Жиын барысында айтылғандай, Қарағанды облысының мемлекеттік органдарының қызметтік көліктеріне арнайы эмблемалар орнату бастамасы республикада құпталды. Бұл тәжірибені еліміз бойынша қолдану ұсынысы жасалды.
– Арнайы мониторингтік топтың кейінгі отырысында мемлекеттік органдардың қызметтік көліктерінде ерекшелік белгісін қою мәселесі қарастырылды. Қала және аудан әкімдеріне қызметтік көліктерге айрықша белгі орнатуды қамтамасыз ету ұсыныстары жасалды, – деді Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Ермек Әбілдин.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда көптеген әкімдіктер мен басқармалар ерекшелік белгілерін орнатқан. Алайда ол жаңашылдықты елемегендер де бар. Олардың қатарында – білім басқармасы, Абай және Нұра аудандарының, Саран қаласының әкімдіктері бар.
– Кей мемлекеттік органдар белгілерді орнатқандарын растайтын материалдар жіберген жоқ. Ол дегеніміз, аталған шара тек қағаз жүзінде орындалуы мүмкін дегенді білдіреді. Айта кетейік, 2017 жылдың 7 қыркүйегінде өткен республикалық Арнайы мониторингтік топтың хаттамасында біздің бастамамыз республиканың барлық орталық және жергілікті атқару органдарына ұсынылды, – дейді Е.Әбілдин.
Топ мүшелері жергілікті полиция қызметімен бірігіп ерекшелік белгілерінің орнатылғанын тексеру бойынша рейд өткізуді ұсынды.
Отырыста сонымен қатар 2015-2020 жылдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бойынша үш жылдықта жасалатын шаралар жоспары талқыланды.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы