Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Қазақ терминжасамы

3966 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

А.Байтұрсынұлының өнегесі мен Ә.Қайдар қағидасы

Қазақ терминжасамы

Қазақ терминологиясының қалыптасу, даму барысында жадтан шығаруға болмайтын жайт, ол – Ахмет Байтұрсынұлының өнегесі. Әңгімені бұлайша бастаудың бас­ты себебі өзімізде бар, болған кемел үлгіні есепке ала бермейтін күйге жеткеніміз. Қолына қалам ұстағанның бәрі дерлік термин жасағыш болып алды. Термин тарихын, табиғатын танып-біліп, оның жасалу жолдары мен принциптерін ғылыми негіздеген ғалымдар еңбегінен хабары бар болса бір сәрі. Өкініштісі, әркім өз топшылау­ларын ұсынып термин сөздердің табиғатын бұзып бітетін болды. Бұл бір жағынан елдің ғылыми аталымдарға деген ықылас, ниетін білдіргенмен, екінші жағынан кез келген адамның қалауынша шағып жей беретін жаңғақ еместігін де ұғатын кез ғой қазір.

Қазақ терминологиясының қалыптасу, даму барысында жадтан шығаруға болмайтын жайт, ол – Ахмет Байтұрсынұлының өнегесі. Әңгімені бұлайша бастаудың бас­ты себебі өзімізде бар, болған кемел үлгіні есепке ала бермейтін күйге жеткеніміз. Қолына қалам ұстағанның бәрі дерлік термин жасағыш болып алды. Термин тарихын, табиғатын танып-біліп, оның жасалу жолдары мен принциптерін ғылыми негіздеген ғалымдар еңбегінен хабары бар болса бір сәрі. Өкініштісі, әркім өз топшылау­ларын ұсынып термин сөздердің табиғатын бұзып бітетін болды. Бұл бір жағынан елдің ғылыми аталымдарға деген ықылас, ниетін білдіргенмен, екінші жағынан кез келген адамның қалауынша шағып жей беретін жаңғақ еместігін де ұғатын кез ғой қазір.
Лингвис­тика­лық терминдердің негізгі бел­гілері мен­ автордың өз қолда­нысындағы ерек­шеліктерін қарастыруды мақ­сат етіп отырмыз.

Лингвистика терминдерін жасау үшін, ол жалпыхалықтың тіл лексикасын еркін де шебер пайдаланады, оларға нақты кызмет телиді. Бұлардың бәpi де лингвистика шеңберінде шектеулі қол­даныста күй кешкендей кө­рін­генмен, шебер қолданыс арқа­сында орын-орнына тұра қалған терминдерге тәнті боласыз. Бұ­лар мамандарға ғана емес, тіл қолда­ну­шылардың бәріне бірдей түсінікті. Байтұрсын­ұлы жасаған 10-20 жылдар ауқы­мында пайда болған терминдік атаулар сол кездегі әдеби тіліміз­дің бір бөлігі боп енді де, сол күйінде күні бүгінгі дейін ­тұрақ­ты түрде қолданылып келеді. Және бір ғажабы, А. Бай­тұрсынұлы алып келген бұл термин­дердің көбі қайта жасалатындай көңілге күдік келтірген емес. Егер қадағалап қарасақ тіл білімінің терминдерінің көбі әу баста нақты заттың, нәрсенің атауы болған ғой. Сондықтан бұл ұғымдар талай талқыға түскен болар деп ойлауыңыз әбден мүмкін. Алайда бұл атаулар терминдік мәнде  мызғымай тұр. Бұл жалпы қолданыстағы сөздер мен олардың терминологиялық тініндегі өзара үйлесіп жатқан сәйкестік пен байланысты дәл байқаудан болса керек. Міне, осындай сөздерді ол­ барынша көрегендікпен ірік­тей білген. Жоғарыда ескерт­кені­міздей, әлгі сәйкестік пен бай­ланыстың мықты болғаны соншама, қазақ лингвистикасының бүкіл терминологиялық жүйесі сол­ бастапқы күйінде әлі күнге қол­да­ныста.

