Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Ілкімді даму іргетасы

542 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде латын әліпбиіне өту шарасына орай қызу пікірталас өрбуде. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде қойған міндеттерге байланысты қазақ әліпбиіне көшудің тиімді жолдары талқыланып, ұсыныстар жинақтау қарқын алды.   

Ілкімді даму іргетасы

Кирилл әліпбиін латын графикасына көшіру арқылы қазақ тілін түбегейлі жаңғырту, оның коммуникативтік, ғылыми, техно­логиялық әлеуетін арттыру, қазақ тілін әлемдік ақпа­рат­тық кеңістікке шығару, әліпби алмастыру арқылы рухани тәуелсіздікке қол жеткізу төңі­регінде қызу пікірталас туып, сан түрлі ұсыныстар айтылуда. 

Мемлекет басшысы айтқан­дай, қазақ тілі біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халық­аралық мәртебесін көтеру, біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Ғалым­дар мен тіл мамандарының пікірінше, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор. Тіл және жаңа әліпби мәселесінде қателікке ұрынбауымыз керек. 

Бұл тұрғыда мемлекеттік комиссия Президент Жарлығымен 2013 жылдың 1 қыркүйегінде құрылған болатын. Көр­ші елдердің тәжірибесіне үңілсек, ке­зінде оларда талай комиссия жұмыс істепті. Айта кетейік, латынға көшу жұ­мыстарына бұған дейін латын графикасына көшкен елдердің тәжірибесін зерделеу үшін осы саладағы елі­міздің білікті мамандары тартылды. 

Осыған орай, Парламентте жаңа әліпбидің алғашқы жобасы таныс­ты­рылғаннан кейін бұл шараға орай жұмыс қарқын алды. Ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы, қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан бас­тау алады. Латын әліпбиіне көшу мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек. Қазіргі уақыт ол бүкіл әлемде ақпарат технологияларының жоғары деңгейде дамуының кезеңі. Алдымызда әлі біраз жыл­дар­ға созылатын, жүйелі түрде табандап жүргізуді талап ететін қыруар жұмыс тұр. Аға буын өкілдері де жаңа әліпбиді игеруге түсіністікпен қарауда. Ал жастарымыздың, кейінгі ұрпағымыздың латын әліпбиінің тек пайдасын көре­тіні күмәнсіз. Елбасының балала­рымыздың болашағы үшін осы мәселені қабылдауға тиіспіз деген пікірі өте орынды. Жазуымызды жаңартып, тілімізді түзеткіміз келсе, сол арқылы санамызды сілкіндіріп, елдігімізді ерекшелегіміз келсе, бұл іске тәуекел етуге тиіспіз. 

Латын қарпіне көшу – бұл елімізді отарсыздандырудың басы. Сондықтан оны кешеуіл­детпей жылдамдатып қолға алуға байланыс­ты шаралар қуан­тады. Мемлекет басшысының ұстанымы да осындай. Жаңа жобада қазақ тілі­нің акустикалық-артикуляциялық ерек­ше­ліктері мен үндестік заңы ескерілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Тіл білімі институтының жаса­ған нұсқасы көңілге қоным­ды көрінеді. Мәселе өте ма­ңызды болғандықтан оны талқылауға кемінде екі-үш ай қажет. Түпкілікті шешім осы талқылаулардың қорытындысы бойынша жасалады. 

Алайда кейбір жекелеген азаматтар мен ғалымдар әлі де асықпау керек, алдымен ағылшын тілін жақсы меңгеріп алайық. Жастарымыз, азаматтарымыз ағылшын тілін үй­реніп алсын, содан кейін латын әліпбиіне көшу оңай деп отыр. Ал көпшілік жұрт бұл пі­кірмен келіспейді. Қайта біраз жыл кешігіп қалдық. Бірқатар туыс­тас елдер әлде­қайда бұрын көшіп алды. Ендігі жерде Мемлекет басшысы айтқандай, латынға көшу үрдісінде батыл қимылдау керек. Уақыт күтпейді. Тіпті қазір өзімізде, айталық, «Қазақпарат» агенттігі бірнеше жылдан бері кириллмен қоса латын әліпбиін пайдаланып келеді. Ал 112 қызметі қазаққа да, басқа ұлт өкілдеріне латын әліпбиінің орысша нұсқасын көптен бері ұсынып жүр емес пе. Соны оқымаған адам жоқ шығар. Әркім еш қиындықсыз түсініп, пайдалануда. 

Латын жазуы уақыттың санғасырлық сынағынан өтіп болды. Бүгінгі таңда әлемдегі халықтың 80 пайызынан астамы осы латын жазуын игеріп, танып отыр. Әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таңба­ланады. Алфавитті ауыстыру тарихи шешім. Бұл игі істің же­місін халқымыз ғасыр­лар бойы көреді. Келешекте ұрпақ­та­ры­мыз алғысын айтатын болады. 

Қазір жер-жерде, әкім­діктерде, ми­нистрлік­терде,түрлі ұжымдарда, халық арасында осы маңызда шара қызу тал­қылану үстінде. Алфавитін асы­­ғыс ауыс­тырған елдер аз емес. Олардың кей­бірінде осы ширек ғасыр ішінде алфавитке бір емес, үш рет өзгеріс ен­гізіп үлгергені көп жағдайды аңғартады. Біз олардың қате­лігін қайталамауымыз керек. Сондықтан бірыңғай стандартты ұсынар алдында тағы да қайта-қайта қарау, әбден иін қандыру міндетті.

«Қазіргі біздің орыс тілінің негізіндегі алфавитте тіліміздегі дыбыстардан әріптеріміз екі есеге көп. Яғни бұл әліп­бидің біздің ерекшеліктерімізге сәй­кес келмейтіні белгілі. Сон­дықтан бұл латын әліпбиіне кө­шу емес, шындығын айт­қанда, латын әліпбиімізге оралу болады» дейді Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл бі­лімі институтының директоры Ерден Қажыбек. 

