды.

Мамандардың айтуынша, соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығы ғылымымен айналысатындардың саны 8%-ға төмендеген. Бұған себеп мамандар жасының ұлғайуы, ғалымдардың басқа салаға ауысуы, жастардың ғылымға деген қызығушылығының аздығы болса керек. «Соңғы 10 жылда ғылыми зерттеулерге бюджеттен 50 млрд. теңге бөлінген. Ал енгізілген ғылыми зерттеулердің саны 262-ні ғана құрап отыр.  Бұл көрсеткішті ұлғайту керек. Қазіргі таңда ауылдық жерлерде маман тапшы. Жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен бітірген түлектердің 50% ғана ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Саланың қыр-сырына қаныққан бәсекеге қабілетті білікті кадрлар даярлау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс» дейді, сарапшы ғалымдар.

Жиында талқыланған тағы бір мәселе технологиялық жаһанданудағы экономиканың дамуы және өндірістегі соңғы ғылыми жетістіктердің АӨК мемлекеттік бағдарламасынан көрініс табуы.  Осы ретте, ведомства басшысы Жол картасын іске асыру бағытында кадр саясаты жүйесін жетілдіру мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар дайындауды және әлемнің жетекші университеттерінен ғалымдардың тәжірибеден өту жүйесін жетілдіру туралы тапсырма берді. Сондай-ақ Асқар Мырзахметов Қазақ Ұлттық аграрлық университеті базасындағы білім және өндірістің өзара әрекет алаңы ретінде 2016 жылы құрылған Агротехнологиялық хаб жұмысымен танысты.

– Бүгінгі күнгі табысты жұмысымыздың бірі деп Қазақ Ұлттық аграрлық университетіндегі АӨК саласындағы Агрохабты айтуға болады. Трансфертті технологиялар жобаларын дамыту АӨК үшін өте маңызды. Көріп отырғанымыздай Агрохаб мықты ұжым мен әдістемесі бар және американдық ақпарат және технология орталығының басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарып отыр – деді Асқар Мырзахметов.

Жиын қорытындысына сәйкес, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің санын өсірумен қатар, шаруаларға аз шығын шығару арқылы инновациялық технологияларды 10% дан 25% ға көтеру көзделіп отырғандығы айтылды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