Байтұрсынұлы заманынан бepi әлеумет­тік және қоғамдық өмірде сан алуан өзгеріс­тер болып жатса да, ол жасаған терминдердің бұлайша тұрақтылық танытуы таң қалдырмай қоймайды. Мұның басты ceбeбi – жасал­ған аталымдардың жалпы терминология теориясы талаптарына сай дәлдігі мен табиғилығында. Сонымен бірre бұлардың қазақ тілінің сөзжасам заңдылықтарына тән тәсілдермен жасалуында.

Қазіргі зерттеушілерді сүйсіндіретін – әрбір терминнің негізінде байырғы сөздердің тұратыны, соған қарамастан, сол байырғы сөздердің екінші термино­логиялық мәнінің екіұдайлық танытып, мағынаны алып қашпай, құрылымдық жағынан табиғиланып, орфографиялық жазылымы тұрғысынан да бірыңғайлық ішінде тұрақтануы.

Өзінің қолданыс қызметі жағынан дамудың өзгеше сапалы да жаңа жолына түскен қазіргі қазақ тіліндегі А.Байтұрсын­ұлының терминжасам тәсілдері және сол терминдердің өзі тәуелсіз мемлекеттер қауымдастығы және бүкіл түрік  жұртшылығы үшін таптырмайтын үлгі болары сөзсіз. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымы терминологиясын жасауда А. Байтұрсынұлы қолданған тәсілдерінің ауқымдығы, әмбебаптығы оның жақсы ізденгіштігін байқатады. Ұлттың тегін айқын танытып тұрған бұл сан алуан терминдер әр алуан тәсілдерді кеңінен пайдалану нәтижесінде пайда болған А.Байтұрсынұлының тамаша мұрасы болып табылады. 

Термин жасаудағы өнімді тәсілдің бірi сөз тipкecтipy болып саналады. Ол мұны да өте тиімді пайдаланады. Құрамы бір компоненттi терминдер ойдан шықпай жатқан тұста, екі не үш компоненттен тұратын сөз тіркесіне көз тігеді. Осы тәсілмен жасалған терминдер саны едәуір. Міне, сондықтан  А.Байтұрсынұлы еңбектерінде кездесетін осындай көп компонентті терминдер табиғатын тексере отырып, біраз жайтты анықтауға болады. Әсіресе, бұлардың лексика-семантикалық (мәністік) құрылымын жан-жақты қарастыру қажет-ақ. Ғалымның ғылыми мұраларын алдын ала қарастыру барысында дәл осы тектес терминдердің лингвистика саласында молырақ кездесетінін байқадық.

Егер қазіргі тіл білімі саласындағы терминжасам тәсілдерінде көбінесе қалька­лау мен интернационалдық терминдер қабатын құрайтын кірмелер көбейіңкіреп тұрғандығын ескерсек, жалпы халықтық тіл лексикасын терминдендіру үлгісін емін-еркін қолданған А.Байтұрсынұлы тәжірибесін зерттеудің маңызы зор. Мәселен, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосымша, зат есім, есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғау, одағай, дегендердің терминдендірілуі бұл саладағы тамаша үлгі болып саналады.

