Солтүстік-Батыс университеті өткізген шараға 130-дан астам қаламгер қатысты. Қазақстандық делегацияны белгілі жазушы, Қазақстан ұлттық кітап палатасының директоры Әлібек Асқар бастап барды. Қытай тарапынан Жазушылар одағының вице-президенті, Шаньси жазушылар қоғамының төрағасы Хан Кэ, Жазушылар одағына қарасты «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы Му Дао, Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэн және Ван Сяоюй, Ван Фэньлин, Ду Вэньцзюань, Хун Кэ, Ма Юйчэнь, Ян Чанцзюнь, Сянь Лэмоу сияқты көрнекті жазушылары, Литен Шау сияқты тарлан тарихшылары және Солтүстік-Батыс университетінің басшылығы мен профессорлары, студенттері қатысты. Қытайдағы көне оқу орындарының бірі саналатын Солтүстік-Батыс университетінің ректоры Го Лихун мен «Жібек жолы» институтының жетекшісі Лу Шаньбин қазақстандық делегацияны жылы қабылдады.
Шэньси провинциясы білім басқармасы бастығының орынбасары Ван Цзыгуй Қытайдың «Жібек жолы» экономикалық белдеуі» бас-
тамасы мен Қазақстандағы «Нұрлы жол» бағдарламасының екі ел арасындағы мәдени байланыстарды арттырудағы рөлін ерекше атап өтті. «Бұл Қытай мен Қазақстан халқының арман-мүдделерін мейлінше жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді деп сенемін», деді ол.
Симпозиум барысында қазіргі әдебиеттің хал-ахуалы мен өзекті мәселелері сөз болды. Төрт күн бойы жазушылар өз туындыларымен бөлісіп, заманауи әдебиеттің рөлі, оның халықтар арасындағы байланысқа әсері жайында сөз қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ қазақ әдебиеті мен қытай әдебиетінің арасындағы байланыс пен ықпалдастық туралы әңгімелесіп, алдағы жоспарымен бөлісті. Симпозиум нәтижесінде екі ел жазушыларының арасында жаңа мәдени байланыс орнады, алдағы әріптестікке жол ашылды. Айталық, еліміздің Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен Солтүстік-Батыс Жібек жолы университеті өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумда екі жақтың жазушылары үшін де маңызды әрі пайдалы болған симпозиумды тұрақты түрде өткізіп отыру туралы шешім қабылданды. Аталған шараны алдағы жылда да жалғастыру туралы ұсыныстар қызу қолдау тауып, екі ел жазушыларының әдеби шығармалары жарық көріп отыратын веб-сайт ашылатын болды. Сондай-ақ аударма мәселесін қолға алу да маңызды болмақ. Өйткені осы уақытқа дейін қазақ жазушыларының арасынан қытай тіліне аударылғаны аз. Ертеректе Абайдың қара сөздері, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, С.Мұқановтың «Ботагөз» романы, кейінгі кезде М.Мақатаевтың өлеңдері, Р.Отарбаевтың әңгімелер мен повестер жинағы, Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасы, Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары» атты сұхбаты аударылған. Ал қытай жазушыларынан қазақ тіліне Конфуций, Лу Синь, Ба Цзинь сынды үлкен жазушылардың туындылары тәржімаланды. Алайда бұл кітаптардың барлығы орыс тілі арқылы аударылғаны белгілі. Түпнұсқадан аударылғаны – Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның шығармалары ғана. Қазіргі кезде қытай жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне түпнұсқадан тікелей аударуға мүмкіндік туды. Сол сияқты қазақ жазушыларының шығармалары да миллиардтан асқан оқырманы бар қытай тіліне аударылып жатса, әдебиеттегі жаңа көкжиектер ашылар еді.
Екі елдің жазушылары осы сияқты мәселелер төңірегінде кеңінен әңгімелесті. Сапалы аудармашылар дайындау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазір заманауи Қытай жазушыларынан бірді-екілі аударма жасап жүргендер бар. Олардың кейбірі оқырман тарапынан жылы пікірге ие болып та жатыр. Алайда бұл аудармалар сыншылардың тезінен өтіп, әдеби ортада толық мойындалған аудармалар емес. Қуанарлығы, елімізде қытай тілін жетік меңгерген, Қытайдың жоғары оқу орындарында оқыған қаламгерлер баршылық. Аударма мәселесінде Қытайдағы қазақ диаспорасында тұрып жатқан қаламгерлердің, атамекенге оралған қазақ жазушыларының көмегіне жүгіну де орынды болмақ. Аударылған шығармалардың таралымы да басты мәселелер қатарында қарастырылды. «Жібек жолы әдебиеті» тақырыбында жаңа, кесек туындыларды шығару мақсатында екі елдің де жазушыларын «Нұрлы жол» экономикалық саясатын «Бір белдеу – бір жол» ұранымен ұштастырып жаза білген жазушыларды ынталандыру туралы шешім қабылданды. Қытай-қазақ жазушылары шығармаларының жыл сайынғы жинағын шығару қолға алынбақ.
Ежелден үздіксіз қарым-қатынаста болған Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстар ежелгі «Жібек жолын» қайта жаңғыртып жатқан екі елдің арасындағы алтын көпір болары анық. Демек «Жібек жолында» әдеби шығармалар керуені көш түзейді деген сөз.
Бану ДӘУЛЕТБАЕВА
АЛМАТЫ