Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Реформаларды байыпты жүргізу қажет

279 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері мен мүдделі мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан алқалы жиында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. 

Реформаларды байыпты жүргізу қажет

Ол өз сөзінде елімізде мине­ралды ресурстарды өндіруге қарағанда, адамның бәсекеге қабілетті болуы ұлттың табысты дамуының негізгі факторы болып табылатынын, сондықтан да қазақстандықтар, әсіресе өскелең ұрпақ ХХІ ғасырда қажет болатын талаптарды жан-жақты меңгерулері тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар ол алдымызда стратегиялық маңызы бар міндет – латын графикасына көшу мәселесі тұрғанын айта келіп, Мемлекет басшысының «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – жаһандық ғылым мен білім жүйесіне кірігуге, рухани тұ­тастығымызды қамтамасыз ететін бірегей қадам» деген сөзін еске салды.

«Бұл жұмысты біз ойластыра отырып, сатылы және жинақы түрде жасауымыз керек. Бірақ ұзаққа созу да қажет емес. Ең бастысы – біздің қателесуге құқы­ғымыз жоқ», деді Қ.Тоқаев.

Парламент жоғарғы пала­тасының Төрағасы орта білім сапасына, мектептердегі оқыту жүйесі әлі күнге дейін жақсы нәтижелерге қол жеткізуге ғана арналуына, ал сапалы білім беру мәселесі екінші сатыда қалып келуіне қатысты бірқатар сын айтты.

«Елімізде орта білім беру саласы жиі реформалар жүр­гізілетін салалардың қатарына жатады. Соңғы жылдары мек­теп­теріміз үнемі реформалар жүр­гізу режімінде жұмыс істеуде. Соған қарамастан бұл сала заман талабына сай жаңғыртылды деп айта алмаймыз. Жүргізілген реформалардың тиімділігі көрі­нетін нәтижелерге әлі де қол жеткізген жоқпыз. Мектептегі білім беру жүйесінде жасалған жаңа­лықтар көп жағдайда қоғам­ды айтарлықтай толғандырады», – деді Сенат төрағасы. Ол сондай-ақ бұл саладағы реформалардың үздіксіз жүргізілуін тоқтата тұру қа­жет шығар деген пікірін де айтты. 

Елімізді цифрлы нұсқаға к­ө­ші­ру стратегиясының мақ­сат­тарына сәйкес келетін «Күн­делік» электронды бағдар­лама­сын іске асыруға қолдау біл­дірген Қасым-Жомарт То­қаев мұғалімдердің кәсіптік мәртебесін көтеру қажеттігі туралы да айтты. Білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысы ең төменгі (республикалық орташа деңгейдің 66 пайызы) деңгейде тұрғанын атап өткен ол экономикадағы шынайы қалыптасқан жағдайларды жан-жақты ескере отырып, Үкі­метті мұғалімдердің табысын кө­теру туралы мәселені қарас­тыруға шақырды.

«Кәсіби деңгейі жоғары және әлеуметтік тұрғыда белсенді қолдау тапқан мұғалім – орта білім беру жүйесінде табысқа жетудің басты кепілі. Мұғалімдерді мем­лекеттік наградалармен және сыйлықақылармен мейлінше бел­сенді ынталандырып, олар­дың еңбегін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау қажет», деді. 

Қ.Тоқаев Президент Н.Назарбаевтың жастардың білім­ді болуы басты құндылыққа ай­налып, қазақстандықтарға рухани жаңғырудағы басты бағыт­тардың бірі ретінде «білімнің салтанат құруы керектігін» ай­рықша атап өтті.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2016-2019 жыл­дарға арналған білім беру және ғылымды дамытудың мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы депутаттарды хабардар етті.

«Елімізде 2019 оқу жылынан 0 сыныпты енгізу нақтыланған. Ол – 0+11, яғни он екі жылдық білім беру жүйесіне көшуге ар­налған жоспар. Бұл бес жастағы балалардың 100 пайыз бірінші сыныпқа дайындалуына жағдай жасайды деп сеніммен айтуға бо­лады. Ал енді әліппенің жайына келсек, бүгінде 0 сыныпқа ар­налған базалық оқулық жалпы дайын. Қазір сынақтан өтуде», деді министр. 

Сонымен қатар ол был­тыр­ғы жылы басталып кеткен жаңарған білім беру маз­мұнына кезең-кезеңімен көшу жүргізілетіндігін де айтты. Осы жылы қосымша 2, 5, 7 сынып­тар көшсе, келесі екі жылда жаңар­ған мазмұнға бар­лық сынып то­лықтай өтеді. Министр жаңарған мазмұнның мәні тек білу емес, білімді өмірде қол­дана білу екен­дігін алға тартты. 

Жалпы, парламенттік тыңдау аясында Ақмола мен Павлодар облысының әкімі, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы бюросының директоры және ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілі, Дү­ние­жүзілік банктің Орталық Азия аймағы жөніндегі әлеуметтік секторының аға үйлестірушісі сынды халықаралық деңгейдегі сала мамандарымен қатар, өңір­­лік жерлердегі білім беру ошақ­тарының белді қызмет­кер­лері, мектеп пен ата-аналар ара­сындағы байланысты реттейтін үкіметтік емес ұйымдар өкілдері сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Ал талқылау барысында орта білім беру жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеуді жетілдіру мәсе­лелері бойынша мүдделі пікір алмасу өрістеп, оған халық қалау­лылары белсенді қатысты. Жиынға жетекшілік еткен Әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бір­ғаным Әйтімова талқылаудың маңызы мен нәтижелі болғанын айта келе, Сенат сайтында онлайн-режімде алғаш рет ұйым­дастырылған парламенттік тың­­дау қорытындысы бойынша мем­лекеттік органдар мен мүд­делі тараптарға арналған ұсы­ныс­тар қабылданатындығын мәлім­деді.