Қазақ тілінің дыбыстық құрылымын сипаттауда А.Байтұрсынұлы фонологияға дейінгі түсінікті ұстануы бүкіл терминология жүйесін жасауға сеп болған сияқты. Ол тірек етерлік не дайын теория, не нақты лингвистикалық тәжірибе болған емес. Оның исламдық шығыстың кітаби дәстүріне сүйене отырып жасаған кейбір терминологиялық әрекеттері болғаны рас. Ондай үлгіде жасалған әрбір лингвистикалық термин тірек сөздердің әу бастағы лексикалық мағынасынан алшақтамайды. Нәтижеде лингвистикалық жаңа терминдері және оның мағынасы көңілге тез жатталып, көкейге қонып жатады. Әлгі тірек сөздің тұрмыстық мағынасы мен терминологиялық мәні тіл ие­леріне өте жақын әрі түсінікті болып отырады. Мұндай лингво-психологиялық паралельдер оған қазақ оқырманының оқу дәстүрінің әлі жоқтығы және соған лайықты арнайы лексика жүйесінің қалыптаспай жатқаны да себеп болған сияқты. Жасалған әрбір термин өзінің бастапқы лексикалық мағынасына жақын болған сайын, ол соғұрлым жеңіл игеріліп, тез қабылданып жатты. Сөйтіп, осындай сауатты әрекет нәтижесінде оқушылар сөздің әдепкі мәні мен оның ғылыми мағынасы арасында болатын психологиялық кедергіні жеңе бас­тады. Сол себепті де А.Байтұрсынұлы тер­миндерін жеке-жеке тиянақты түрде талдау қажет болады. Бұл қазақ тіліндегі әрбір лингвистикалық терминдердің құрылымдық, мағыналық ерекшеліктерінің дәйектілігін, олардың жасалу көздерін анықтау үшін керек. Енді нақты мысалдарды тілге тиек етіп көрелік.    

I. Жалпы, лингвистика терминология­сында А.Байтұрсынұлы «Тіл мүшeлepi» дегенді сөз, сөйлеу құрамы есебінде пайдаланады, яғни олардың бір-бірiнe өзара байланысты жиынтығы. Бұлар қазақ тұрмысындағы «мал (дене) мүшелері» деген ұғымға сәйкес келеді. «Мал мүшелері» деген алғашқы үлгі компоненттерінің құрылымдық бірлігі толығымен екінші туын­ды жүйеге ауысады, осының нәтижесінде жаңа пайда болған лингвистикалық терминнің ешқандай өзгелігі сезілмей қалады.

«Мәтін» ұғымының «лингвистикалық, единица» (жазылған бөлік емес) екені А.Бай­тұрсынұлына сол жиырмасыншы жылдардың басында-ақ белгілі болған. Ал қaзipгi тіл білі­мінде «лингвистикалық единица» ретінде бертінде ғана қолданыла бастағанын ескерсек, А.Байтұрсын­ұлының зерттеушілік зердесі мен түйсігіне сүйсінбеу мүмкін емес. Ол қазіргі «лин­гвистикалық единица» ретінде алынып жүрген «текстке» тепе-тең «сөйлеу» ұғымын енгізеді. Ахаң қазақ тілі жөніндегі талдамаларын, әуелі «сөйлеуден» тартып, содан кейін біртіндеп, оның яғни сөйлеудің кіші бөлшектеріне кіріседі. Сонда сөйлеу – сөз – буын – дыбыс деген жүйе сақталып отырады. Сөйтіп, лингвистикалық талдаулар ipi тұлғадан кішкене бөлшектерге бөліп қарайтын нақты бағыт-бағдарлама бойынша жүріп отырады. Сондай-ақ тіл үйрету, оқыту процесі де осы принцип бойынша жүргізіледі. Бұл принцип оған тіл элементтерінің (бөлшектерінің) сөйлеу «текстен» дыбыс, «әріптерге» дейін­гі бөлшектерін тауып, сипаттап беруге көмек­тескен.
Ал қазақ тілінің құрылымдық жүйесі әлі күнге кіші бөлшектен, яғни дыбыстан басталып, одан әрі ірі­леу лингвистикалық единицаларға ұластырылып сипатталады. Әйтсе де көптеген зерттеушілер назарының қазіргі кезде текске кө­бірек аударылуы те­гін болмаса керек. Өйткені мәтін ең ipi линг­вистикалық единица болып саналады да, өзгелері осының компоненттері есе­бінде қара­лады. Бұлардың фонетика-грам­матикалық белгілерінің бәрі осы мәтін арқылы, соның ішінде анықталады. А.Байтұрсынұлы өзінің барлық оқу құралдарында өзі тауып, өзі енгізген тек осы принципті ұстанып отырған. Сонда, қарап отырсаңыз, А. Байтұрсынұлының өз кезеңіндегі лингвистикалық ой-пікірді ғана емес, көп мәселеде қазіргі қазақ тіл білімі өкілдерінің көбінен ілгері оза ойлап отырғанын байқаймыз.

