Әдебиет • 25 Қыркүйек, 2017

Ар мен үміт – Айғыркісі, Ақкүшік

880 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Ар мен үміт – Айғыркісі, Ақкүшік

Несіпбек Дәутайұлының «Мінез» әң­гімесінде ағалы-інілі кейіпкерлер бір-бі­рі­мен сөйлесіп отырғанда былай дей­тін:
« – Сенің бірде-бір кітабыңды оқымап­пын, – деді ағасы, – не жазасың осы?
– Өзімді де.
– Өзің не... үлгімісің елге?
– Болмаған соң да өзімді-өзім талайтыным».

Жазушы біткен не заманнан бері өзін жазып, жанын бола алмай қалғаннан кейін жеп келе жатыр десе, оп-оңай сене салар едік. Адам табиғатындағы құпия болмаса да, көпке белгісіз қырларды һәм бәріне белгілі болса да құпиядай сыбырлап қана айтатын, я мүлде айтпайтын мінездер мен қылықтарды ең алдымен өзінің бойынан байқап қалып, таланбай ма екен. Қолына қалам алған күннен бастап, өзіне ауыр міндет жүктеп алатын қаламгер қауымның мерейін қалай асқақтатып, атын аңыз қылсақ та, ең алдымен қарапайым адам екенін естен шығарып аламыз. Ақын мен жазушы туралы сөз қозғағанда «арқасы бар» деп ерекше адам ретінде қарай бастағаннан-ақ қателеседі екенбіз. Адам, пенде, ақын деп бір адамға үш түрлі нүктеден көз тігіп отырғанымызбен, оның мазмұны еш өзгермейді. Қайта соның бәрін бір ғана сызық бойымен қараудан қиын нәрсе жоқтай. Біз қаламгерлердің шығармашылығы мен өмірін екі бөлек қарастырып үйренгенбіз. Жеке-жеке шығармаларын талдаған кезде, образдар мен идеяларды, проблематика мен психологияны, поэтиканы басты назарға алып, жазушы өміріндегі соны жазуға түрткі болған нәрсені ескермейміз. Ал оның әр сөзінде, кейіпкерлерінің қарым-қаты­насында өмірде болған, соны жазуға итермелеген жайлардың болуы әб­ден мүмкін ғой. Мәселен, Кафканың «Құбылуын» Нидер сияқты биограф-фрейдистер әкесі екеуінің арасындағы қиын қарым-қатынастан туған шығарма деп есептеген. Кафка өзін әкесінің алдында кінәлі сезінген. Сондықтан да балалар жәндік болып суреттелді деген. Ал бұл пікірге Набоков үзілді-кесілді қарсы. Ол қоңыз туралы өзінің түсінігін жазады. Сонда әр сыншы, ғалым болсын өзінің түсінігінде, пайымында белгілі бір мотив, сюжет, идея қалай көрініс берсе, соны нақты дәлелдеп жазуға әбд­ен хақылы. Әркім өзінше көреді. Ал бізді ылғи қасаңдыққа әкелетін нәр­­се, қаламгердің жеке басындағы оқи­ғаларға немқұрайлы қарау. Әрине шығарма сырын ашудың жолы жалғыз бұл емес екені түсінікті. Дегенмен бір бояуын қанық қылатын дүние осы деп ойлаймыз.