Қазақстан Президенті жария еткен «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек деп атап көрсеткен болатын. Яғни сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшеміз. Мем­лекет басшысының айтуынша, 2025 жылға қарай іс қағаздары, мерзімді бас­пасөз, оқулықтар, бәрі де латын әліп­биімен басылып шыға бастауы тиіс. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Бұл жерде латыншаға көшудің өзіндік қисыны бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланыс­ты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан жас буын үшін ешқандай қиындық, ке­дер­гілер болмақ емес. 
Латын әліпбиіне көшуді жүздеген мың жастар қызу қолдап, үндеу жариялағаны мәлім. Бұл Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласында 2017 жыл­дың соңына дейін жаңа графикадағы әліпбидің бірың­ғай стандартын қабыл­дауды, ал 2018 жылы оқу әдебиеттерінде дайын­дықты бас­тау туралы бас­тамасына үлкен қолдау. Латын әліпбиіне көшу туралы Мем­лекет басшысы ше­шімді пікірін білдірді. БАҚ өкіл­дерімен 14 қыр­­күйекте болған кездесуде Елба­сы 2022 жылы қазақ тіліне ар­­нал­ған латын әліпбиі бірінші сы­­­ныптарда оқытыла бас­тайды деді.

Еуразиялық интеграция инс­титуты директорының орынбасары Сергей Селиверстовтың пікірінше, мемлекеттік тілдің әліп­биін жаңарту – егемен елдің жеке ісі. Бұл жаңару өзге тілдердің мәртебесін төмен­дет­пейді, олар сол күйінде қалады. Әліпби ауыс­тырудан қорықпау керек. Кезінде славян алфавиті де, КСРО алфавиті де бірнеше рет ауыс­қан. Әліпби жаңарту – бұл дамуға, жа­ңа­шылдыққа ұмтылу. Латын әліпбиі күр­делі емес, керісінше әлем елдерінің басым көпшілігі осы алфавитті пайдаланып, ең көп тараған, заман талабына сай ақпараттық, технологиялық кеңістікте ойып тұрып орын алған ауқымды алфавит. Қайта бұл коммуникация құралы ретінде бір-бірін жақындастыратын тетік.

Ағылшын тілі осы заманда өндіріс саласынан бұрын материалдық емес, виртуалды салаларға бетбұрыс жолында. Қазір ақпарат сату, технология, озық тәсіл, коммуникация, жаңашылдық алдыңғы қатарға шыққан. Виртуалды сала бүгінде шындыққа айналды. Бұл объективті қажеттілік, ғы­лыми, саяси, пәлсапа, бос қиял емес, шынайы болмыс. Бұл шешімді көпшілік қолдауда. Егер латын әліпбиіне өтпесек, ендігі жерде өзімізді кері тартқандай, алға қарай қадам баспайтындай қораш сезінеміз. Сондықтан ізденіспен ілгері дамуды ойлаған барша жұрт бұл ұсынысты қолдайды. Осыны зерделеген бүкіл әлем – орыс та, қытай да, өзге де дамыған мемлекеттер, тіпті Ұлыбританияның ез­гісінде болған Үндістан да ағылшын тілі арқылы алға дамуды ойлаған. Ал Малайзия, Сингапур елдері аузын айға білеген елдер қа­тарында. Осы­ның бәрі латын әліпбиін меңгерген ағылшын тіл­ді мемлекеттер. Демек, ағыл­шын тілін меңгеру, латын әліпбиіне өту – жаңа деңгейге көтерілу, қарыштап алға ұмты­лу, өркен­деу. Білімді, келешекті ойлайтын, көрегенді орыс және басқа ұлттың озық өкілдері мұны қуаттап отыр. 

Мемлекет басшысы елі­міз­дің латын әліпбиіне кө­шуі­не еш ауыртпалықсыз, өзге этностарға қиындық тудыр­май ың­ғайлы жол ашты, деді Парламент Мә­­жілісі төрағасының орынбасары, Қазақ­­­стан халқы А­с­самблеясының мүшесі Вла­димир Божко. Қазіргі жастарымыз міндетті түрде үш тілді еркін меңгеруге бет алды. Сон­дық­тан кирилл алфавитінен алыстап, Ресейден, орыс ғы­лымы мен экономикасынан алшақтаймыз деу негізсіз, жаң­сақ пікір. Президент біл­гірлікпен тапқырлық тауып, қоғамды үштілділікке әкелді. Жастардың арасында ағылшын тілін үйреніп білуге деген құлшыныс үлкен, осылайша олар өздерінің интеллектуалдық қабілетін арттыра түседі. Ал латын әліпбиі тілдерді еркін меңгеруге тиім­ді жол ашады. Латын өзге этностардың ағылшын тілі мен қазақ тілін үйренуіне өте ыңғалы. Ал кирилл алфавитінен айырыламыз деп байбалам салу еш қисынсыз. Егер үш тілді еркін меңгерсек, сол пәндерден мектепте емтихан тапсырсақ орыс тілінен қалай алшақтаймыз? Қайта көп тілді біле отырып, өзіміздің дүниетанымымызды кеңейте түсеміз. 

Ғалымдар өзге ұлт өкілдері де латын әліпбиіне көшуді қолдап отыр дейді. Олар да кейін біртіндеп латын әлпбиіне ауысады. Ендігі үлкен мәселе – сауатты жазу, өз тілімізді дұрыстау. Латын әлібиі – жұрт­тың болашақта ағылшын тілін білумен қатар, алдымен қазаққа қызмет етуі тиіс.