А.Байтұрсынұлының қай еңбегін қара­саңыз да, сол кезде бел алып, үстем­дік көрсе­тіп тұрған фонологиялық тео­рия­ға бірдe-бір сілтеме жаса­мағаны байқалады. Соған қарамастан, оның фо­не­тикалық ұғымдар жүйесін соншама бір зеректікпен түсініп жасауы қайран қалдырады. Қазіргі теория тұрғысынан қарасаңыз, мүлтіксіз жасалған бұл жүйені көре отырып, бұл кici кезінде фонетика саласындағы лингвистикалық теория жетістіктерімен таныс болмады ма екен деген ойға қаласыз. 

Біз А.Байтұрсынұлының фонетикалық мұра­сына ғылыми талдау жасағанда, әрине, қазіргі лингвистика талаптары тұрғысынан қараймыз. Осы тұрғыдан қарағанда, ол жасаған теорияның тұғыры мықты екенін көреміз. 

Алайда тілдің даму тарихы мен қалып­тасуы жайына үңіліңкіресек, тіл заңын үнемі бұзумен келгеніміз мәлім. Бұзу емей немене, орыс тілі арқылы сатылап бізге жеткен бөгде сөздерді, яғни интертерминдерді, кеңестік ұғымдар арқалаған русизмдерді Құран сөзіндей кие тұтып, сол күйінде бұлжытпай алу ауруына шалдықтық. Бұған етіміздің үйренгендігі соншама һәм кеңес­тік тіл тәрбиесінің өтіп кеткендігі соншама, мұны біз әлі күнге тіл байытудың ең тиімді де өнімді тәсі­лі деп жүрміз.

Шынында, ойсыз-күйсіз жан ауыртпай, даяр­ға ұмтылу салдарынан тіліміздің шырқын 70 жыл бойы бұзып келгенімізді ашып айтар кез келді. Сонау 30-жылдардың орта шенінен бас алған тіл бұзар зиянкестік әлі күнге жалғасып келеді. 

Тарихқа жүгінсек, өзін және өз тілін құрмет­тейтін бірде-бір ел өзге тілдердің сөз­де­рін сол күйінде өзгертпей қабылдағаны жоқ екен.

Зер салыңыз, А.Байтұрсынұлы «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы  тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін алмастыра-алмастыра, ақырында ана тілінің қайда екенін білмей, айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан, мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударған­да, пән сөздерінің (терминдердің – Ө.А.) даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болады (А.Байтұрсынов. Ақжол. Алматы, 1991. 350-351)».
Ал Х.Досмұхамедұлы жат сөздерді қабылдау жөнінде былай дейді: «Тілге кірген жат сөздер сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тілдің заңымен сай, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып тілдің шырқын бұзады, тілге зиян келтіреді. Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады».
Ана тіліміздің ішкі зандылығын мейлінше терең түсінетін Ахаң, Жақаңдар пікіріне құлақ асудың орнына тілімізді орыстандырудың әр алуан тиімді тәсілдеріне сөздік қорымыздың қақпасын айқара ашып тастадық. Осындай талғамсыз да талапсыздығымыздың кесірінен біз тілімізге интертерминдерді көбінесе саралаусыз қаптатып қабылдадык. Бұл бір қарағанда ана тілге жасалған қиянат, тіпті шапқыншылық сияқты еді. Heгe десеңіз, жат дыбыстардың жалынан ұстаған арнайы жасақ сияқты бөгде сөздер саны қазір тіл байлығымыздың 70-80% шамасын құрайды. Сөйтіп осының салдарынан барған сайын дамып, кең қанат жаюға тиісті деген төл байлығымыздың тынысы күннен-күнге тарыла түсіпті. Қазақ тілінің, қадірінің кете бастауының бір себебі осыдан да болар ма екен деген ойға қаласың.

Дайын терминдерді сол күйінде қабыл­дау, біріншіден, елді ізденгіш, еңбекшіл қабіле­тінен айырады, екіншіден, ана тілінен безінуге бастайтын қияс жол – осы. Тіл байлығының көбі жат сөздер болып отырса, онда өзге түгілі жаппай орысша сауаттанған қазаққа қазақ тілі­нің қажеті қанша?
Әрине, бұл айтылғандардан қазақ тер­мино­ло­гиясын қалыптастыруда жарытымды ештеңе жасалмаған екен деген қоры­тынды тумаса керек. Отызыншы, кейін 50-60-70-жылдары әлденеше сөздіктер түзіліп, жүздеген терминдер Мемтерминком арқылы қолданысқа енді. Терминжасам ісімен арнайы айналысқан авторлар болды. Осы шаруаның басы-қасында болған І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, І.Жарылғапов, К.Сағындықов, О.Жәутіков, Бірімжанов, К.Шәріпов, Ә.Сатыбалдиев, Ә.Әбдірахманов, Ә.Қайдаров, Ө.Жол­дасбеков­тердің еңбегі зор екені даусыз.
Алайда бүгінгі күнге дейін толассыз жүргі­зіліп келе жатқан бұл ісіміздің негізінен қате принциптерді ұстанғанын байқаймыз. Байқаймыз да, қазақ тілінің орыстануына тікелей өзіміз себепші болғанымызға күйінуге тура келеді. Heгe десеңіз, сонау 1935 жылдан бастап қазақ тілінде термин жасау қазақ тілінің емес, орыс тілінің заңдылығын сақтау принципін көздеумен келген екен. Яғни орыс тілінен және орыс тілі арқылы келген интертерминдердің бәрін «мұр­тын бұзбай», қаз-қалпында қабылдап келіппіз. Бұған мысал келтіріп жатудың қажеті бола қой­мас. Өйткені қай сөздікті қарасаңыз да интертерминнен аяқ алып жүре алмайсыз. Және олар түп негізін, түрін сақтай отырып, қазақ тілі сөздік қорының заңды жүйесіне орасан зор нұқсан келтірді. Олармен бірге қазақ тіліне мүлде керексіз әріптер келіп енді. Сонымен бірге тіліміздің айтылу, жазылу нормасы бұзыла бастады. Бұған себепші болған үш түрлі құжаттан үш үзінді келтірсек жеткілікті болар.

Сөйтіп термин жасауда жіберілген кемшілік­терден күні бүгінге дейін арыла алмай отырмыз. Бұдан айығудың амалдары бар ма деген­де осыдан оншақты жыл бұрын «Егемен Қа­зақ­стан» газетінде жарияланған академик Ә.Қайдаровтың «Қазақ тілі терминологиясына жаңаша көзқарас» деген мақаласына иек артамыз. Бір өкініштісі, содан бері де біраз уақыт өткенмен, бұл жөнінде селт етіп, үн қосқан пікірдің мүлде селдірлігі.

Біздің ойымызша, бұл назар аудармауға болмайтын бүгінгі күннің зәру мәселесін аумағымен алып қарастыр­ған құнды еңбек. Автор терминжасам принциптерін түбірімен түгел қайта қараудың қажет екенін айта келе, нақты өз ұстанымын ұсынады. Пікір сайысына шақыратын да тұстары бар. Біз профессор Ә.Қайдаровтың бұл «...жаңаша көзқарасын» негізінен қуаттай отырып, қайсыбір тұстардағы өзіміздік 80 пайыздың өзі де әлі ғылыми оралымға енбей жатқан топшылауларымызды ортаға сала кеткенді жөн көріп отырмыз.

Автор терминжасам «шаруашылы­ғына» бай­ла­ныс­ты ойларын баяндай келе, оны он бір принцип негізінде түйіндейді. Бұлардың біразы Қ.Жұбановта да, Н.Сауранбаевта да, М.Жанғалин мен Қ.Сағындықов па-йымдауларында да кездесетін. Алайда автор бұлардың бәрін ой елегінен өткізе отырып, мүлде жаңа баптар енгізеді. Міне, осыларды сарапқа сала келе, біз қазақ тілінде термин жасаудың он бір емес, негізінен бес принципі бой көрсетеді деп шамаладық. Тілдік материалдар ары кеткенде алты, жеті принцип шеңберінен шығармайтын тәрізді. Шындығында, әңгіме бұл принциптердің санында емес, мәнінде ғой.

1.Қысқасы, бірінші және ең негізгі принцип ретінде біз қазақ тілі сөз байлығын барынша сарқа пайдалану деп білеміз. Бұл үнемі айтылып келгенмен, осы принципке әлі күнге жете мән берілмей келгенін несіне жасырамыз. Мұны ұстану – басты парызымыз.
2.Терминжасамда тіл байлығын сарқа пайдалану принципі саркылған кезде екінші бір қазынаның көзі ашылады. Ол – түп негізі бір түркі тілдерінің сөз байлығы. Біз күні бүгінге дейін бұл байлығымызды да ескермей келдік. Ендеше түркі тілдері сөз байлығын сарқа пайдалану принципін естен шығаруға мүлде болмайды.
3.Қазақ тілі арнайы лексикалық құрамын байыта түсуге тиісті үшінші бір принцип, ол интернационалдық терминдерге байланысты мәселеден туындайды. Өрескел қателіктер осы интертерминдер негізінде орын алып келгені мәлім. Мұны игерудің, тілге ендірудің, қабылдаудың, біздіңше, үш түрлі жолы бар сияқты. Ол, біріншіден, интертерминдердің мағынасын дәл беретін балама табу; екіншіден, оларды сөзбе-сөз аудару, калькалау; үшіншіден, мұның ешқайсысына көнбеген интертерминдердің тұлғасын өзгертпей, тұрпатын қазақ тілінің заңдылығына бағындыра қабылдау.
4.Қысқарған термин жасау принципі. Мұнда да негізінен өз байлығымызды сарқа пайдалана отырып, өзге терминдерді өзіндік етіп алудың жолдары қатты қарастырылып отырылуы керек.
5.Академик Ә.Қайдаров арнайы атап көрсетіп отырған шарттылық принципі. Сөз жоқ, бұл – терминжасам ісінде өзіндік орны бар принцип. Термин негізінде белгілі бір қалыпқа түсіп, соны қатып ұстайтын арнайы лексикалық қабатты құрайтын болғандықтан да шарттылық болмай тұрмайды.
Ал мына төмендегі екі мәселе әлі принцип ретінде айкындала қоймағанмен, назар аударуға тура келеді.
6.Терминдер, сондай-ақ жазу принцип­теріне қарай бейімделетін болғандықтан, олардың тағдыры емле ережелеріне де байланысты. Яғни бұдан терминдерді жазу принципі шығады. Бұл салада да шалағайлықтарымыз жетіп жатыр.
7. Бұл шараның бәрінде де мемлекет тарапынан үздіксіз қамқорлық қажет-ақ. Мұны, Әбдуәлі Туғанбайұлы көрсеткендей, негізгі принциптер қатарына косса да, қоспаса да болады деп есептейміз.

Міне, қазақ терминологиясын тіліміз­дің ішкі болмысына орай жасап қалыптастырамыз десек, осы айтылған принциптер негізінен де қыруар жұмыс істеуге тура келеді. Өйткені тіліміз әлі қалыптасу, даму кезеңін бастан өткеріп біткен жоқ. Мүмкіндігі сарқылар да түрі жоқ, сарқылмайды да.
Осылардың бәрін баяндай келгенде, терминология мәселесін жөнге келтіру үшін не істеу керек деген сұрақ туындайды. Біздің ойымызша, мынадай шараларды жедел түрде қолға алу қажет.

1.Терминология – ғылым мен техника тілін дамытатын лексиканың бірден-бір күрделі қабаты. Бұған иелік жасайтын бір мекеме болса, ол – Ұлттық Ғылым академиясы болу керек. Түзілген, түзіліп жатқан, түзілетін терминоло­гиялық сөздіктер материалының ғылыми негіз­дерін қарастыратын ғалымдар болмағанда кімдер болу керек. Ендеше осы игі шаруаны қолға алып, қадағалап отыратын Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы Төралқасының жанынан тікелей президенттің өзі басқаратын барлық терминолог ғалымдардың күшін бір жерге түйістіретін Ғылыми Орталық құрған жөн.Бұл Орталық мемлекетгік терминология комиссиясымен тығыз байланыс жасай отырып, ең әуелі терминжасамның ғылыми принциптерін айқындауы тиіс. Сол негізде бүкіл бұрынғы жарияланған сөздіктер мен оқулықтарды қайта түзіп, ғылыми сараптан өткізіп, лек-легімен бас-падан шығаруды реттеу керек. Сондай-ақ дау туғызып келе жатқан терминдерді топ-тобымен іріктеп алып, оларды алдымен газет арқылы көпшілік талқысына ұсынып, сосын Мемтерминком мәжілісінде үздіксіз бекітіп отыруды дағдыға айналдыру қажет. Ал бекітілген терминдерді бұдан әрі алып қашып, әрқилы қолдануға заң жүзінде тыйым салу жайын қарастырған жөн.
2.Мемтерминком жұмысына айрықша мән берілуі тиіс. Ғылыми Орталықты да, Мемтер­минкомды да қаржыландыру, мамандарды ынталандыру жайын ойластырмаса, істе нәтиже шамалы болмақ.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жақ­­сы­­лы-жаманды жұмыс істеп, жүздеген терминдердің қолданысқа еніп тұрақтануына себепші боп келген Мемлекеттік терминология комиссиясы­ның жұмысын мүлде қайтадан қарап, түбірлі өзгеріс­тер енгізу қажет... «Күштіл­ерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап» деген принцип негізінде жұмыс істеп келген бұл комиссия жұмысын жандандыру жолдарын қарастыру керек. Ал ол үшін, бәлкім, арнайы конференция шақырып, өз алдына бөлек ақылға салған жөн болар және ол комиссияның мемлекет атынан сөйлейтін құқы болуы тиіс. Ең бастысы, бұл мемлекеттік мәні бар істі мемлекет қамқорлығына алмаса болмайды.
3.Қазақ тілі терминологиясы жазу емле ережелеріне тікелей тәуелді. Яғни термин сөздер үшін бөлек емле жасалмайды, ол ортақ ережеге бағынады. Ендеше емле ережемізде термин сөздерді жасау, қабылдау жөнінде жіберілген өрескел қатені түзеу кджет.
4.Әу бастан-ақ қазақ тілінде термин­дену­дің ғылыми принциптерінің негіздері жасалған. Бірақ, әсіресе, орыс және интернационалдық терминдер жөнінде тіліміздің табиғатына мүлде жат бағыт ұстанып келгеніміз өкінішті. Бұл жөніндегі үш түрлі құжатты еске салып өттік. Оларды үлгі ретінде қолдануды тоқтату керек.
5.Терминжасамның жаңа үлгілерін баспа­сөзде жариялай отырып, соның негізінде жыл сайын пікір сайысын өткізіп отырайық.
6.Терминолог кадр дайындау мәселесі мүлде жолға қойылмаған. Соның түрлі жолдары қарастырылып, мамандарды шетелге тәжірибе алмасуға дейін жіберу жайы ойлас­тырылса құба-құп болар еді.
7.Қазақ терминологиясының өзекті мәсе­ле­ле­рі жөнінде ізденіп, радио-телехабар­ларын жүргізіп, екі жылда бір ғылыми-практикалық конференция өткізіп отыруды дәстүрге айналдыру қажет.
8.Бүкіл түркі тілдеріне ортақ термино­ло­гиялық қор жасау ісімен шұғылдану кезеңі келді. Ол үшін, ең алдымен, біз жазуымызды жөнге қоюымыз қажет. Яғни түркі тілдерінің көбі көшкен латын әліппесі жөніндегі Ә.Қайдаровтың ұсынысы бүгінгі күн сұранысынан туындап отырғанын түсінер уақыт жетті.