Мысалы, Несіпбек Дәутайұлының шы­ғармашылығы туралы жазғанда, оның өмір жолын да ескеріп отырсақ айт­пақ сөзін тереңірек түсінер едік. Се­бебі әрбір қаламгер шығар­ма­шы­лы­ғының өн бойында жеке өмірінің фраг­­менттері жүреді. Ал оны көркем шындықпен астастырғанда шығарма ішін­де көркемдікке қызмет етіп тұр ма, жоқ па соны аңғарамыз. Мысалы, жо­ғарыдағы Хәкімжан мен ағасының ди­алогтарын алайық. Бұл әңгіменің көркемдік колориті туралы айтпас бұ­рын, ондағы ортақ әңгімеге назар са­лай­ықшы. Алдымен: «Сенің бірде-бір кітабыңды оқымаппын, – деді аға­сы, – не жазасың осы?» деген сұрақ. Адамдардың кітап туралы түсінігі жұтаң тартқан заманда бұл сұраққа таңғалмаймыз. Бірде-бір кітабыңды деу арқылы Хәкімжанның бірнеше кітап жазып тастағанын сездіреді. Ал таңғалатынымыз: соның біреуін де оқымаған адам – туған ағасы! Оның өзі билікке араласқан, бір кездері көзі ашық саналған азаматтардың бірі. Біздің қо­ғамның дерті осы, жазушы өзінің кіта­бын туғанына да өткізе алмайды. Енді келіп оқырман мен жазушы туралы дөңгелек үстел ұйымдастырудың жөні қал­­ды ма? Сөйте тұра екеуі де мінез көр­­сетеді. Шындықты айтып, бас­шы­лық­қа жақпадық дейді. Сол үшін де еке­уі де жұмыссыз. Бұл мінез – бүгінгі дерт. Кітабын ешкім, тіпті туған ағасы оқы­ма­ған жазушы-кейіпкердің дерті. Ол ал­дымен кітабын оқытып алсын. Ал өмір­­де өз қолы өз аузына толық жетпеген майда шенеуніктің мінезін мінез деуден гөрі қиқарлық дерсіз. Бұл дертті жазушы өмірде қалай көрді, ол бізге белгісіз. Бірақ осыны ешбір астарламай тура айтады. Қисық-қыңыр мінездің неге әкеп соғатынын жазушы көрсетеді. Жалғыздыққа! Абайдың «мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім. Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені», деуінің себебі осы. Мұндағы мінез – адам табиғатына қисық біткен әдет, қылықтар. Ішкі мәдениет, шындықты айту, әрине жақ­сы. Бірақ мен өзі осындаймын деп, сол қы­ңырлығын жөні жоқ әлдеқандай қыл­са, ол мінез емес, мінезсіздік.

Біздің жазушылар жеке өмірі туралы көп айта бермейді. Несіпбек Дәу­тай­ұлының да басқа қазақ жазушылары се­кілді қайда туғанын, қайда оқығанын, не жұмыс істегенін, әдебиет туралы ой­ларын, айналасындағы, көңіліндегі сый­лас адамдарын сұхбаттарынан оқып білдік. Ар жағы біз үшін күңгірт. Сон­дықтан да шығармаларына үңі­ле­міз. Бәлкім оқыр-­ ман үшін шы­ғар­ма ғана керек шығар. Бірақ әде­би­етші, әде­биеттанушылар үшін өмір де ма­ңызды. Әдебиеттанудың, әде­биет та­рихының кезеңдері туралы сөз бол­ғанда, ақын-жазушылардың шы­ғар­­малары сол кезеңдегі қоғамға, әлеу­мет­тік пси­хо­логияға, билікке көзқарас ретінде де қа­растырылады. Осы жағынан алғанда кей дүниелерді тұспалдап, гипотезамен шешуге мәжбүр.

Несіпбек Дәутайұлының шығар­ма­ларының ортақ тіні үзілмейді. Тіпті ертеректе жазған «Жол», «Ақ көгершін» туындыларындағы өзек дами келе «Аты жоқ әңгіме» жинағына енген шы­ғар­ма­ларында күрделі мәселеге айналады. Жазушы адам ұзақ уақыт бойы бір мәселе төңірегінде ойланғанда, оның жан-жағын қопарып, айналасын тү­гел қаузайды. Бұл саналы, яки бейсана­лы жағдайда болатын құбылыс па, оны тап басу қиын. Бұл бір жағынан алғанда алдыңғы шығарманың идеясын қайталау сияқты көрінгенімен, оның айналасындағы ситуацияларды көр­сетуге тырысқанын көресің. Несіпбек Дәу­тайұлының шығармаларындағы ортақ өзек – баласын іздеп қалған, я бала сүйе алмаған әке, некесінен ба­ра­қат тап­паған, нәпсіден рақат кешпеген әйел, ел ерекше қасиетті санаған аңыз-әфсана­лар­дағы кепиетті тәмсіл, Ақкүшік пен Айғыркісінің обра­зында көрінетін адам үшін құрбан болған асылтекті жа­нуарлар, Баянды мен Шерлінің бейнесіндегі жақсылық пен жамандық.

