Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Ақтөбеліктер «Туған жерге» жиналады

562 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қыркүйектің 27-29-ы күндері Ақтөбе облысында «Туған жер» атты тұңғыш республикалық форум өткізілмек.  

Ақтөбеліктер «Туған жерге» жиналады

Оған әлемнің алыс-жақын­дағы жиырма елінен бір кезде Ақтөбе аймағында туып-өскен, алайда өзге өңірлерге кө­шіп кеткен, тіпті тағдырдың жазуымен бүгінгі күндері жер шарының өзге құрлықтарында тұрып жатқан 300-ге жуық жерлестеріміз келеді деп кү­тіледі. Баспасөзде Мемлекет басшысының рухани жаңғыру жөніндегі кең тынысты, кемел ой-пікірлері жарияланғаннан кейін Ақтөбе облысында дереу «Туған жер» бағдарламасын іске асыру тетіктері, оны жүзеге асырудың бүгінгі тактикасы мен ертеңгі стратегиясы белгіленген болатын. Бүгінгі күні Ақтөбеде әзірленген бұл байыпты бағ­дар­­лама өзге өңірлер өнеге, та­ғылым аларлықтай деңгейге жетіп отыр. 

Сондықтан да «Туған жер» тұңғыш республикалық форумы кезінде республикамыздың барлық облыстарынан келген делегациялар рухани жаңғыру шеңберіндегі осы базалық бағдарламаның қызметімен та­ныспақ. Форумның ашылу салтанаты республика облыстары арасында баламасы жоқ жаңадан бой көтерген шығармашылық ака­демия­да өтеді деп белгіленген. Бұдан кейінгі кезекте форум қонақ­тары өңірде бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі және мем­лекет-жекеменшік әріптестігі аясында тұрғызылған көптеген нысандарды аралап көрмек. 

Форум аясында әлемдік стандарттарға сай салынған жек­пе-жек сарайында дзюдодан республика Президентінің ку­богі үшін халықаралық жарыс ұйымдастырылмақ. Сонымен бірге «Туған жер» бағдарламасына сәйкес «Ақ­төбе кеше, бүгін және ертең» атты конференция өткізу жоспарланған. Форумның соңғы күні оған қатысушылардың бір бөлігі облыс аудандарына жол тартса, екінші бір легі облыс орталығындағы білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінде семинарлар мен шеберлік сағаттарын өткізбек. Мемлекет басшысы Нрсұлтан Назарбаев атап көр­сеткендей, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айырықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің бас­ты белгісі. Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін «Туған жер» тұңғыш республикалық форумында туған жердің мерейін асқақтатар істер молынан көрініс табады деген сенім мол. 

АҚТӨБЕ