Кеңейтілген дөңгелек үстел барысында Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетов, сондай-ақ, Ғабит Кенжебаев, Оразбаева Фаузия, Жанат Дәулетбекова сынды ҚазҰПУ профессорлары, аталмыш университеттің ардагер ұстазы, академик Әлия Бейсенова, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай латын қарпіне қатысты ой өрбітіп, маңызды ұсыныстарын ортаға салды.
«ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жыл басында жарияланған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын айтып өткен еді. Соның негізінде қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды. Көздеген мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болуы үшін бұқаралық сананы өзгертудің маңызы артады», – деген ҚазҰПУ ректоры Такир Оспанұлы қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы саналатын Абай атындағы университет ғалымдары мен оқытушылары, білімгерлер қауымы Елбасы бастамасына зор қолдау білдіретінін жеткізді.
Латыннегізді қазақ жазуы – қазақтың дербес ұлт екендігін сездіретін, ұлттық бірегейлікті бекітетін және ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік беретін құрал екендігін терең түсіне отырып, оны жүзеге асыруға ел болып бар күш-жігер жұмсау керектігіне тоқталған дөңгелек үстел қатысушылары Елбасы ұсынған рухани жаңғырудың бірегей бағдарламасында ұлттық сананың рөліне баса назар аударылғанын, атқарылуға тиіс міндеттердің айқын көрсетілгенін, солардың ішінде, рухани бірегейлікті, сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен озық дәстүрлерді сақтап қалудың, жаңғырта білудің маңыздылығын атап өтісті.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Кенжебаев: «Мемлекет басшысы рухани жаңғыртудағы ұлттық сана-сезімді дамытудың екі бағытын көрсетті. Оның бірі – ұлттық код. Ұлттық кодтың өзегі – ұлттық тіл, ұлттық жазу. Ұлттық кодтың бұзылуы ел іргесінің ыдырауына да әсер етері сөзсіз. Сондықтан латын негізді әліпбиге көшу барысында ұлттық тілдің өміршеңдігі мен оның жүйесінің толық сақталуы, жазу арқылы қазақ тілінің рухани жаңғыруы көзделеді» десе, ал педагогика ғылымдарының докторы, ҚазҰПУ профессоры Фаузия Шамсиқызы жақында ғана ҚР Парламент Мәжілісінде ұсынылған латын алфавитінің интернеттік нұсқасының ұтымды және кемшін тұстарына талдау жасай келе, қазақ тілінің бір дыбыс бір әріпті бейнелейтін ерекшелігін сақтау маңыздылығын, диграфпен жазылған сөздердің кей жағдайда дұрыс қабылданбай немесе басқа мағына беріп кетуін ескере отырып, тіл талаптарының жазылым-оқылым-айтылым-тыңдалым сынды үделерінен толық шыға алатын, баланың да, қарттың да үйренуіне жеңіл Ұлттық әліпби үлгісін жасаудың ережелері мен қағидаларын бекітетін кәсіби мамандар біріге жұмыс істесе ғана ең тиімді нәтижеге қол жеткізуге болатынына кеңінен тоқталды.
Мира Байбек,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