Абыл мен Қабылдың оқиғасынан бері, тіпті одан әрі Ібілістің тәкаппарлық қылған кезінен бастап, жақсылық пен жа­ман­дық қиян-кескі соғыс жүргізіп ке­леді. Халық ертегілеріндегі жақсылық же­ңіп, мұратына жетіп жататын шешім бара-бара өзгеріп, құрбандық көбейе түсті. Қазіргі уақытта тіпті әлемдегі болып жатқан ұрыстарды еске алудың өзі жанға ауыр. Тура мағынасында қан өзен болып ағып, өлік тау болып үйіліп жатса, пенде баласы оны сабақ құрлы көрмейді. Ол бізден алыста, қатысы жоқ дүние боп көрінгенімен, адамзат баласына ортақ болмыстан туып жатқан зұлымдықтар емес пе?! «Жол» хикаятындағы Баянды мен Шерлі сюжеті осы жақсылық пен жамандықтың бейнесіндей кө­рінген. Жол жөндеушілердің тағ­ды­рын айтып, ел ішіндегі ескі аңыз­ды қатар өріп отырған жазушы бұл егіз ұғым адам табиғатындағы қаси­ет­тер деп тұжырымдаған. Жолды сим­­воликалы түрде пайдалану ар­қы­лы өмірді тұспалдайды. Мейлі жол жөндеуші болсаң да, сапар үс­тін­де аялдаған мүсәпір болсаң да өмір жолында қыбырлап тіршілік ет­кен жан­сың. Ондағы жақсылық пен жа­ман­дық бірде Имансерік пен Бай­бол­сын, Төлеп пен Төрекелді болып та құбылады. Тұрсынжан Шапай Жү­сіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» шығармасының ізімен жазған дү­ние­сін­де «жамандық тоқ болса, жақ­сылық аман» деген мазмұнда ой қорытатын. «Жақ­сылық пен жамандық» деген халық ертегісінде де арыстан тоқ болуы үшін үңгірде тамақ үнемі дайын тұрмайтын ба еді?! Шерлі де, Имансерік те сол жа­қ­сылықтың амандығы үшін құрбан бол­ған жандар. Ақкүшік те, Айғыркісі де, Жалғастың амандығы үшін жиырма биенің құрсағынан бір түнде түскен жиырма құлын да жамандықтың жолына кеткен құрбандар. Кемелханның жастайынан серігі болған ақ көгершіннің бейопа тағдырын қайда қоясыз? «Әнім сен едің» «Жол», «Ақ көгершін» си­яқты хикаяттар мен әңгімелерінде сөз бо­латын қазақ даласындағы әртүрлі тәм­сілдердің ғибраты, жан-жануардың ки­есі («Айғыркісі», «Қанқызыл жалқын») уақыт өткен сайын жаңа заман ұр­пақтарының санасына сіңбейді. Ал ұрпақ тәрбиесіне жауапты ең алдымен әйел-ана емес пе еді? Несіпбек Дәутайұлының әйелдері (кейіпкерлері) тәр­бие бере алмайтын жандар. Бірі тәр­бие бергісі келсе де баласы жоқ (Бекзат), енді бірі тіпті түтін түтетіп жүрген жоқ (көгілдір көйлекті келіншек, оралман әйел, Роза). Жалғастың шешесі туралы мүлде сөз жоқ. Әйтеуір оның да ақша соңына түскен пысық әйел екені белгілі. Осы құбылыс ұрпақ үшін алаңдауға әбден не­гіз бола алатындай. Жазушы шығар­ма­шы­лығында ұрпақ мәселесі осы жерден кеп шығатын секілді. Адам баласының нәпсісі қозғаны, арсыздыққа барғаны ұрпақты тоздырады. «Аты жоқ әңгімедегі» енді көрмей қалуды ар­ма­ндаған баланың қылығы соған мең­зе­мей ме? «Өзеннің арғы жағы мен бер­гі жағы» әңгімесіндегі Мәндібай мен Оразбектің трагедиясының бір ұшы осы бала мәселесінде жатыр. Же­ке бастарының кемшіліктерінен сол күйге тап болды ма? Бірі баласы жоқ­тықтан, екіншісі баласының бай­лы­ғына мастанғандықтан. Екеуінікі де тра­гедиялы күй. Осындай ел ішіндегі кем­шіліктердің неге апарып жығатынын көр­сетті жазушы. Мәндібай мен Оразбек ке­біне апарады.

И.Волгин секілді орыс сыншылары князь Мышкинді «орыс қоғамының күрделі мәселесі» деді. Біз Мышкин мәселе ғана емес, сол кездегі орыс қоғамының, жазушының үміті дер едік. Себебі ауруынан сауығып келген Мышкин Ресейге келіп, қайта жынданып кетеді. Тіпті, ауруы бұрынғысынан асқынып, емдеген дәрігерінің өзін танымай қалады. Швейцарияға қайта жіберу, кейіпкерін өлтірмеу арқылы Достоевский оның оралуынан үміт етіп тұрғандай. Себебі орыс қоғамы түзеледі деп ойлайды. Ал Несіпбек Дәутайұлының кейіпкерлері арманнан туған. «Жазушы шығармасында өзінің арманын жазады» депті Парандовскийдің бір жазушы кейіпкері. Лотман да соны растайды. Осы тұжырымды Несіпбек Дәутайұлының шығармаларына байланыстырып айтқанда, жазушының арманы – адал, жақсы ұрпақ, абзал жар, берекелі неке, ұлтын сүйген ер, тарихын қастерлеген ұл. Осы жақсылықтың бәрі ұлтымның бойында, тағдырында болса деп арман ететіндей сезіледі. Әркім-ақ ойлар ізгілікті жазушыға тән шеберлікпен қаламы арқылы жеткізе алғанын түсінуге талпынғанда осы тоқтамға келесің.

Несіпбек Дәутайұлының ойлау образында бұрын өткен шақ, жедел өткен шақ, ауыспалы өткен шақ – тек қана ұлт­тың тарихы емес, өткеннен сабақ алдың ба деп сұраушы. «Ақкүшіктің» соңы неге өзеннің екі жағасында қалған оқиғамен аяқталады?

Хикаяттағы трагедияның жөні мүлде бөлек. Паша мен Матрена, Роза мен Қалдыбай, Қалдыбай мен Бекзат қарым-қатынасын соншалықты терең түсініп және оны оқырман Ақкүшіктің фонында қызығып, құмарланып оқиды. Орыс пен қазақ халқының тұрмыстық психологиясы мүлде бөлек екенін көресің. Бекзат пен Розаның айырмашылығы неде? Бекзаттың Қалдыбай сияқты сүйетін күйеуі бар, бірақ баласы жоқ. Рoзаның баласы бар да, күйеуі жоқ. Ал сол жағдай ең алдымен Қалдыбайдың жанына батады. Өмірдің мәні ұрпақта деп ойлайды. Бірақ бедеулігіне көнген. Мойын­сұн­ған. Сондықтан да өзі үйден кет­кен. Қал­дыбайдың күйін Өрікайдар тү­сіне ме? Жалғасты әкесі түсінбеген сия­қты («Ай­ғыркісі» әңгімесінде) Өрікайдар да оның трагедиясына бес минут та бас қа­ты­р­ғысы келмейді. Ол да – нәпсінің құлы. Бірақ жазушының нәп­сіге (байлық та нәпсіні оятады) бай­ланған кейіпкерлері жақ­сылыққа жет­кен емес. Қалдыбай мен Бекзаттың өзен­нің екі жағында қалуы ар­қылы жазушы шешімді бізге қал­ды­рады. Һәм қалай ойлайсыңдар деп сұ­рай­ды? Екеуінің қайта қосылып, тіпті Қал­ды­бай­дың бедеуліктен емделіп, бала­лы болғандарына сенер едім. Жазушы осындай сұрақтар қою арқылы өзі де мәңгілік сұрақтарға жауап береді. Тіпті, кей сұрақтары риторикалы. Жауапты оқырмандарымен бірге табады.

Жазушы айтқан әлеуметтік, мо­ра­льдық мәселелер бүгінгі қазақ қо­ға­мын­дағы ең өзекті тақырыптардың бі­­рі. Не­сіп­бек Дәутайұлының шығар­ма­­шылық әле­міне аяқ басар сәтте, жа­зу­шының жа­нын түсінуді ойлайсың. Өзен­нің екі жағалауында көпірсіз күйде қал­масақ екен. Жалпы, оқырман мен жазушыны табыстыру үшін бір Ақкүшік керек шығар.

P.S. Жұрттан оқшауланып тұ­ра­тын алабөтен болмысы туралы аңызы бар, ақиқаты бар жел сөз көп айтылады. Қалпағы мен темекісінің өзі аңыз болып кеткен жазушының шығармашылығы жайында аз әңгіме айтқанда көп мәселеге маңдайымызды соқтық. Жазушымен ендігі болар сұхбатым әдебиет хақында емес, жеке өмірі туралы болатынына тағы бір рет көзім жете түсті...

Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»