Болашағы зор тілдің қай-қайсысы да үнемі қалыптасу, даму үстінде болады. Бір шүкіршілігі сол, қазақ тілі де өзінің осындай өміршеңдігін жоғалтпай, қайта өршітіп отырған мұра. Соңғы жеті-он жылда қолданыс өрісі үнемі тұмшаланумен келеді десек те жанды организм есебінде ол тыныс-тіршілігін, іштей өсу өрісін, қозғалысын тоқтатпайды. Яғни ол әлі қалыптасу, даму үстінде. Осы процесс барысындағы жаңа құбылыстардан үркудің жөні жоқ. Өйткені «орыс тілі әлі қалыптаса қойған жоқ, Құдайдан тілейтінім  әлі де қалыптасу жолы ұзара түссе екен. Себебі орыс тілінің қалыптасу жолы неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым келісіп, кемелдене түседі», – деп В.Г.Белинский айтқандай, қазақ тілінің де бүгінгі таңда осы күйді басынан кешіріп отырғаны мәлім.

Мұны біз, әсіресе, соңғы кездегі қоғам дамуы­на орай туындап жатқан сансыз жаңа ұғымдар мен атаулар тасқынын беруге жаратылып жатқан терминологиялық жүйеден аңғарамыз. Мұны ғылым тілін­де терминологиялық тасқын немесе жаңа қолданыстар мен жаңа ұғымдардың нақ­ты­­лануы дер едік. Мына мысалдарға зер­ салыңыз: бағдарлама, жарғы, құжат, айқындама, тұжырымдама, ұшақ, әуежай, жекешелендіру, қауымдастық, егемендік, бірлестік, құзыр, уағдаластық, кешен, кешенді, ғимарат, демеуші, ақпарат, елтаңба, жариялық, зейнетақы, мәртебе, өтем (компенсация), пікірсайыс (дискуссия), сыйақы (премия), тұғырнама (платформа), таралым (тираж), тапсырыс (заказ), шаруашылық есеп (хозрасчет), шығармашылық, шаруа қожалығы (крестянское хозяйство), ілеспе аударма т.т.

Ана тіліміздің ғылыми өрісін айқын­­дай­тын айрықша белгісі оның терминологиялық жүйесінің, қаншалықты өріс алып, қалып­тасуына тікелей қатысты. Осы ретте белгілі суреткер Константин Паустовскийдің мына бір пікірін қайталағың келеді. Ол: «Әрбір адамның өзінің ана тіліне деген көзқарасына қарап, оның мәдени деңгейіне ғана емес, сонымен бірге азаматтық қасиеттері жөнінде де мүлтіксіз баға беруге болады. Өз Отанына деген махаббат өз ана тіліне деген шынайы махаббатсыз болуы мүмкін емес. Өз ана тіліне немқұрайдылықпен қарайтын адам хайуанмен бірдей. Оның ана тіліне деген немкеттілігі өз халқының өткеніне, қазіргісі мен келешегіне деген немкеттілікпен сабақтасып жатады, сондықтан ондайлар зиянды».
Ендеше осы немкеттіліктен арылып, ана тіліміздің абыройын биіктете түсер ғылым тіліне, яғни оның терминологиялық жүйесіне жаңаша бір көзқараспен үңіліп, байлығымызды қасиет тұтынып, ұрпа­ғымызға саралап caп таза күйінде жеткізелік!

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі